• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2016

«Барыс» қақпашысы: Қазақстан мен Канаданың ауа райы өте ұқсас

415 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана Астананың «Барысы» өз айдынында Магнитогорскінің азулы «Металлургін» қабылдап, 5:3 есебімен жеңіске жеткен. Матчтың қорытындысы жайлы канадалық қақпашы Кевин Пулен айтып берді. «Жанкүйерлер үшін қызыққа әрі тартысқа толы ойын болса, біз ауыр матч өткіздік. «Шығыс» конференциясында көш бастап келе жатқан азулы командаға қарсы тұру оңай емес. Шабуылда сәтті өнер көрсетіп, қорғанысқа да сақтықпен қарадық. Осының арқасында үш ұпай алып, плей-офф кезеңіне жолдама алатын орыннан қозғалмадық. Дегенмен, 7-8-орындардың арасы да өте алыс емес. Бір ойыннан мүлт кетсең өкшелеп келе жатқан ұжым басып озады да кетеді», – дейді канадалық қақпашы. «Металлург» сапында өнер көрсететін үздік шабуылшылардың бірі Сергей Мозякин Кевин Пуленге алғашқы шайбаны соққан болатын. Оның ойыны жайлы: «Ойынға жан-тәніңмен берілген кезде, кімнің мықты, кімнің осал екеніне мән бермейсің. Әрине, Мозякин бұл турнирде көптен бері ойнап келеді, тәжірибесі де мол», – деді. Спорттың қай түрі болмасын бас жаттықтырушының қолданған тактикасы, ұстанған жоспары өте маңызды. Ал Эдуард Занковец азуын айға білеген «Металлургке» қарсы қандай айла қолданыпты? «Бірінші кезең біз үшін өте сәтті болды. Мұндай ұжымға қарсы 20 минуттың ішінде төрт бірдей гол соғу оңай жұмыс емес. Шамасы, бұл маусымда дәл осындай нәтиже көрсетпеген шығармыз. Үзілісте бапкеріміз жинақылық танытып, қарсыластарымыздың біреуін де назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті. Себебі, тәжірибелі команда орайы келген сәттерді жібере қоймайтыны анық. Ал үшінші кезеңде барынша сақ ойнау керектігін, эмоцияға беріліп, тәртіп бұзбауымызды кеңес етті», – деді канадалық легионер. Астаналықтар бірінші кезеңде жауапсыз төрт гол соққанмен, матч барысында үш шайба жіберіп алды. Мұндай сәтте қолда тұрған жеңістің сусып кетуі ғажап емес. «Қонақтардың дәл осындай көрсеткішке жетуі ойынның бір бөлігі. Екінші кезеңде олар бірнеше рет ойыншы басымдығына ие болып, ұтымды пайдаланды. Бұл кезде ашуға беріліп, сабырсыздық танытудың соңы үлкен қателікке әкеледі. Себебі, матчтың аяқталуына әлі біраз уақыт бар. Өзіміздің шабуылымызға қарап, жеңісімізге сенімді бола түстім», – деді «Барыс» ойыншысы. Сұхбат барысында жанкүйерлерге командасы неғұрлым көп гол соққаны ұнайтыны айтылды. «Әрине, ірі есеппен ұтқанымыз жақсы. Бір жағынан өзіңе үміт артқан жандарға қарап, қақпаңды голдан аман ұстағың келеді. Дегенмен, қарсы ұжымның шабуылы кезінде бар өнеріңді паш еткенге не жетсін!» – деді ол. Кевин Пуленнің Қазақстанға келгеніне бірнеше айдың жүзі болды. Жаңа командаға, жаңа елге бірден үйренісіп кету кімге болсын қиындау. «Екі елдің өмір сүру салты екі түрлі болғанмен, ұқсас тұстары да жоқ емес. Мәселен, ауа райы: қақаған қыстың аязы, толассыз жауған қар. Қазір отбасым қасымда. Сондай-ақ, Астанада жақындарыммен қыдыратын жерлер өте көп. Мысалы, бізге «Хан Шатырда» көңіл көтерген ұнайды. Балаларымды ойын автоматтарынан әрең алдап алып шығамын. Ал жасанды жағажайдың орны тіптен бөлек. Қыстың суығында тоңып келгенде тропикалық елдердің біріне түсіп кеткендей боласың», – деді. «Үш айға жуық уақыт ішінде Құрлықтық хоккей лигасына үйрендім деп сеніммен айта аламын. Ылғи да өзіңді жаңа қырыңнан көрсеткен жақсы. Әрине, стилі, ойын мәнері солтүстік америкалықтардан ерекшеленеді. Тек аздап сабыр сақтай біліп, жаттықтырушының айтқанын бұлжытпай орындасаң болғаны. Ұлттық хоккей лигасы (ҰКЛ) мен Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) айырмашылық мұз айдынының көлемінде. ҰКЛ-дің көлемі қысқа болғандықтан, сәйкесінше ойлануға да уақытың аз. Айдынның қай тұсынан соққы жасаса да голға айналуы әбден мүмкін», – деді легионер.