• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2016

«Қазақстанның құрметті азаматтарына» пәтер кілттері табысталды

119 рет
көрсетілді

BI Group компаниясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақстанның құрметті азаматы» жобасын ұйымдастырған болатын. 6 желтоқсанда тәуелсіз сарапшылардың шешімімен таңдалған 10 үміткерге бүкілхалықтық дауыс беру басталды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алмасу алаңында дауыс беру нәтижесі жарияланып, «Қазақстанның құрметті азаматы» анықталды. 2016 жылдың 15 қарашасында басталған жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам үміткердің өтінімі ұсынылды. Сарапшылар кеңесі – Аружан Саин, Ерлан Қарин, Айдос Сарым, Айбек Алдабергенов, Вадим Борейко, Әсел Қарауылова, Сергей Пономарев, Досжан Табылды, Әлішер Елікбаев, Ержан Рашев, Денис Кулькин, Нүркен Халықберген, Евгений Кочетов екі мың үміткердің өмірбаянын зерттеп, қызу талқылаудың нәтижесінде лайықты деген он азаматты анықтады. Олар: мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқын қорғаушы – Алмаз Ержан, «Быть или не быть» фильмінің авторы – Азиз Заиров, «Клуб 28 петель» жобасының негізін салушы – Карла Нұр, көпбалалы әке – Мұрат Кабылбаев. Қазақстандағы бірінші «Детский хоспис» және «Здоровая Азия» қорының негізін салушы – Нағима Плохих, талантты музыкант – Азамат Темирбаев, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ онкогематология бөлімшесінің әлеуметтік жұмыс маманы – Марина Чейшвили, халықаралық гроссмейстер – Жансая Әбдімәлік, ұшқыш – Дмитрий Родин және режиссер – Ермек Тұрсынов. Әрбір үміткердің ерен ерлігін немесе өлшеусіз еңбегін баяндайтын бейнесюжеттер түсіріліп, мақалалар жазылды. Осылайша, кез келген қазақстандық bi-azamat.kz сайтында үміткерлердің өмірлік тарихымен танысып, қалаған қатысушыға дауыс беруге мүмкіндік алды. Сонымен, желтоқсанның 25-нен 26-на қараған түні бүкілхалықтық дауыс беру тоқтатылды. Алғашқы күндерден-ақ өзге қатысушылардан айтарлықтай басымдықпен алға шыққан Мұрат Кабылбаев пен Марина Чейшвили дауыс берудің соңына дейін қатарласып келді. Осылайша, BI Group компаниясы ең көп дауыс жинаған екі үміткерді де жобаның жеңімпазы деп танып, екеуіне де екі бөлмелі пәтерлердің кілттерін табыс етті. Ал қалған 8 үміткер 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".