Қазіргі таңда жақсы оқулықтар тапшы. Осының орнын толтыру үшін арнайы байқау да ұйымдастырылды. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы мен Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы бірлесіп, кеше «Жоғары оқу орындарына арналған құқық қорғау саласындағы үздік басылым» атты І халықаралық байқаудың жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.
Шараның басты мақсаты – құқық қорғау саласындағы отандық және шетелдік авторлардың басылымдарына қызығушылықты ояту. Сондай-ақ, байқауды ұйымдастырушылар мәдени ынтымақтастық пен ғылыми байланыстарды нығайтуды көздепті.
Жиында сөз алған Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов халықаралық байқау еліміз Тәуелсіздігі мен прокуратура органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылып жүзеге асырылғанын атады. Ал кітапхана директорының орынбасары Тимур Шаймергенов, құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда кітаптың маңызы зор екенін айтты.
Байқауды ұйымдастырушы комитет Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей елдерінің ғалымдарынан келіп түскен 300-ге жуық оқулық пен ғылыми басылымдарды жан-жақты талқыға салып, ішінен 11 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтағаны белгілі болды.
Сондай-ақ, шара аясында Республикалық ғылыми-әдістемелік кеңеске мүше жоғары оқу орындары арасындағы «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша жыл сайынғы байқау қорытындысы жария етілді. Байқау ынталандыру мақсатында ұйымдастырылыпты. Және де «Үздік оқулық», «Үздік монография», «Үздік доцент», «Үздік оқытушы» және «Үздік жас ғалым» аталымдарында жеңімпаздар марапатталып, дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»