Қазақта «Өзі жақсы кісіге бір адамдық орын бар» деген аталы сөз бар. Қазақстанымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайланғанын естігенде осы есті сөз еске түскен еді.
Әлбетте, абырой-бедел деген – қасықтап жиналатын дүние. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан жылдар бойы достық пен бірлікті дәріптеп, бейбітшілік сүйгіш саясат жүргізіп, әлемдік қоғамдастық алдында зор беделге ие болды. Біздің елдегі ынтымақ ұя салған береке-бірлікті, шаңырағы шайқалмаған тұрақтылықты көріп-біліп отырған алпауыт мемлекеттердің Қазақстанға деген көзқарасы дұрыс қалыптасып үлгерді. Қазақстан өзге түгілі өзінің мәселесін шеше алмай отырған ел болса, әлемнің 138 елі бір кісідей дауыс беріп, Қауіпсіздік Кеңесі сынды саяси маңызы зор ұйымға мүше етіп сайлар ма еді?!
Тәуелсіздігін алғанына небәрі ширек ғасыр ғана өткен жас мемлекеттің осынша деңгейге жетіп, әлемнің озық елдері арасында өз орнын ойып алғанын өз басым Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырар едім. Мұны біз ғана емес, күллі әлем айтып, мойындап отыр.
Саясаты сан қырлы, ұстанымы айқын елдің енді жаһандық мәселелерді шешу істеріне араласуы – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия, Түркі дүниесі үшін де зор мәртебе. Мұның өзі біздердің отансүйгіш рухымызды асқақтатып, мерейімізді тасытатыны сөзсіз.
Иә, әлемдік қоғамдастық Қазақстанға зор сенім артты. Мұның жауапкершілігін сезінудің өзі болашаққа деген қадамның нық болуына игі әсерін тигізеді деп есептеймін. Өйткені, өзінің ішкі шаруасын тап-тұйнақтай түгендеп отырған ел төрткүл дүниенің небір күрделі мәселелері алдында да тосырқамайды деп сенемін.
Біз, жастар Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай Көшбасшының өнегесін көріп, әлем таныған Қазақстан сынды елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан етеміз!
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы