Жаңақорған ауданы Сунақата ауылының тұрғыны Өмірзақ Ермаханов мотоциклдің қозғалтқышын тракторға орнатып, қолдан құрастырған көлігін тұрмысына пайдаланып отыр, деп хабарлады «ҚазАқпарат» аудандық әкімдікке сілтеме жасап.
Өмірзақ ағаның құрастырған тракторы ауыл жұртшылығына жақсы танымал. Қарапайым ғана ауыл тұрғыны қолда бар темір-терсектен трактор құрастырып, өзінің игілігіне пайдалануда. Көлік шағын әрі ыңғайлы. Тіркемесі тағы бар. Малдың жем-шөбін, үйдің отын-суын тасуға таптырмас дүние. Бүгінгі күні ең арзан трактордың бағасы кем дегенде 4-5 млн. теңгеден асып жығылатыны белгілі.
«Жасыратын түгі жоқ. Негізгі бөлшектерін алуға 60 мың теңге жұмсадым. Қалған темір-терсегінің барлығы өзімнен шықты. Дәнекерлеуші маман болғандықтан трактордың қыр-сырына қанықпын», – дейді өнертапқыш.
Трактордың моторы мотоциклдікі болғандықтан жанармайды аз қолданады. Бастысы, үйдің шаруасына жарап тұр.
Өмірзақ Ермаханов заманға лайықталған бұл көлікті келешекте жетілдіріп, басқа да игілікке пайдалану ойда барын жасырмайды.