Шығыстың шұғылалы да шұрайлы жерінің бірі Шемонайхада қар қалың түсіпті. Әлсін-әлсін күреліп жатқан жолмен көлігіміз шанадай сырғып келеді. Зевакино елді мекенінен өткенімізде, жол шетінде әлдебір алып адам қол бұлғағандай болды. Дереу тоқтасақ та алға озып кетіппіз. Шегіншектей аппақ таудай қардың қасында қараң-құраң еткен жігіттерге келдік. Міне, қызық, бізге қол бұлғаған алып аққала екен. Биіктігі – 3 метрдей. Аққаланың басына шелек кигізіліп, көзі, ауызы мен мұрыны техника бөлшектерінен жасалған. Қолына аула сыпыртқысын ұстаған. Сатыға шығып, аққала соғып жатқан Андрей Арбузов жанындағы көмекшілерімен бірге «Сахаров» шаруа қожалығында еңбек ететінін жеткізді.
– Жаңа жыл қарсаңында қожалығымыздың қасынан әрі-бері өтетін жолаушыларға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін алып аққала тұрғыздық. Өткен жылы бір аққала соққан едік, биыл екі аққала жасамақпыз, – деді ол.
Біреуін аяқтап, екіншісіне көшкен «сахаровтықтар» аққаланың алып шарларын арнайы қалыптармен құяды екен. Андрейдің айтуынша, аққаланың жанына фотосуретке түсетіндер көп. Әсіресе, балалардың көңілін көтеретін туындыға тез-ақ айналып үлгереді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонайха ауданы
Суретті түсірген Ғылымбек Сəбитов