• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2016

Әлем назары – «Астана Операда»

224 рет
көрсетілді

Мән берсек, Ұлы Дала елінің мәртебесін көтеруде Қазақ опера өнері жұлдыздарының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екен. Бұл ретте біз өткеннің өнегесіне қарап көп үлгі алуға тиісті сияқтымыз. Мәселен, кешегі кеңес дәуірінде орыс опера өнерінің кемесін өрге сүйреген Галина Вишневская, Елена Образцова, Елизавета Шумская, Ирина Архипова, Ирина Богачева сияқты саңлақтарды ондағы телеарналардың әлі күнге жекелеген бағдарламалар арқылы құрметтеп, ұдайы насихаттап жатуының өзіндік себебі бар. Халқымызда «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз бар емес пе? Өзімізді өзіміз көріп-білмеу, танымау – үлкен мін. Сондықтан әуелі өзіміз «қолда бар алтындарымызды» қадірлей білгеніміз абзал-ау деген ойдың осындайда оралуы өте заңды. Әрине, бұл ретте алдымен қазақ ұлттық опера өнерінің негізін қалаушы Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Әнуарбек Үмбетбаев, Күләш Байсейітова, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Шабал Бейсекова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова... сынды аға ұрпақ өкілдерінің орны қашанда биік болып қала берері сөзсіз. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі аралықта қазақ ұлттық опера өнерінің қатары кәсіби білікті, жас дүлдүлдермен толықты. «Тас бұлақтың суындай, сылдырлап өңкей келісім» демекші, әлем сахналарында әуелеген әсем әуездер, биік шоқыдай көз тартатын көркем үндер қаншама десеңші! Осы орайда қазақ ұлттық опера өнерінің саңлағы, Еуропалық өнер одағының «Golden Europe» сыйлығының иегері, «Карнеги-Холл» (Нью-Йорк) залында жеке концерті өткен Нұржамал Үсенбаеваның, «Гранд-опера» (Франция) театрымен арнайы келісімшартқа отырып, бірнеше жыл бойы сонда өнер көрсеткен Майра Мұхамедқызының өнердегі шыққан биіктерін бүгінде Ресейдегі «Үлкен опера» жас орындау­шылар телевизиялық байқауының жеңімпазы Салтанат Ахметова, Милан консерваториясын, «Ла Скала» театры жанындағы музыка Академиясын бітірген Мария Мудряк, «Үлкен опера» телевизиялық байқауының биылғы қатысушысы, «Астана Опера» театрының солисі Сүндет Байғожин мен кезінде Женева Үлкен театрында басты партияны сәтті сомдаған Медет Шотабаев сияқты жастардың лайықты жалғастырып жүргенін атап өткен жөн. Баяғыда қазақ әншілері үшін өнер көрсету қол жетпестей арман болған операның ошағы – Италия мен Еуропаңыз қазір отандық опера жұлдыздары үшін аспандағы айға қол созу емес. Елімізден мұнда небір бұлбұл көмейлер тамылжыта ән шырқап, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Дүние жүзінің барлық елінде дерлік Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Жекелеген өнер шеберлері ірі халықаралық байқауларда жүлдемен марапатталуда, танымал сарапшылар тарапынан жоғары баға берілуде дегенді күнде болмаса да айына бір-екі рет есту – үйреншікті жайт. Театрлар арасындағы гастрольдік сапарлар қайта қалпына келтірілуде. Сахналық дәстүрлі байланыстар шығармашылық өсуге мүмкіндіктер ашуда. Руханиятымыздың көл-көсір байлығын шартарапқа насихаттау аясы кеңіді. Және ең бастысы, бұл дәстүр ешқашан саябырсыған емес, қайта, керісінше, Қазақ елінің мәдениеті мен өнерін таныту мен насихаттауда мәдени көштің бірте-бірте басқаша сипат ала бастағаны қуантады. Өйткені, бүгінде біздің «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өнер көрсету шетелдік өнер шеберлері үшін үлкен мәртебе болып саналады. Соңғы он жылда бой көтерген зәулім де әрі сәулеті жағынан әлемдік інжу-маржандармен теңесетін жалғыз ғимарат осы екен. Салыстырсақ, Италиядағы «Ла Скала» театры 3600 кісілік, ал Рим опера театры – 2200 орындық, Париждегі «Гарнье» театрының концерт залы 1900 көрерменге қызмет көрсетсе, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 1500 адамға шақталған. Мұндай заманауи үлгідегі ғажайып сәулет өнерінің туындысы бүкіл дүние жүзін қамтығанда, өзінің сыйымдылығы жағынан әлем бойынша бүгінде төртінші орынды иеленетіні шындық. Бұрын «Ла Скала», «Ковент-Гарден», Үлкен театр сахналарында өнер көрсету әншілер үшін үлкен жетістік саналса, қазір ондағы танымал солистердің мұнда ат басын бұрмайтыны кемде-кем. Осыған қарап, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде Қазақстанды әлемге танытуда сырттағы сапарлар үлкен рөл атқарды десек, ал қазір, керісінше, Қазақстанға қызығушылығы артқандардың көші басым түсіп жатқаны шындық. Яғни, шетелдік өнер шеберлерінің Ұлы Дала елін танып-білуге деген сүйіспеншілігі еселене өсуде. Бастапқыдағы бір жақты сапардың бірте-бірте жаңаша сипатқа ие болып, айқыш-ұйқыш екіжақты сапарларға ұласуы, өзара шығармашылық байланыстың теңесуі – қуанарлық құбылыс. Әлемдік деңгейдегі танымал өнер шеберлерінің соңғы жылдары отандық операларға көптеп қатыса бастауы осы ойымыздың растығын дәлелдейді. Опера жұлдыздарына Миландағы «Ла Скала», Мадридтегі Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен театр немесе Нью-Йорктегі «Метрополитен опера» сахналары қандай ыстық болса, ХХІ ғасырдағы сәулет өнерінің туындысы – «Астана Опера» театрында өнер көрсету де сондай арманға айналып келеді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»