• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Дәуір тағылымдары

175 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында белгілі саясаткер, сенатор, саяси ғылымдар докторы Ақан Бижановтың «Уроки эпохи» атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбекке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ширек ғасыр ішінде мемлекеттілікті қалыптастырудағы тарихи рөлі, мемлекеттік және әлеуметтік-саяси құрылыс мәселелері арқау болған. Кітаптың бірінші тарауында топтастырылған материалдарда бүкіл әлемге «қазақстандық даму жолы» деген атпен танылған мемлекеттілік орнату үдерістері жайында егжей-тегжейлі баян­далады. Автор өз еңбегінде биік белестерге бастаған даму­дың осы үлгісі Елбасының стра­те­гиялық көрегендігінің және саяси көшбасшылығының жемісі екендігін атап өтеді. Қазақстандағы парламентаризм институтына арналған екінші тарау теориялық және танымдық тұрғыдан өте тартымды. Ақан Құсайынұлы қазіргі отандық парламентаризмнің тарихи тамырларын ашып көр­сетеді, оның бүгінгі жай-күйіне, даму перспективаларына, парламентаризмнің қоғам өміріндегі рөліне талдау жасайды, парламенттік дипломатияның негізгі бағыттары туралы баяндайды. Үшінші тарауда автордың іс үстіндегі саясаткер әрі заң шы­ғаруға тікелей қатысы бар депутат ретінде өзі етене араласып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың өзекті мәселелеріне байланысты ұстанымдары көрініс тапқан. Бұл ретте реформалардың әлеуметтік-саяси қырлары, мемлекеттің, бизнестің және аза­маттық қоғамның өзара бай­ланысының мәселелері, Мә­дени саясат тұжырымдамасы, азаматтардың рухани тәрбиесі сияқты проблемалар тілге тиек етілген. Осы іргелі тақырыптар автор өзі ерекше сезіммен қа­райтын Алматы қаласының тарихы мен даму жолдарымен үйлестірілген. Тұтастай алғанда, кітап тал­дамалық-тағылымдық, қол­данбалы және ғылыми сипатта жазылған. Мақалаларда тәу­елсіз Қазақстанның жаңа та­рихындағы барлық кезеңдер, сан қырлы, күрделі әлеуметтік-саяси, ғылыми-мәдени және құқықтық үдерістер қам­тылған. Автор Президент Н.Ә.Назарбаевтың салмақты да сали­қалы басшылығымен табысты жүзеге асып отырған әлеу­меттік және мемлекеттік құ­рылыстың ерекшеліктерін ашып көрсетіп, Қазақстанның өзіндік келбетін айқындайтын президенттік бағдар тұрғысынан бұдан былайғы даму бағыттарына тоқталады. Жалпы алғанда, кітап қалың оқырманға, сарапшы-ғылы­ми жұртшылыққа және мем­лекеттік қызметшілерге, тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы қызықтыратын барша қауымға арналған. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»