• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Астанада 17 шағын емхана ашылады

240 рет
көрсетілді

Елордалық медицинаның алдында туындап отырған басты мәселе халық санының тұрақты негізде орта есеппен 40 мың адамға өсуі. Бұл туралы Астана қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінгі күні Астанада бір миллион халық тұрады, ал қалалық емханалар 500-600 мың адамға есептелген, сол себепті бір жарым есе жүктемені көтеруге мәжбүр, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. «Біз бірінші санитарлық медициналық көмек көрсету орталығының (БСМК) екеуін емхана етіп қайта құрдық, бұл «Шапағат» отбасылық денсаулық орталығы және Ильинка ауылындағы орталық. Қазір оларды қажет құрал-жабдықтармен жабдықтап, кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде орталық емханаларға жүктеме азаятын болады», – деді Е. Байжүнісов. Сондай-ақ, ол Астанада мемлекеттік жеке меншік әріптестік тетігі бойынша 8 емхана салынып, хоспис ашылатынын, қала бойынша 17 шағын емхананы іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жаңашылдықтардың тағы бірі бірыңғай медициналық картаға, одан кейін геномдық медицинаға көшу. «Геномдық медицина – бала туған кезде оның қандай ауруларға бейім екенін анықтауға көмектеседі», – деді ол. Медицина саласындағы барлық жаңашылдықтар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен әзірленген «Астана – денсаулық қаласы» бағдарламасы шеңберінде енгізілуде. Жоба аурулардың алдын алуды қарастырады, сондай-ақ онда халықты салауатты өмір салтына баулуға ерекше назар аударылған. Ерік Байжүнісовтың айтуынша, салауатты өмір салтын ұстану онкологиялық және басқа да ауруларға шалдығу қаупін 20%-ға төмендетеді.