Қазақстанда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тыңайтқыш қолданғаны үшін берілетін мемлекеттік субсидия жүйесі өзгертіледі. Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайда өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде агрохимияны дамыту үшін тыңайтқыштар мен гербицидтерге субсидия беріліп келген еді. Бірақ, бізде тыңайтқыш былай субсидияланатын: егер біз тыңайтқышты отандық өндірушіден сатып алсақ, онда субсидия 50 пайыз көлемінде, ал егер тыңайтқыш импорттық өндірушіден алынса, субсидияны 30 пайыз көлемінде төлейтінбіз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сапалы, жақсы тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануға ынталандыру үшін пайыздық емес абсолюттік мәнде субсидиялау туралы шешім қабылданды», - деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, ендігі уақытта аграрий отандық немесе шетелдік өндірушінің тыңайтқышын сатып алғандығында ешқандай айырмашылық болмайды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер белгілі бір тыңайтқышты сатып алған кезде қандай субсидия және қандай көлемде алатындығын білетін болады. Импорттық немесе отандық принципі бойынша жіктеу болмайды. Мәселен, құрамында азоты бар тыңайтқыш болса онда импорттық немесе отандық екендігіне қарамастан субсидиялаудың бірыңғай нормативін алады. Субсидия нормативі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітіледі», - деді Қажыбекова.