Орал қаласында «Дүрбі» атты аймақтық қоғамдық-танымдық тәуелсіз газеттің алғашқы саны жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына тарайтын басылымның меншік иесі – «Аруана-Жайық» қоғамдық қорының директоры, газеттің бас редакторы Ұлдай Сариева.
Оның айтуынша, мұндағы басты мақсат – дін мәселелерін жан-жақты көтеру. Сонымен қатар әлеуметтік түйткілдер, тарих, ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр, тіл мен діл, тылсым, жаратылыс, әдебиет және басқа тақырыптарда сыни және талдау мақалаларға дейін басылады.
Сонымен қатар, «Аруана-Жайық» қоғамдық қоры түрлі мұқтаж жандар мен жетімдерге қолұшын созу, деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге кеңес беріп, рухани және материалдық жағынан қолдау көрсету, қыз-келіншектер үшін жұмыс көзін ашу және басқа бағыттарда жұмыс істейді.