• RUB:
    6.63
  • USD:
    487.73
  • EUR:
    558.99
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:58

Ұландықтар Геннадий Головкинді ерекше форматта құттықтады

Аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (International Boxing Hall of Fame, IBHOF) ресми түрде қабылданды. ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері әйгілі боксшының осы жетістігін атап өту мақсатында патриоттық акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында ұландықтар саптық алаңда спортшының әлемге танымал «GGG» белгісін бейнелеп, оның Қазақстан спортына қосқан үлесіне құрмет көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты іс-шараның көркін Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі аша түсті. Әскери музыканттар Головкиннің жекпе-жектер алдындағы дәстүрлі әніне айналған Seven Nation Army туындысын орындады.

Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері де жоғары саптық шеберліктерін көрсетіп, акцияның әсерін күшейтті.

Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, Геннадий Головкиннің табандылығы мен спорттағы жетістіктері жастарға үлгі. Оның есімі енді Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді әлемдік бокс аңыздарымен қатар аталады.

Айта кетейік, Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды. Кейін кәсіби рингте де жоғары нәтижелер көрсетіп, елдің спорттағы абыройын әлемдік деңгейде танытты.

Еске салайық, 15 маусымда Геннадий Головкин ел тарихында алғаш рет Халықаралық бокс Даңқ залына қабылданған спортшы атанды. Кейін Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына қабылдануына қатысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар