Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан әдебиет, өнер, мәдениет салаларына, ақын-жазушыларға ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде еліміздің рухани өмірінде оң өзгерістер болуда. Әрине, мұның барлығы еліміздегі тыныштық пен ынтымақтың жарқын көрінісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің дамуына елдің татулығы мен бірлігі кепіл болып отырғанын үнемі айтудан жалыққан емес. Шындығында да ынтымағымыз жарасқанда ғана біз биік белестерді бағындыра аламыз. Ғылымға ұмтылмаған, білімге ұмтылмаған, бүгінгі тоқшылығына мәз болып, ертеңгісін ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр. Сол үшін де мемлекетіміз іргемізді мәдениетпен, біліммен, ғылыммен бекітуді ұдайы басты назарда ұстап келеді.
Бүгінде Қазақстанда рухани құндылықтардың бағасын көтеріп, оны елге насихаттауда қыруар шаруалар атқарылуда. Мұның барлығы мемлекет саясатының оң бағытта жүргізіліп отырғанының жемісі. Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізілген орасан зор табыстарымыз біздің келешекке деген сенімімізді нығайта түсуде.
Өзіміз күнделікті естіп, біліп жүргендей әлемнің кейбір тұстарында түрлі жағдайлар орын алуда. Сол аймақтардағы кейбір елдердің ғасырлар бойы жинақтаған абыройы, беделі жоғалып, халқы мұңайып, кіріптар күй кешуде. Бұл жайттардың барлығы бізге сабақ болуы тиіс.
Қазіргі таңда, Құдайға шүкір, Қазақстанымыз өркендеп, іргесін нығайтып, қуатты елге айналды. Мұның барлығы елімізде жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың арқасы екені шүбәсіз. Сондықтан, Тәуелсіздігіміз құтты болып, ортақ Отанымыздың ашық аспаны аясындағы берекелі тіршілігіміз жалғаса берсін.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты