• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Ұлы Даладағы мыңжылдық - тарихтың жаңа дәуірі (Елбасының 15 желтоқсандағы сөзі)

337 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құтты болсын!

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз сөйледі

 

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды ең ұлы мерекеміз, әрі елдігіміздің асқар асуы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құт­тық­таймын! Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуел­сіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі бай­рағының мұрагері – Көк Туымызды Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының төрінде жел­біреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуе­лет­тік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңы­мызды қабылдадық, Қарулы Күштері­мізді құрып, Шекарамызды шегендедік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінберінен сөйлеттік. Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұсты­нында жазылған «Мәңгілік Ел» ұғы­мын жалпыұлттық идеяға айналдырып, ЕЛДІГІМІЗДІҢ 15 ҒАСЫРЛЫҚ ТАМЫРЫНА НӘР БЕРДІК, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Терең тарихымыз бен мыңжылдық бо­лашағымызды сабақтастырып, Мәң­гілік Ел болудың дара жолына түстік. Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Тағылымды тарихымызды түген­деген жоралы жұртпыз, барша қазақтың басын біріктірген бәтуәлі ұлтпыз. Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз, Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз. Достықтың дара дәстүрлерін да­мыт­қан біртұтас ұлтпыз, көршімен тату, шалғаймен сыйлас өмір сүрудің өнегесін көрсетіп, салиқалы сыртқы саясатын жүргізген ұлағатты ұлыспыз. Біз – әлемдік қарусыздану ісінің тізгінін ұстаған көшбасшы халықпыз, алыс болашаққа көз тіккен мерейлі мемлекетпіз. Тұғыры мығым, мәртебесі биік Тәу­ел­сіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жаса­дық. Мен бүгінгі мерейлі сәтте ел дамуына үлес қосқан әрбір отандасыма айрықша ықыласымды білдіремін. Киелі, осы ұлы мемлекет құруға, елді біріктіруге, жасаған шаруамызға Алатаудың баурайындағы азаттықтың алтын бесігі – алматылықтар, жағасын қарт Каспийдің толқындары сүйген мұнайлы өлке – атыраулық және маңғыстаулық ағайын, өндірісті өңір – ақтөбеліктер үлкен үлес қосты. Кеншілер мекені – қарағандылықтар, байтақ даланың қос жұлдызы – сұлу Көкше мен Баянауыл өлкелерінің және шырайлы Шымкенттің тұрғындары толассыз тер төкті. Жер жәннаты Жетісу халқы мен ақ жайық ару мекен – батысқазақстандық бауырлар, асты мен үсті тарихи және табиғи байлыққа толы кенді Алтай өңірі мен талай тарихтың куәсі – Жам­был тұрғындары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Аралы оралып, ақ күріші жайқалған Сыр өңірі, аймағы әрлі, топырағы нәрлі алтын дән даласы – Қостанай мен Сол­түстік Қазақстан тұрғындары аянбай еңбек етті. Азаттығымыздың айшықты айғағы – астаналықтар жасампаздығын паш етті. Сіздердің әрқайсыңыздың еңбек­теріңіз Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында маған ересен күш қуат берді. Риясыз сенімдеріңіз бен шексіз қолдауларыңыз елім үшін түн қатып, түс қашқан қиын күндерде маған үлкен тірек болды. Мен 25 жыл бұрын, 1991 жылғы 10 желтоқсанда, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын», деген едім. 25 жыл өткеннен кейін, Тәуел­сіз­діктің ұлы тойында осы сөзімді сол күйінде қайталағым келеді. Мен үшін туған Қазақстаныма қалт­қысыз қызмет етуден артық бақыт жоқ.  

Қымбатты отандастар!

Құрметті қонақтар!

Бүгін мен барша халқымызды Отанымыздың ұлы мерейтойымен құт­тықтаймын! Бұл – барлық қазақ­стан­дық­тардың жалпыға ортақ салтанаты. Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі. Тәуелсіздік – миллиондардың қа­­нат­ты үміті және орындалған ға­сыр­лық арманы. Осы мерейтойлық жылда Қазақ­станның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының сим­волдық мәні бар. Біз өзіміздің егемен жолымызды бұрынғы Одақ­тың 15 жарықшағының бірі ретінде бастадық. Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығын біз жаңа жаһандық рөлде қарсы алып отырмыз. Мен сіздерді осы жаңа жауапты миссия­мен де құттықтаймын! Парламенттің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабыл­дауы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңістеріміз және болашаққа белгі­ленген бағыттарымыз көрініс тапқан маңызды саяси-құқықтық құжат болып табылады. Қазір тікелей эфирден біздің салтанатты жиналысымызды бүкіл еліміз көріп отыр. Сондықтан осы күрделі жылдарда Отанымыздың игілігі жолында біртұтас отбасы секілді жұмыла жұмыс істеген баршаңызға шын көңілден шыққан ризашылығымды білдіргім келеді. Еліміздегі барша қазақстан­дық­тарға, қазір теледидар экранының ал­дын­да отырған әр қала мен ауыл­дағы адамдарға, тіпті, осы мерекелі күндері жұмыстарын жалғастырып жатқандардың бәріне, барша аза­маттарға – жұмысшылар мен фер­мерлерге, мұғалімдер мен дәрі­гер­лерге, ғалымдар мен кәсіпкер­лерге, өнер және мәдениет қайрат­кер­лері­не, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге, жас­та­­­ры­­мызға ризашылығымды білді­ремін.  

Қымбатты менің отандастарым!

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан – табысты, гүлденген мемлекет және бізді бүкіл әлем таниды. Ал 1991 жылы жағдай мүлдем басқаша еді. Алдымызда қатаң дилемма тұрды: «Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» – деген. Еліміз «жабайы капитализмге» қарай бет алып бара жатты. Әкімшіл-әміршіл экономиканың коллапсы миллиондаған адамды өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Түрлі сарапшы-сымақтар мен саясатшы-сымақтардың дауыстары жан-жағымыздан тез ыдырайтынымыз бен азамат соғысы туралы айтып, қорқытып-үркітумен болды. 1990 жылдан бастап Қазақ­стан­нан 3 миллион 568 мың адам көшіп кетті. Іс жүзінде, жыл сайын бір-бір қаладан кетіп жатты. Сол жылдары ел халқының саны 17-ден 14 мил­лион адамға дейін азайды. Бұл эко­но­микамызға қосымша соққы бо­лып тиді. Әлемге біз қызық емес едік, әрі керегіміз де шамалы болатын. Бүгін осының барлығы 25 жыл бұрын ғана болды дегенге сену қиын. Бірақ бәрі де дәл осылай болып еді! Жастардың қазіргі буынына бұл – өткен тарих. Бірақ ересек буын осы драмаға толы кезеңдерді жақсы біледі. Біз өзінің іс-қимылы мен мүм­кіндіктері қатаң шектелген әлемдегі аса кедей елдердің бірі болдық. Ал бүгінде барлық қиындықтарды бірге еңсеріп, қуатты бола түстік. Мен өзімнің жеке архивімнен бір адамның – солтүстікқазақстандық фер­мер Геннадий Иванович Зенчен­коның екі хатын тауып алдым. Алғашқысын мен осыдан ши­рек ғасыр бұрын, 1991 жылы алып­пын. Геннадий Иванович сол кезде былай деп жазыпты: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз қазір бүкіл республикамыз үшін күрделі кезең екенін біле­міз. Ашығын айтсам, ауылда да жағ­дай өте ауыр. Қазір біздегі 2,5 мың­нан астам ұжымшарлар мен кең­шарлардың жағдайлары сын көтермейді. Жақында халықпен кездескен кезіңізде Сіз былай де­діңіз: «Отаның мықты кезде оны сүю де жеңіл әрі жағымды. Отаныңды сын сағатында сүйген ана­ғұрлым маңыздырақ». Біз сын сағаты туғанын түсінеміз, бірақ Сіздің балаларымыз бен немере­леріміздің бақытты да бақуатты өмір сүрулері үшін Қа­зақстанды өсіп-өркендеген мемле­кетке айнал­дыратыныңызға сенім­діміз. Біз тек Сізге деген сеніммен ғана тір­шілік кешудеміз!». * * * Геннадий Ивановичтің екінші хаты, бүгінде ол «Қазақстанның Еңбек Ері», үстіміздегі жылдың ба­сында келді. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Біз Сіздің Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айнал­ды­ратыныңызға сенімдіміз». Бұл сөз тіркесін мен Сізге осыдан тура 25 жыл бұрын жазған хатымда, бәріміз 1990-шы жылдардың күр­делі кезеңдерін басымыздан өт­керіп жатқан шақта жазған бола­тынмын. Міне, бүгінде, Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы жылын­да Сіз біздің барлық арман-аңсар­ла­рымызды іс жүзіне асыра алдың­ыз. Біздің әрқайсымыз Сіздің алдыңызда қарыздармыз. Менің өз шаруа қожалығым бар. Бұл – менің өмірім, менің жұмысым, менің табысым мен отбасымның игілігі. Бүгінде немерелерімнің өзі жер емгеннің жерде қалмайтынын түйсіне бастады. Біз бүкіл еліміз бойынша мыңдаған гектар орман өсіріп, жаңа елорда, жолдар, зауыттар мен фабрикалар салдық! Сіз – біздің мәңгілік Елбасы­мыз­сыз! Сізге еңбегіңіз үшін, өзіңіз құрған Қазақстан үшін рахмет айтамыз және басымызды иеміз». * * * Геннадий Иванович соңғы кездері ауырыңқырап жүр. Бүгін осы залда оның ұлы отыр. Ол – осы шаруашылықты жүргізетін Геннадий Геннадиевич Зенченко. Сізден менің атымнан Геннадий Ивановичке тез сауығып кетсін деген тілегімді жеткізуіңізді өтінемін! Осы хаттарда біздің Тәуел­сіз­діктің 25 жылындағы барлық өміріміз көрініс тапқан! Қазақстан бизнесі «капитандарының» табыс­тары мен нақты өмірбаяндары – бүгінде баршаға мәлім. * * * Әйгілі балуан Жақсылық Үш­кем­піров ауыл шаруашылығына бет бұрып, асыл тұқымды мал бор­да­қ­­ы­­лайтын кешен мен қасапхана ашты. 12 мың бас ірі қарасы бар Жақ­сы­лықтың шаруашылығы соңғы 3 жылда 165 тонна ет экспорттады. Ал Исламбек Салжанов құрған «Алтын қыран» компаниясы экономикаға 300 миллион доллар инвестиция салып, 1000 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары. * * * Біздің бизнесмендерімізде олар­ға бастапқы капитал бөлетін мил­лионер әкелері болған жоқ. Рефор­маларға құндылықтарды нақты адамдар берді, олар еңбектерімен өздерінің және еліміздің болашағын құрды деп мен әркез айтып келемін. Міне, дәл сондықтан Қазақстан қазір қай кездегіден де өз күшіне сенімді көрінеді.  

Құрметті қазақстандықтар!

Отанымыздың 25 жылдық мерейтойы күні мен беделді халық­аралық сарапшылар айтқан тәуел­сіздіктің жеті теңдессіз табысын атап көрсетсем деймін. Бірінші. Басты табысымыз – біз әлем картасында болмаған мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік басқарудың Конституция негізінде жұмыс істеп тұрған тиімді жүйесі құрылды. Бүгінде біз заманауи Қарулы Күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Қазақстан – ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша беделді де жауапкершілікті әріптес. Екінші. Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті. Нобель сыйлығының экономика жөніндегі лауреаты Финн Кидланд мырза «Қазақстан әлемдегі мейлінше жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі және оның даму қарқыны таңдандырады» деп атап өтті. 2012 жылы біз әлемнің бәсе­кеге қабілетті ең жоғары дамыған 50 елі­нің қатарына кірдік. Тәуелсіздік жылдары ішінде экономика 20 есеге өсті. 1999 жылдан 2016 жылға дей­ін біздің экономикамыз үздіксіз өсіп келеді. Яғни, 25 жылдың 17 жы­­лы – тұрақты экономикалық өсім. Сарапшылық бағалау бойынша, Қазақстан таяу 10-20 жылда да экономика өсімі бойынша көшбасшы елдердің санатында болады. Бірақ әлемде жиі айтылып жүрген қазақстандық ғажайыптың мәні одан да тереңде жатыр. Біріншіден, меншік иелері мен кәсіпкерлердің өсіп келе жатқан жаңа табы табысты жұмыс істеуде. Елде қазір 1 миллион 241 мың кәсіпкерлік құрылым бар. Олар ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша, Қазақстан небары 1 жылда 51-орыннан 35-орынға секірді. Екіншіден, біз экономиканың тиімді моделін жасадық. Бізде коммуникацияның, өндірістің, электр таратудың бірыңғай жүйесі болған жоқ. Біз оны Тәуелсіздік жылдары қалыптастырдық. Автомобиль жолдары мен темір жолдар біздің байтақ еліміздің әр тарапын тікелей байланыстырмайтындай етіп салынып, барлығы да солтүстікке қарай кететін. Қазір «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру арқылы біз бірыңғай көлік жүйесін құруды аяқтаймыз. Біз оны жаһандық көлік бағыттарының жаңа күретамыры іспетті етіп салып жатырмыз. 1000 шақырым автомобиль жолы, 3000 шақырымға жуық темір жол төселді. Үшіншіден, 90-жылдардың басында біз ештеңе экспорттамайтынбыз. Бүгінде 2500-ден аса өнім түрі 119 елге экспортталады. Біздің экспортымыз 46 миллиард долларды құрайды. Біз жаһандық астық қорына айналдық. Біз екінші индустриялық бесжылдықты жүзеге асырып жатырмыз. Барлығы мыңнан аса жаңа өндірістер ашылды. Бұрын ешқашан біздің жерімізде автомобиль, локомотив, вагон, тікұшақ өндірісі және басқа да көптеген өндіріс болған емес. Бүгінде елімізде бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрін шығару ісі игерілді. Төртіншіден, 265 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция халқымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Теңге айналысқа енгізілген 1993 жылдан бергі 23 жыл бойы тікелей шетелдік инвестициялардың тұрақты келуі байқалып отыр. Бұл – әлемдік бизнестің жаһандық сенімі. Ең қиын жылдары бізге Бритиш Петролеум, Шелл, Эксон Мобилл, Шеврон, Аджип, Дженерал Электрикс, Дженерал Моторс, Миттал, Тойота, Самсунг сияқты көптеген басқа да инвесторлар келді. Елімізге үлкен қаражат қана емес, технология, ғылым әкеліп, азаматтарымызды заманауи деңгейде жұмыс істеуге үйреткен барлық инвесторға және Қазақстанның достарына ризамын. Біз сіздердің компанияларыңызбен жемісті ынтымақтастықты жалғастыратын боламыз. Бүгін мен барша қазақстан­дық­тарды және біздің инвесторларды ғасыр жобасы – Қашаған мұнай және газ кенішінің іске қосылуымен құттықтағым келеді. Бұл – әлемдік энергетика саласында соңғы 50 жылда болған ең ірі оқиға. Еліміздің осы жаңа жеңісі Тәуелсіздіктің 25 жылдығында айрықша символдық мәнге ие. Үшіншіден, біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық. * * * Біз қасиетті ҚАЗАҚ ТІЛІ мен ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еттік. Қазақтың тілі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының төрінен естілуде. Ол ғарыштан да естілді. Ол бүгінде интернеттің де тілі, отандық ақпарат құралдарының басым көпшілігі қазақша шығады. Естеріңізде болса, бір кезде Алматыда бір ғана қазақ мектебі бар еді. Өткен 25 жылда елімізде қазақ тілінде білім беретін бір мыңнан астам мектеп ашылды. Біздің тілімізді Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Әзербайжан мен Армения сияқты елдердің белді университеттерінде оқытады. Бүгінгі таңда мектеп оқушы­ларының үштен екісінен астамы, студенттердің 60 процентке жуығы мемлекеттік тілде білім алады. Еліміз бойынша қазақ тілін оқытатын 350 орталық табысты жұмыс істеуде. Біз өшкенімізді жандырып, жо­ғалт­қанымызды түгендеген «Мә­де­ни мұра» стратегиялық жобасын жүзеге асырдық. Елордамызда теңдессіз өнер ордасы «Астана Опера» театры мен Ұлт­тық Музей жемісті қызмет көр­сетуде. Тәуелсіздік жылдарында еліміз­дегі музейлердің саны екі есеге көбейді. 25 жаңа театр мен жаңа концерт залдары ашылды. Биыл Астанада тағы бір бірегей оқу орыны – Хореография академиясы алғашқы шәкірттеріне есігін айқара ашты. Мұндай оқу орны әр бір елде ашыла бермейді. Біздегі ашылған академия дүниеде 10-шы болып саналады. * * * Төртіншіден, біз ұлы мұрамыздың інжу-маржанын – жаңа елордамыз Астананы болашақ ұрпақ үшін салдық. Астана – планетамызда ХХI ғасырда пайда болған бірінші астаналық қала. Елорданың миллионыншы тұрғынының биылғы мерейтой жылы дүниеге келгені де нышандық мәнге ие. 1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде Астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық. Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды! Астана бүгінде өз тарихының бас­тауында ғана тұр. Ол біздің мем­лекеттік қуатымыздың биік сам­ғауын бейнелей отырып, жылдан-жылға ажарланып келеді. Біз оны әлемнің мәңгі қалаларының бірі ету үшін бәрін жасаймыз, өйткені Ас­тана дегеніміз Тәуелсіздіктің киесі. Бесіншіден, экономикалық ға­жайыптың арқасында біз қазақ­стандықтардың әл-ауқатын шынайы өсіруге қол жеткіздік. Қазақ­стан халқының 35 пайызы 1996 жылы кедейшіліктің шегінде қалып қойған еді. Тәуелсіздік жылдары кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың үлесі 12,5 есеге – 2,5 пайызға дейін қыс­қарды. Ең дамыған елдерде мұндай көрсеткіш жоқ. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ға­мы бірегей идеясын табысты жүзеге асырып жатырмыз. Бізде жұмыссыздық 2,6 есеге қысқарды. Соңғы бесжылдықта біз жылда орта есеппен 270 мың жаңа жұмыс орнын ашып келеміз. Кейінгі он жарым жыл ішінде орташа еңбекақы мен зейнетақы 10 еседен астамға ұл­ғайды. Ауылды көтерудің ау­қым­ды бағдарламасы жүзеге асырыл­ды, ауылдықтардың тұрмыс дең­гейі өсті. Осы жылдар ішінде біз әлемдік эко­номикалық дағдарыстарға қара­мастан әлеуметтік салаға айрықша назар аудардық. Әлеуметтік шы­ғыстар 25 жылда 26 миллион тең­ге­ден 4,8 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл ел бюджетінің 46 пайызы. Біз бұл жұмысты жалғастыра береміз. Үкіметке келесі жылы зейнет­ақы көлемін 2016 жылдың дең­гейі­не қатысты 20 пайызға көтеруді тап­сырамын. Бұл шара 2 миллион 100 мың қазақстандықты қамтиды. Сон­дай-ақ, бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсіруді тапсырамын. * * * Біз тағдырдың жазуымен шар­тарапқа шашылған бауырлары­мыздың басын қостық. Мемлекет тарихи Отанымен қауышқан бір миллион қазақтың басына баспана, өзіне жұмыс беріп, бар қамқорлығын жасауда. Олар Тәуелсіз мемлекеттің азат азаматтары ретінде Қазақ елінің қара шаңырағына уығын шаншып, керегесін жаюда. Атамекеніне ағылған қазақтың көші 25 жылдан бері бір сәт те тоқтаған емес, қазір де жалғасуда. Осы жылдарда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті саясаттың арқасында 1 миллионнан астам отбасының баспана жағдайы жақсарды. Еліміз бойынша 2700-ден астам балабақша және жекеменшік шағын орталық ашылды. Еліміздің түкпір-түкпірінде 1350 мектеп жаңадан бой көтерді. Әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университет жоғары деңгейдегі алғашқы мың маманды дайындап шығарды. Барлық өңірлерде 20 зияткерлік мектеп ашылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 мың жас өренге әлемнің ең белді оқу орындарында білім алуға стипендия берілді. Біз осы уақытта 1300-ден астам денсаулық сақтау нысанын салып, оларды ең заманауи құралдармен жабдықтадық. Осы ретте, маған жақында дәрі­гер Нәзигүл Ырымбаевадан хат келді. «Мен – дәрігермін, 26 жылдан бері медицина саласында қызмет істеймін. Тоқсаныншы жылдардағы қиын сәттер әлі күнге дейін көз алдымда. Мұқтаж жандарға дер уақы­тында жетіп, сапалы көмек көрсету біздің арманымыз еді. Сіз сол арманымызды орын­дадыңыз! 2011 жылдан бері санитарлық авиация әуе кемесімен 6700 рет сапарға шығып, 8,5 мың адамға жедел көмек көрсетті. Соның арқасында өмірге қайта оралған жандардың Сізге айтқан алғыс, баталарын тебіренбей тың­дау мүмкін емес» деп жазыпты. Шынында да, тоқсаныншы жыл­дардың басындағы және бүгін­гі медицинаның арасы жер мен көктей. Жаңа емдеу орталықтарынан өзге, елімізде 49 жылжымалы ме­дициналық кешен жұмыс істейді. Бұл кешендер 5 жылда алыс аймақтардағы 3 миллионнан астам адамға көмек көрсетті. Арнайы медициналық пойыз­дар 151 мың шақырым жолды жү­ріп өтіп, 300 мыңнан астам тұрғын­ға дәрігерлік жәрдем берді. Осының арқасында ең алыс ауылдардың тұрғындары да аста­на­лық деңгейдегі сапалы көмек алуда. Елімізде сәбилердің дүниеге келуі 55 процентке өсті, тұрғын­дар­дың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті. Қазақстан – медициналық туризм еліне айналды, бізге алыс-жақын шетелдерден науқастар емделуге келеді. Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек сияқты ағза мүшелерін трансплан­тациялайтын күрделі операция­лардың бәрі өзімізде жасалады. Біздің еліміз жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. Еліміздің медицинасын әлемдік деңгейге көтерген екі дәрігер – Юрий Владимирович Пя мен Серік Қуандықұлы Ақшолақов. Олар күрделі зерттеулер жасап, ғылымға тың жаңалықтар әкелді, отандық медицинаны әлемге танытты. Сондықтан, екеуі де Еңбек Ері атанып, құрметке бөленіп отыр. * * * Алтыншы. Қазақстан жаңа моделді ықпалдастырудың бастама­шысы болды. Мен сонау 1994 жылы айтқан еуразиялық интегра­ция туралы идеямды жүзеге асыруға 20 жыл бойы табанды түр­де ұмтылдым. Бүгінде біз Арме­ния, Беларусь, Қырғызстан және Ресеймен бірге Еуразиялық эко­но­микалық одаққа қатысып отырмыз. Әлемнің ондаған мемлекеті Еу­разиялық экономикалық одақпен ынтымақтасқысы, соның ішінде еркін сауда аймағын құру арқылы ынтымақтасқысы келеді. Оңтүстік Корея да, Израиль мемлекеті де біздің одақпен еркін сауда аймағын құрғысы келеді. Еуразиялық интеграцияның маңызды аспектілері АӨСШК және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты Қазақстанның бастамасымен немесе қатысуымен құрылған ұйым­дардың қызметінде көрініс тап­қан. Интеграция – сенім, достық, өңір­дегі тұрақтылық. Сондықтан мен Еуразияның барлық елін тығыз ық­палдастыққа және серіктестікке шақырамын! Жетінші. Бүгінде әлемдік жетек­ші саясаткерлер мен халықаралық сарап­шылар Қазақстанды жаһан­дық антиядролық қозғалыстың көш­басшысы және жүйелі бітім­герші ретінде мойындайды. БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысы Антониу Гуттериш мырза Ас­та­нада өт­кен кездесуіміз барысын­да Қа­зақстанның «диалог пен ара­ағайындықтың бай дәстүріне ие бола отырып, БҰҰ-ға халық­ара­лық шиеленісті азайтуға және әлем­дік аренада көпір салуға көмек­тесетінін» атап өтті. Қазақстаннан Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап-ақ бүкіл әлемді қамтитын идеялар таралуда. Егемендік қарсаңында біз ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі ядролық сынақ полигонын жаптық. Осы оқиғамен байланысты атау­лы күн бүкіл әлемде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді. БҰҰ Бас ассамблеясы былтыр біздің ұсынысымызбен ядро­лық қа­рудан азат әлем құру тура­лы жал­пыға ортақ декларация қа­был­дады. * * * Жылдар өтеді, жаңа заман же­теді. Түптің түбінде жаппай қырып-жою қаруы келмеске кетеді. Адам баласы өзіне өзі ор қаза­тын қатерлі қадамынан түптің тү­бінде бас тартады. Сол замандарда адамзат осы ұлы істің қазақ даласында басталғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыс айта отырып еске алатын болады деген сөз – орынды сөз. * * * Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы бастама іске асты. Қазір ол Азиядағы ең ауқымды қауіпсіздік құрылымы. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға біздің төр­ағалық аясында әзірге ұйымның осы жүзжылдықтағы жалғыз сам­миті – ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті табысты өткізілді. Күрделі кезең болған 2011-2012 жылдары біз Ис­лам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еттік. Қазақстан ТМД-да бірінші болып дүниежүзілік ЭКСПО-2017 «Бо­лашақ энергиясы» көрмесін Ас­танада өткізу құқығына қол жет­кізді. Оған 100-ден аса мемле­кет және 10 халықаралық ұйым қаты­сады. Жаһандық қарама-қайшы­лықтар шиеленісіп тұрған кезде Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа бітімгерліктің дәйекті негізделген стратегиясын ұсынды. Ол менің «Әлем. XXI ғасыр» ма­нифесімде егжей-тегжейлі баян­далған. Біздің сыртқы саяси басым­ды­лықтарымыз – ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын жә­не ұзақ мерзімді ұлттық мүдде­лер­ді қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған бел­сенді, жан-жақты және теңге­рім­­ді сыртқы саясатымыз өзгер­мейді. Біздің басымдығы бар сыртқы саяси бағыттарымыз Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен ынтымақтастықты дамыту болып саналады. Қазақстан Еуразияның ортасында орналасқан және Орталық Азияның бір бөлігі болып табылады. Мұнда көп ғасырлық тарихы өзара байланысқан 70 миллион­дай адам тұрады. Біздің рынок­тары­мыздың ашықтығы мен интеграция­сы экономиканың өсуіне жол аш­пақ. Сондықтан да біз өңірдің мүм­кіндіктерін жүзеге асыруға тиіс­піз. Азия мен Таяу Шығыстың негізгі елдерімен өзара іс-қимылдар үлкен маңызға ие. Рекордтық қысқа тарихи кезең­де біз осынау жеті асқақ шыңдарға қол жеткіздік. Жаңа елдің іргесін қалаған бү­гінгі замандастардың ерен еңбегі уа­қыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отаны­мызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді деп сенемін.  

Құрметті отандастар!

Жаңа мемлекет құру мен реформалардың ең алдымен күшті президенттік билік арқылы ғана қамтамасыз етілетінін Тәуелсіздік тарихы көрсетіп берді. Мемлекет дамуының жаңа сатысы елдегі істердің жағдайы үшін Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Қазақстан біздің Конститу­ция­мызда көрсетілгендей, президенттік басқару формасындағы мемлекет болған, қазір де солай және алда да солай бола береді. Сонымен бірге, өкілеттіліктерді Президент, Үкімет және Парламент арасында бөліске салу мәселесін қарайтын уақыт та келді. Арнайы комиссия осы мәселелерді зерттеп, тиісті заңдарға, мүмкін Конституцияға да өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізуі тиіс.  

Құрметті қазақстандықтар!

Қазір осы залда мен өзім осыдан 24 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің бірінші жылдығын мерекелеу кезінде айтқан сөзімді қайталағым келеді. «Ешкім де біз үшін Қазақстанды қайта жаңғыртпайды, ол үшін әлемдік қоғамдастықта орын алуға қол жеткізбейді, біздің өміріміздің стандарттарын көтермейді». Бұл сөздер бүгінде де көкейкесті күйінде қалып отыр. Уақыт пен арақашықтықтарды сығымдай отырып, ХХІ ғасыр қарқынға қарқын қосуда. Бүгінде әлемде орасан зор технологиялық өзгерістер адам сенгісіз жылдамдықпен орын алуда. Таяудағы 15-20 жылда адамдар өмірінің барлық салалары түбегейлі түрде өзгеретін болады. Жасанды интеллект, адамсыз басқарылатын көлік, 3D-баспа, гендік және биоинженерия өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті, ауыл шаруашылығын, қызмет көр­сету саласын, медицинаны толық­тай өзгертетін болады. Әлемнің бүкіл елдері біртіндеп жаңғырмалы энергия көздеріне көшпек. Бүгін жаһандық экономиканың жаңа үлгісі туындап келеді, сонымен бірге, халықаралық қатынастардың жаңа қағидаттары да беки түсуде. Соңғы 2-3 жүзжылдықта үстемдік құрған қоғамдық салттың орнына мүлде жаңа форматтар мен даму модельдері келуде. Сонымен бірге, ағымдағы жүзжылдықтың динамикасында уақыттың көптеген үрейлі белгілері де бар. Біз оны байқап отырмыз. Жетекші державалар арасындағы қарсы тұрушылықтар, азамат соғыстары мен этносаралық дау-жанжалдар, терроризм, аштық пен эпидемия қатері жаңа күнделікті өмір шындығына айналды. Осыдан 7 жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыс ешқайда кеткен жоқ. Ол күн сайын өсе түсіп отырған гипердағдарысқа ұласты. Ашығын айтайын – елде соң­ғы 3 жылда қабылданған жаңа бағ­дар­ламалар мен заңдарсыз ахуал әлдеқайда шиеленісті болар еді. Мұның өзіміз қабылдаған Ұлт жоспарына да, «2050» Страте­гиясына да, «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасына да, индустриялық даму бағдарламасына да қатысы бар. 34 жылдан кейін келетін 2050 жылдың перспективасы, ол қазір алыс сияқты көрінеді – бар болғаны тарихтың шағын бөлігі ғана. Бізде өзіміздің қайда бара жатқанымыз жөнінде айқын бағыт және азаматтарымыздың өзекті мә­селелерін шешу үшін нақты іс-қи­мылдар бағдарламасы бар. 2050 жылға дейін біз әлемнің ең дамы­ған 30 елінің қатарына енетін боламыз. Қазақстан орта тап үлесі ба­сым­дыққа ие елге айналмақ. 2050 жылға қарай шағын және орта биз­нес ІЖӨ-нің бүкіл көлемінің кем де­ген­де 50 пайызын өндіретін болады. Ол үшін қазір Ұлт жоспары шеңберінде бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, инфрақұрылым жаңғыртылып, адами капиталға инвестициялар ұлғайтылуда. Ұлттық экономиканың өсуі еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы қамтамасыз етілетін болады. Ол бес есеге – бір жұмысшыға 120 мың долларға дейін ұлғаймақ. Біз дамудың инновациялық моделіне көшуді қамтамасыз етеміз. Индустрияландырудың ағымдағы екінші бесжылдығы шеңберінде 300-ден астам жаңа өндірістер ашылатын болады. 2050 жылға дейін 2 миллиондай тұрақты жұмыс орындары құрылмақ. Бұл орайда, «Барша үшін жалпыға ортақ кәсіптік білім» бағдарламасы бойынша білікті жұмысшы мамандықтарының 1 миллионға жуық кадрларын дайын­дау үлкен рөл атқаратын болады. Ғылыми зерттеу талдамаларына шығындар ұлғайтылып, оның көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жетпек. Ол Қазақстанды ғылымды қажет ететін экономикалы елдер деңгейіне жақындата түспек. Жоғары инвестициялық тар­тым­дылық Қазақстан экономикасының айрықша белгісіне айналатын болады. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесі ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізілмек. Бүкіл әлем сияқты, біз де урбанизация жолымен қозғалатын боламыз. Менің айтқандарымның бәрі еш қиял емес. 2050 жылға қарай қала тұрғындарының үлесі бүкіл халықтың 70 пайызынан астамға өспек. 380 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Қазақстандықтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі бір адамға шаққандағы қазіргі 21-ден 30 шаршы метрден астамға дейін өспек. Қалалар мен ауылдарды сапалы жолдар, көліктің барлық түрлерінің жүрдек және қауіпсіз маршруттары байланыстыратын болады. Ол үшін біз Астананы бүкіл өмірлерімен шұғыла тәсілімен байланыстыратын «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Шамамен 7 мың шақырым автомобиль жолы салынып, қайта жаңғыртылмақ, темір жол желілері кеңейтіліп, электрлендіріледі, әуежайлар мен теңіз порттарына қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Ол еліміздің өңірлерін өзара жа­қындастыруға жағдай туғызады. Егер бұрын Астанадан Алма­тыға дейінгі жолға пойызбен бір тәу­лік кетсе, қазір 12 сағат қана. Аты­раудан Алматыға адамдар по­йызбен 4-5 күн жүретін, қазір жолға бір жарым тәулік қана уақыт кетеді. Біздің азаматтарымыз бүкіл ел бойынша, соның ішінде авто­кө­лікпен де көбірек саяхаттай алатын болады. Біз өзіміздің транзиттік желі­мізді жаңадан, ең жоғары халық­аралық стандарттар бойынша құрудамыз. «Нұрлы жол» Азиядан тауарды біздің аумағымыз арқылы Еуропаға құрлық арқылы жеткізуді тартымды, қауіпсіз және тиімді ете түсетін болады. Біз транзиттік елге айналмақ ниеттеміз, өйткені біз Еуразияның нақ ортасында орналасқанбыз. Біз алтын бесік – ауылды дамытуды басты назарда ұстаймыз. Ауылшаруашылық коопера- цияларын дамыту шағын қожалық иелерінің өнімдерін тұрақты өткізуді жолға қояды және өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді. Қазақстан табиғи өнімдерді ұсынушы ретінде бірінші кезекте көрші елдердің нарығынан лайықты орнын иеленеді. Біз суармалы жерлер аумағын 2 миллион гектарға дейін ұлғайтамыз. Субсидия берудің жаңа ұс­танымдары өнімді жұмыс істейтін азаматтардың мемлекет қолдауына ие болуына мүмкіндік береді. Осының бәрі дүкен сөрелерінде сапалы отандық өнімдердің көбейе түсуіне және оның химиядан тазаруына жол ашады. Тиісінше, ауыл халқының табысы арта түседі. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 4,5 есеге – 40-60 мың дол­лар­ға дейін өсетін болады, ол дамы­ған мемлекеттер деңгейіне сәйкес кел­мек. Бүкіл азаматтар тұрғылықты же­ріне, жынысына, жасы мен әлеу­меттік жағдайына қарамастан жоғары сапалы білім мен меди­циналық көмек ала алатын болады. Қазақстан мектептік білім беру сапасының рейтингі ең жоғары алғашқы 30 елдің қатарына енбек. Біздің шешуші университеттеріміз әлемнің жетекші ЖОО-ларының жүздігінің қатарына қосылмақ. Бүгінде жүргізіліп жатқан реформалар, халықтың әл-ауқатының артуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 82 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Халық саны 25 миллионды құрап, оның ішінде экономикалық белсенді халық 11 миллионнан астам адамға жететін болады. Астана үш миллионнан астам тұрғыны бар еуразиялық мегаполис­ке айналмақ. Алматы мен барлық облыс орталықтары өзінің ырғақты дамуын жалғастырып, ғылым, тех­но­логиялар, даму өріс алатын бір­неше жаңа миллиондық қалалар пайда болмақ. Автоматтандыруға жататын бү­кіл мемлекеттік қызмет көрсетулер адамдарға электронды форматта ұсынылатын болады. Мен елімізді осындай дамыған, бақуатты, жетілген ел ретінде көремін. Әлем бізді өңірлік және жаһандық процестердің белсенді де жауапкершілікті қатысушысы ретінде бағалайтын болады. Біздің бүкіл Қазақстандық жол, егер мақсат болған кезде, біздің сол ұмтылған жерге жететінімізді көрсетіп беріп отыр. 2050 жылдың ұрпағы біздің ұлы істерімізді танып-біліп, елді қалай құру, дағдарысты қалай еңсеріп, бірлікті қалай ны­ғайту керектігіне үйренетін болады.  

Қымбатты қазақстандықтар!

Әлем халықтарының тарихына жүгінсек, жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырады. Осы бақытты буын – бүгінгі заманауи қазақстандықтар, ұлы буын ол – сіздер! 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасыры – Еуразия жүрегіндегі Ұлы Далада жазылған мыңжылдық тарихтың ЖАҢА ДӘУІРІ. Біздің кең-байтақ даламыз – ға­сырлар бойы сан алуан өркениет­терді тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік осындағы Ұлы Жібек жолының бойында түйіскен. Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы – күллі адамзаттың тари­хын­дағы талай-талай ұлы оқиғалардың шежіресі. Мұнда сан түрлі тайпалар мен халықтар, олардың құдіретті одақ­тары мен империялар пайда болып, асқақтаған. Мыңжылдықтар толқыны бізге сол заманның көптеген ғажайып жәдігерлері мен көне дәуірлердің теңдессіз мәдениеті жайлы тылсым жаңғырықтарды жеткізді. Біздің Ұлы Даламыз – қазіргі түркітілдес халықтардың бәрі өрбіген алып бесік іспетті. Барша түркінің бабасы Алаш туралы аңыздар, Қорқыттың күңі­ренген күйлері, Күлтегін ұсты­нындағы өсиеттер – бәрі де қазақ жеріне тікелей қатысы бар, тұтас түркі руханиятының көне тамыры. Бес жарым ғасыр бұрын Ұлы Дала төріндегі аласапыран оқиға­лар­дың алапат құйынында бүгінгі еліміздің тікелей тамыры – Қазақ хандығы құрылып, даңқты да тауқыметті жолды жүріп өтті. Біз былтыр ұлы бабалары­мыз­дың рухына бас иіп, тарихи оқи­ғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болды. Қуаты асқан кезінде жері кеңіді, бірлігі қашқан кезінде өрісі тарылды. Жерінің шетіне қада қағып, келісімге мөр басып, ата қонысын біржола иемдене алмады. Сан мың жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ сүңгінің ұшымен, ақ білектің күшімен ғана қорғады. Бірақ, дәуірдің барлық дауылдарына қайыспай төтеп берді. Бұл – біздің халқымыз ХХ ғасыр түгесілер тұста Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, ТҰҢҒЫШ РЕТ жаңа, заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға ұлы жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз. Сондықтан, біздің жасампаз істеріміз бен жарқын жеңістеріміз Ұлы Даланың ұлы тарихында ізі қалған БАРША ҒАСЫРЛАРҒА ПАРА-ПАР. Тарихи статистикаға жүгінсек, ХХ ғасырдың басында елімізде аза­маттардың орташа өмір ұзақтығы небәрі 32 жас болыпты. Бүгінде бұл көрсеткіш – 72 жас. Жаңа айтып өткенімдей, 2050 жылы 82-ге жетеді. Біз ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ШИЕ­ЛЕНІСКЕН ТҮЙІН­ДІ тар­қаттық. Бүгінгі, қазақстан­дықтардың тең­дес­­сіз еңбегі мен ерлігінің мәні осын­­да. Біз пешенемізге жазылған та­рихи міндетті мүлтіксіз орындау­дамыз!  

Құрметті отандастар!

Барша халқымызды және бүкіл шетелдік достарымызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерей­лі белесімен шын жүректен құт­тық­таймын! Көк байрағымыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елді­гіміз ғұмырлы болсын! Ұлы белестерді бағындыру жолында алға, Қазақстан! Ұлы мақсаттарды орындау жолында алға, Халқым!