• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2016

Өмірдің өзі жаңалық

459 рет
көрсетілді

«Хабар 24» арнасы – тәулігіне жиырма төрт сағат ақпарат тарататын Қазақстандағы тұңғыш және бірегей арна. Жаңа маусымда телеарнада ребрендинг жүргізілген болатын. Бұл өзгерістер арнаға қалай әсер етті және болашақтағы жоспарлары жөнінде толығырақ білу үшін арна басшысы Арман СЕЙІТМАМЫТПЕН әңгімелескен едік. – Арман Балтабайұлы, «Хабар 24» арнасының құрылғанына 4 жыл болды. Осы уақыт аралығында арнаның өз аудиториясы қалып­тасып үлгерді ме? Қалай ойлайсыз? – 4 жыл көп уақыт емес, дегенмен толығымен қалыптасып үлгерді. Біздің ұжым осы мақсатта таңның атысынан, күннің батысына дейін қызмет етіп, тәулігіне жиырма төрт сағат бойы еліміздегі және шет мемлекеттердегі жаңалықты бірінші болып жеткізіп жүр. Арнада телехикая, кино немесе концерттік жобалар көрсетілмейді, тек ақпараттық-танымдық хабарларды және жаңалықтарды ұсынамыз. Олардың барлығы жүз пайыз отандық өнім. Сонымен қатар тілшілердің алдына қойылатын міндет – жаңалықтардың шынайылығы мен жеделдігі. Ақпарат тексерілген, ешқандай бояусыз, екі жақтың да пікірі бар, журналистің жеке ойынсыз беріледі. Мұның бәрі материалдың құнды, сенімді, дәйекті болуына алып келеді. Сондықтан, көрермен біздің арнадағы жаңалықтың шындыққа негізделгеніне еш күмән­дан­баса болады. Жалпы бізді көре­тін­дер саясаттан хабары бар, қоғам өміріне белсене араласатын, жоғары білімді адамдар. – Жоғарыда айтып кеткені­ңіз­дей, сіздерде ойын-сауықтық бағдар­ла­ма­лар жоқ. Эфирдегі жобалардың барлығы экономика, бизнес, туризм сынды салаларға арналған. Мұндай хабарларға көрермен тарапынан сұраныс бар ма? – Қазір телеарналарда «рейтинг» деген түсінік бар. Көптеген арналар жоғары рейтинг үшін таласып, саны бар, сапасы жоқ жобалардың санын көбейтті. Ал, біз рейтинг үшін қызмет етпейміз, жасап жатқан дүниелеріміз де рейтингпен өлшенбейді, бас­тысы – көрерменге сапалы материал ұсыну. Аудиторияның пікірін еске­ре отырып, жедел әрі қызықты жаңа­лықтар көрсетіп келеміз. Қа­зір­гі таң­да «Хабар 24» телеарнасын бүкіл қазақ­стандықтар тамашалай­ды, 8 миллионнан астам адам сайт қол­да­нушысы, 60 миллионнан ас­там адам «YouTube» желісіндегі парақ­ша­мызға кірген. Тіпті, жақында ғана рес­пуб­ликалық бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының басшыларымен кездес­кен Елбасымыздың өзі: «Хабар 24» арна­сын көремін, өте жақсы канал. Ақ­паратты шынайы түрде беріп отыр» деп, арнамызға оң бағасын берді. Мұнан артық не баға керек?! Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың көрсеткіші. Сонымен бірге, біздің Стратегиялық даму департаментінің қызметкерлері «Хабар 24-ке» қатысты сауалнама жүр­гі­зіп жатыр. «Біздің арнамыздан қан­дай бағдарлама көргіңіз келеді?», «Қандай тақырыптар қозғалуы керек?» және «Арна жүргізушілері ұсын­ған жаңалықтарға сенесіз бе?» деген сияқты сұрақтардың жауабы дайын­далып, нәтижелері шыққан соң сарапта­ма жасалады, болашақта сол бағытта жұмыс істейміз. – Осы маусымда ребрендинг жүр­гізілді. Арнаның контенті­н­де өзге­ріс бар ма? Жаңа бағдар­ла­ма­лар­ға тоқталып кетсеңіз.... – «Хабар 24» алғашқы күннен бас­тап тәулік бойы жаңалықтар тара­татын арна ретінде құрылды. Мақ­­сатымыз – ақпаратты бірінші болып жеткізу. Сондықтан, бұл жылы да көп өзгеріс болған жоқ. Жоғары­да айтқа­ным­дай, бұған дейін жаңалық­тар­ды қа­лай бердік, солай беріп жүрміз. Шыншылдық, жеделдік, әділдік – бұл біздің басты талап. Жаңа маусымда тікелей көрсетілімдердің саны артты. Осы жылы біз 354 рет тікелей қосылым ұйымдастырып, жаңалықтарға 29 460 сюжет әзірледік. Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін мемлекеттік маңызы бар іс-шара біздің арнаның тікелей эфирі арқылы көрсетіледі. Мәсе­лен, республикамыздың барлық облыс­тарының әкімдерінің есебін, министр­лер мен Үкімет отырыс­тары­ның қорытындысын көрермен дәл біз­дің арна арқылы көрді. Техникалық мүм­­кіндіктеріміз жақсарып, өнім­деріміз­­дің сапасы арта түсті. Көрер­мен­ге мәде­ниет, спорт, туризм және эко­но­мика салаларына қатысты пайдалы ақпарат беріп келеміз. Жоба­лар­ды дайындайтын продакшн ком­панияларға қойылатын талап­тар өзгерді. Бұрын ақпараттық-таным­дық хабарларға тапсырыс берсек, қазір ақпараттық-сараптамалық бағ­дар­­ламаларды талап етудеміз. Мы­сал үшін айтсақ, «Бастау керек» бағдар­ламасы қосылды. Кішігірім ток-шоу жанрындағы жобаға әртүрлі кейіп­кер­лер келіп, өз басындағы күрделі мәсе­лелерімен бөліседі. Студияға сол мәсе­леге қатысы бар сала мамандары шақырылып, түйіннің түйткілін шешуге тырысамыз. Сонымен бірге «Драйв» жобасын ұсындық. Қазіргі заманда ерлер болсын, әйелдер болсын көлікке өте қатты қызығады. Сон­дықтан автокөлік жайында арнайы бағдарлама ашуды жөн көрдік. Жаңа хабардың авторлары елімізде және бүкіл әлемде шығарылып жатқан автокөлік өндірісінің жаңалықтары мен даму барысы туралы сөз етеді. Бұл отандық және шетелдік көліктер туралы шынайы және кәсіби тұрғыдан жасалған шолу. Мәдени жаңалықтарды іздеген адамдар үшін «Мәдениетке сая­хат» деген хабар аштық. Ұлы Дала­ның мәдени өмірі жанданып тұр. Сонау ықылым заманнан бастап, күні бүгінге дейін еліміздің барлық өңір­лерінде ән, би, көрмелер, сан алуан қойылымдар, концерттік шаралар жиі-жиі ұйымдастырылады, соның бәрі жаңалық. Біз көп ұлттың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстырған, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекетпіз. Сол ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін, бүгінгі жағдайы туралы бейнелейтін «Шаңырақ» атты жаңа жоба жарыққа шықты. Сонымен қатар, «Олимп», «Саяхат», «Заң жобасы», «Хайтек» сын­­ды көптеген хабарлар бар. Деген­мен, тағы қайталағым келеді, біз – жаңа­лықтар арнасымыз. «Өмірдің өзі­ жаңалық» деген ұранды ұстанған арна ретінде біз үшін бірінші кезекте – жаңалықтар! – ВВС қызметкерлері «Бір сағат­қа­ кешіккен жаңалық жаңа­лық емес», – дейді. Ал сіздің журналистер қан­дай ұстаным бойынша жұмыс істей­ді? – Елбасы айтқандай, «Хабар 24» –  еліміздің басты ақпараттық арнасы. Ал, ақпарат дегеніміз не? ол – материалды дер кезінде беру, бірақ толыққанды, шынайы етіп ұсыну. Жаңалықтарда ешқашан жалған сөйлеуге болмайды. Біріншіден, тексерілмеген мәлімет беріп, көрермен сенімінен айырыласың. Екіншіден, «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген ата-бабамыз. біз мем­лекеттік мәселелер төңірегінде сөз қозғағандықтан, әрбір сөзге жауап­кершілікпен келеміз. Оқиға қайда, қашан және қалай болды, адам шығыны бар ма деген сияқты мәселелерді нақты анықтаған соң ғана, эфирге берілуі тиіс. Ақиқатты анықтау әр қалай болады, кейде бұл бір сағат уақытты алуы мүмкін, ал кейде ресми органдардан жауап күтіп қаламыз. Айтып кеткендей, тікелей эфир саны артты. Оқиға орнына тілшіміз барып, бірден халықпен байланысқа шығады. Одан артық, одан тез жұмыс істеу мүмкін емес сияқты. Сондықтан біздің ұстаным жылдамдықпен қатар шынайылық деу­ге болады. – Заман талабына сай адамдар жаңалықтардың барлығын әлеу­мет­тік желілер арқылы оқып, қарап жүр. Сіздер де бұл жағы ескерілуде ме? – Әрине, ол жағын да ескердік. Біз­дің арнаның ресми сайты бар – «24.kz». Ол эфирдің айнасы сияқты, теледидарға шыққан контенттің бар­лығы сол жерде сақтаулы. Оның үстіне эфирге шыға бермейтін кейбір эксклю­зивті материалдарды сайттан қарауға болады. Ең бастысы «Хабар 24» сайты қолдануға оңай, жаңа­лықтарды іздеу барысы жеңіл, оқыр­ман үшін ыңғайлы етіп жасалған. Сон­дай-ақ барлық әлеуметтік желілер­де парақшаларымыз бар, мобильді қосымшамыз да жұмыс істейді. – Арнаның жұмысы, контенті ту­ралы толық білдік. Тағы қандай мақтаныштарыңыз бар? – Қазақстанның барлық аймақ­та­рын­да арнайы тілшілер қосыны жұмыс істей­ді. Олар кез келген уақытта тіке­лей эфирге шығуға мүмкіндік беретін жыл­жымалы телевизиялық стансалар­мен қамтылған. Сонымен бірге, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ және Еуропа мемлекеттерінде 8 ресми тілшіміз және 5 фрилансеріміз бар. Келесі жылы қосымша 6 фрилан­сермен жұмыс істеуді жоспарлап отыр­мыз. Мұны мақтанышпен айта ала­мын. Журналистеріміз өз істерінің ше­бері, шама-шарқы келгенше жақсы жұмыс істеп жатыр, берген тапсырманы дұрыс орындап келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ