• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2016

Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі

219 рет
көрсетілді

2017 жылдан бастап көктемгі далалық жұмыстарға берілетін кредит жылдық 3%-ға дейін азайтылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова мәлімдеді. Оның айтуынша, өсімдік өсіру өнімдерін тиімді дамыту мақсатында өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымына байланыстыра отырып, өндірістерді өңірлік мамандандыру қамтамасыз етілетін болады. «Бұл мақсатта өнімді сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын салу, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалану, сондай-ақ жоғары репродукциялы тұқым өндіру және пайдалану қолға алынатын болады, соның арқасында мол астық және сапалы өнім алуға мүмкіндік туады», – деді А.Қажыбекова. Сондай-ақ департамент директоры гектар бойынша субсидиялаудан қайта өңдеуге берілген өнімді субсидиялауға өту өсімдік өсіру саласындағы басты өзгеріс екенін атап өтті. «Қайта өңделетін майлы дақыл мен қант қызылшасын субсидиялау қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын арттыруға ықпал етеді», – деді ол. Бұдан бөлек, көктемгі егіс жұмыстарына арналған несие дәнді дақылдардан басқа, картоп, көкөнiс-бақша, майлы және басқа да дақылдарды егуге беріледі. А. Қажыбекованың айтуынша, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қаржы ұйымдары арқылы берілетін несиелер бойынша тиімді пайыздық мөлшерлемені белгілеу жоспарлануда. «Мәселен, келесі жылдан бастап көктемгі-далалық жұмыстарға арналған кредит соңғы тұтынушы үшін 3 %-дық жылдық мөлшерлемемен беріледі», – деді департамент директоры. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".