Елордада «Астана – мейірімді қала» қайырымдылық акциясы аясында көмек көрсету жалғасып жатыр, деп хабарлады Астана әкімдігі.
«Есіл» ауданы әкімінің аппараты 1 желтоқсаннан бері асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын 800 адамды қамтыған. Олар үшін азық-түлік жинақтары дайындалды. Акция өтетін уақытта аз қамтылған, көп балалы отбасылар қатарынан тағы 30 адамға аудандағы ұйымдар қайырымдылық көмек көрсетті.
«Алматы» ауданы әкімдігінің мәліметінше, «Астана - мейірімді қала» акциясы шеңберінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына көмек көрсетілді, барлығы 1000-ға жуық адам қамтылды. Шараға бизнес қоғамдастық, аудандағы 35 жалпы білім беруші мектеп және мердігер ұйымдар қатысты.
«Сарыарқа» ауданы бойынша 1350 отбасыға көмек көрсетілді. Соның ішінде 10 отбасыға қатты отын, 10 отбасыға – құрылыс материалдары, 1320 адамға азық-түлік өнімдері жеткізілді.
Айта кетейік, елорда әкімдігі бастауымен «Астана – мейірімді қала» акциясы желтоқсан айының басында басталып, 31-ші желтоқсанда аяқталады.