У-шу, азан-қазан. Аспан айналып жерге түскендей. Айқұлақтанып, атойлаған, ышқынып, қиқулаған желөкпе жанкүйер.
Қырық шақырымдық қашықтықтың қақ жартысын еңсерсе де құйысқанның асты ғана ақ сабынданып, терлеген көкқасқа жақтан суырылған жалғыз жебедей ағып келеді.
Әп еткен бетте бәйгеге қатысқан жүз қаралы жүйрік ауыздығымен алысып, біртұтас шоғыр болып шыққан. Екінші, әлде үшінші айналымда әлденеше топқа бөлініп, бытырай бастады. Бесінші, алтыншы айналымда шаң қауып қалғандарының қарасыны молайып, ілгері озған екі шоғыр бір-бірімен үзеңгі қағыстырып, құйрық тістесіп, тайталасқа түскен. Жер танабын қуырған жүйріктердің қайыстай созылған тұрқы әдеттегіден сәл ұзарып, жермен жексен болып, шабысқа шабыс қосып, үдетіп келеді. Жылқы емес, құтты намыстың жарысындай. Алдыңғы екі топта он шақты жүйрік бар. Бұлар қазақ елінің маңдайға басқан шын тұлпарлары. Сол тұлпарлардың алдында тура оқ бойы көкқасқа қара үзіп, жалғыз өзі келеді. Міне, он екінші, соңғы айналым. Қарақшыға арқан бойы қалғанда көкқасқа маңдайға ұрғандай кілт тоқтады. Он екі айналым бойы алдына жылқы салмаған, үзеңгі қағыстырмаған, үзеңгі қағыстырғаныңыз не, құйрық тістетпеген, тіпті одан да әрі, құрық салым жерге жақындатпаған, жаратқан ие өзгеден артық жаратқан, табанына жел бітірген жампоз, туа бітті жүйрік, әу, баста асыл туған шын тұлпар екен көкқасқа.
Айғай-сүрең салған көтермеші топтың арасындағы жазарман ағайын жапа тармағай суретке түсіре бастаған. Бейне таспаға тартылып жатыр. Бірақ, көкқасқа қарақшыдан өтпеген. Шамасы бәйге атының басында шапқан он бір-он екілердегі қара бала бәйгенің шарты бойынша қарақшыдан өту керектігін білмеген, білсе де мынау дырду-дүрмектен есі шығып, ұмытып кеткен. Жанашыр топтың ақырып айтқан ақылын да, нұқып көрсеткен нұсқауын да ұғар емес.
Өйткені, ол тіл-ауызы жоқ әрі құлағы естімейтін ғарып еді.
Семейде Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойындағы ат бәйгесінен есінде қалғанын Краснояр селосындағы балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебінің ат бапкері Қалым Құлтасов осылай баяндап берді.
– Ондай ғарып баланы жүйрік аттың басында шаптырғаны несі,–дедім мен.
– Ырым. Біз көрмеген, еміс-еміс естіген бағзы заманнан келе жатқан көне ырым болса керек-ті. Жаратқан иеміз тіршілікте көп жылатқан пендесін әйтеуір бір қуантуға тиісті. Ғарып балаларды жүйрік аттың басына мінгізіп шапқызу баяғыдан бар дүние.
Қалым Құлтасов Чкалов ауданына қарасты Кеңес ауылының тумасы. Қазір ол ауыл жоқ, тарап кеткен. Қалым тәрізді жер-жерде тіршілік құрып жатқан азаматтардың көкейінде ғана сақталған. Қалым Қаймолдаұлы да туған ауылын жиі еске алады. Әкесі Қаймолда жүйрік баптаған, бәйгеге ат қосқан адам. Әлі есінде, жүйрік қарагер биелері болып еді. Сол биені жаратып, төңіректегі 4-5 ауылдың әлдебір тойларында, айтулы мерекелерде, оның өзінде де тым сирек өткізілетін бәйгеге қосушы еді. Әкесінікі арғы ақсақалдардан естіген, көне заманнан жеткен қағиданы өз бойындағы түйсікпен ұштастырып, дамыту болатын. Қазіргі ат жарату сол кездегімен салыстырғанда мүлдем басқаша сипатта. Сан жылдар бойы ат жаратып, бәйгенің алдын бермей келе жатқан Қалым Құлтасов былай дейді:
– Алдымен ат тұқымы туралы айту керек. Қазір қазақы ат, қазақ жылқысы бәйгеге қосуға жарамайды. Мақтаулы араб жылқысы да. Олардың тілерсегі осал, белі бекем емес. Тыз етпе. Жақын, қысқа қашықтықтарды алуы мүмкін. Ал, аламанға салу бос дәме. Түркіменнің атақты ақалтекесі де солай. Түркімен жылқылары әп еткен бетте бойын жаза алмағандай бұлталақтап, содан соң кәдімгі ор қоян сияқты ытырынып шапқанда, көз көрім жерге дейін қара шалдырмайтын ұшқырлықтары бар. Бірақ, шын тұлпардың тұлпарлығы сыналатын аламанға жарамайды. Рас, өзге жылқыдан көрікті, қамыс құлақтарын қайшылап, аққу мойындарын иіп, бір орнында тұра алмай, біресе билеп, біресе дөңгеленген суреті алпыс екі тамырыңдағы бар қаныңа жан бітіріп, асқақ рух, айрықша сезім сыйлағанымен бұл тек сырт көрініс қана. Талмай шабу үшін жылқыға өзгеше жаратылыс керек. Бұрынғының тұлпарлары былайша сипатталған ғой: «Шырақтай жанған томағакөз. Еріні етектей жайылған. Қас албасты қабақты. Шықшыты оралып жатқан түбектей. Бауыздау жері піскен алма сағақты. Құлағы көлге біткен құрақтай. Құлжа мойын. Жауырыны сыпыра жапқан тақтайдай. Омыртқасы тақтайдай. Мықымы тар. Кебеже қарын. Кең құрсақ. От орнындай тұяқты».
Қазіргі жылқы бағатын, жүйрік баптайтын мамандардың айтуына қарағанда, қазақы жылқының бағын байлап жүрген кесапат – бәйге жолының қысқа болуы. Мәселен, бүгінгі аламан бәйге деп жүрген ең ұзақ қашықтық 25-30 шақырымнан аспайды. Шын тұлпардың бабы мен бағы қатар сыналатын бұрынғы бәйге ең аз дегенде 50-60 шақырым болатын. Алаштың төл тұлпарлары ағылшын, араб аттары сияқты бір жарыстан соң қалжырап, сенделіп қалмай, бір суытып алғаннан кейін-ақ зар күйіне енетін. Бірақ, ондай қазанаттың тұқымы тұздай құрып кетті. Оның ең басты себебі, кешегі ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда алыс-жақын шетелге үдере көшкен мыңды айдаған байлардың ақтылы жылқысының көшкен елмен бірге ауып кетуі. Мың сан тұлпар, тұлпар туатын кебеже қарын, кең құрсақ асыл биелер бірге кетті. Көшкен елдің жұртында шайышқақтаған бұзауға қуып жете алмайтын қаны бұзылған мәстек, жауыр болған жабы ғана қалды. Содан барып, жылқы тұқымы азып кетті.
Оның үстіне кешегі кеңес заманында репрессия арда Алаштың баласына ғана жасалған жоқ, жылқыға да жасалды. Темір тұлпарға қол артқан жұрт жылқыны керек қылмады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, ит жүгіртіп, құс салу, ат баптап, бәйгеге қосу там-тұмдап жандана бастады.
– Аты келіскенмен, бабы келіспесе, жүйріктің бағы қайтады,–дейді Қалым Құлтасов, – Мен өз жүйріктерімді өзім жемдеймін. Мал азығының құрамында тиісінше сәбіз, қант, сұлы, алма, тұз тәрізді құрама жемдердің болуын әр күн сайын қадағалап отырамын.
– Қанты несі? – деймін мен.
– Қант глюкоза. Жүйріктің ағзасы қажетінше түрлі витаминдерді алып тұруы керек. Балаша мәпелеп бақпасаң, бағы жана ма? Бізге дейінгі ат ұстаған бапкерлердің тәжірибесі бір бөлек. Біздікі басқа. Жүйрікті әуелі семіртіп, жілігіне май жүгіртіп, қоңдандырып аламыз. Бірақ, оның қазысында май болмауы керек. Қазысына май байланған жүйріктің іші қызып, өліп қалуы да мүмкін. Ал, жілік майын үзіп алсаң, ондай жылқыда күш болмайды. Бұрынғылар жүйрік атты жазды күні түнде қоя беріп, күндіз үш мезгіл биенің сүтін беріп, семіртіп, тұмшалап жауып, мама ағашқа байлап қойған. Бәйгеге қосардан бір күн бұрын терін алған. Терін алу үшін көбіне ауаның тымық кезін пайдаланған. Сауырдан құлақ түбіне дейін қалың текеметпен ауа өтпейтіндей етіп, тұмшалап жауып, үстіне салмақты жігіттердің бірін мінгізіп, сүйегіндегі сасық тер әбден шыққанша әрі-бері желе шоқытып жүрген. Содан соң бәйге атының ер тоқымын сыпырып тастап, әбден қас қарайып, көз байланғанша жетелеген. Жылқы жата қап аунап, сілкініп түрегелгенде бір уыс ақ сұлы беріп таң асырған. Біз де негізінен, бабаларымыздан қалған тәжірибені ұштастырғанымызбен, тер алу әдісі сәл басқаша. Біз жүйрікті ыстық моншаға түсіреміз. Ыстық бу жүйріктің бойындағы арам терден бір тамшы қалдырмайды. Бір мәрте түсіріп алғаннан кейін, желе жортып, тер шыққанша жүгіртіп, содан соң тердің дәмін көреміз. Кермек дәм жойылса, жылқының бойы тазарғаны.
– Әне бір жылдары Қызылжардың ат шабарында тоғыз жүйрік мәреге жетпей, жығылып еді. Шамасы, жүйрік аттарға бәйгенің алдында допинг береді деген желсөздің шын болғаны ғой – сұрадық атбегіден.
– Біз өзге әріптестеріміз туралы ғайбат сөз айтудан аулақпыз. Жұртта жұмысымыз жоқ. Өзіміз ондайға әуес емеспіз. Біздің тұлпарларымыз бәйгеде өз бойындағы жаратқан иеміз сыйлаған мүмкіндіктері арқылы әрі біздің жыл он екі бойы күтіп-баптап, арнайы жаратқанымыздың арқасында алдына қара салмайды. Менің «Рекорд» деген ағылшын тұқымды тұлпарым бірнеше республикалық, облысаралық жарыстарда сан мәрте бас жүлде алды. Бес рет жеңіл машина олжа еттім. Ал «Раут» деген жүйрігім, ол да ағылшын тұқымды жылқы, бірнеше жылдан бері алдына жүйрік салған емес. Рауттың арқасында алты машина ұттым.
Екібастұз қаласында өткен аламан бәйгеге өз елінде елуден астам бәйгенің алдын бермеген ерен жүйріктер қатысты. Менің «Раутым» он екі айналым бойы жеке-дара келді. Сол бәйгеде атқұмар байшыкештер менің Раутыма 80 мың доллар санап берді. Бірақ, алмадым.
Шабысы аңызға айналған «Раут» осы күні Красноярдағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің ат қорасында тұр. Жас сәбидей мәпелеп күткеннен кейін сан жылғы сайыстан қалжырағаны, жарыстан жүдегені байқалмайды. Қамыс құлақтарын қайшылап, болат тұяғымен жер тарпып, шабыс тілейтіндей оқырана қарайды жануар. Атбегілер «Рауттың» сан бәйгеде жүлде алған, ел мерейін өсірген, өз мәртебесін биіктеткен еңбегін қалай ұмытсын.
Атбегі Қалым Құлтасовтың айтуына қарағанда, ендігі арада қазақы жылқыдан тұлпар шығады деп дәмелену қиын. Тағы бір атбегілер қазақы жылқы соғым ғана дейді.
Әзірге ағылшын тұқымды жүйріктердің ғана бағы жанып тұр. Сан ғасыр бойы Алашқа адал қызмет еткен ер жігіттің қанатына баланған қазанат тұлпардың тұқымы қашан жаңғырар екен?..
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист
Ақмола облысы