Астана кәсіпкерлерінде қала ішінде сауда жасайтын нүкте иемдену мүмкіндігі пайда болады. Алдағы уақытта қала билігі жерді субарендаға беруге байқау жариялайды. Оған шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады, деп хабарлайды қаланың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
Байқауға өтініштер 2017 жылдың 6 қаңтарынан бастап www.smart.astana.kz порталы арқылы беріледі. Ол үшін электронды кілт пен сайтта тіркелу керек.
Сонымен қатар, мына құжаттар болу керек:
өтініш-анкета(үлгі бойынша);
Жеке кәсіпкерлік немесе заңды тұлғаның тіркелгені туралы куәліктің көшірмесі;
қажет болған жағдайда кәсіпкерлікке құзіреттілікті растайтын құжат;
сол уақытта салық бойынша қарыз жоқтығы туралы анықтама;
9 шаршы метрден аз көлемде жер сұрайтындарға сауда нысанының эскиз сызбасы керек. Оның ішінде жалпы мәліметтер, сызба, фасад, жалпы көрініс, сыртқы көрінісі көрсетілген нысанның паспорты, қандай материалдардан дайындалғаны, оны дайындаған жердің мекен-жайы болуы тиіс;
9 шаршы метрден көп жер сұрайтындарға дүкенді дайындаған жердің мекен-жайы көрсетілген мәлімет керек.
Қазіргі таңда қала билігі Астанада сыртқы саудаға 300 жер телімін бермекші. Жерді азық-түлік, гүл, сувенир, тұрмыстық және авто бұйымдар мен түрлі жөндеу заттарын сату үшін алуға болады.
Субарендалық жер телімдері 9-80 шаршы метр аралығында 7 жылға беріледі. Оның жалдау құны жылына шамамен 70-400 мың теңге.