Мемлекет басшысының атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтаулар келіп түсуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
«Ширек ғасырда Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамудың өзекті мәселелерін шешу жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ресей мен Қазақстанның байланысы тату көршілік, өзара құрмет, берік достық дәстүріне негізделіп, қарқынды дамып келеді. Сізге шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке мен табыс, ал барша Қазақстан азаматтарына бейбітшілік пен игілік тілеймін», – делінген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхатында.
Қазақстан халқын республиканың Тәуелсіздік күнімен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин құттықтады.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа мен зор мән беремін және Қазақстанмен достығымызды қадір тұтамын. Достас Қазақстанның өсіп-өркендеп, қуатты мемлекет болуына ниеттестік білдіремін, ал оның халқына бақыт және береке-бірлік тілеймін», – делінген жеделхатта.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқын мерейтоймен құттықтап, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық саласындағы еліміздің жетістіктерін ерекше атап өтті.
Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд та өз құттықтауын жолдады.
«Қазақстан ширек ғасырда жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келе жатқан негізгі елдердің біріне айналды. Сіздің елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы – осыған дәлел. Мен Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың одан ары тереңдей түсетініне сенімдімін, – делінген құттықтау жеделхатында.
Сондай-ақ, Словакия Республикасының Президенті Андрей Киска мен Болгария Республикасының Президенті Росен Плевнелиев Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіріп, мол табыс тілейді.
«Сізге зор денсаулық, жауапкершілігі аса жоғары қызметіңізге табыс, ал Қазақстан Республикасының азаматтарына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін», – делінген Болгария басшысының құттықтау хатында.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай құттықтауларын жолдаған Чех Республикасының Президенті Милош Земан мен Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинисто Қазақстанмен мемлекетаралық үнқатысудың одан әрі нығая беретініне сенім білдірген.
Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла Астана мен Римнің тығыз және табысты қарым-қатынасына тоқтала келіп, жеке өзінің және бүкіл Италия халқының атынан барша Қазақстан азаматтарына бақ-береке тілейді.
Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Мамнун Хусейн, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғани, Моңғолия Халық Республикасының Президенті Цахиагийн Элбэгдорж Қазақстан халқын жас мемлекеттің тәуелсіздік тарихындағы ұлы мерекесімен құттықтап, елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастық аясының одан әрі кеңейе беретініне сенім білдіреді.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөл атқарғанын өз құттықтауларында Үндістан Республикасының Президенті Пранаб Мукерджи, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкон және Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чан Дай Куанг атап өткен.