• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Желтоқсан, 2016

Отарын қасқырдан қорғаған шопан

239 рет
көрсетілді

Таң бозынан қас қарайғанға дейін тыным таппайтын шопанның жауапкершілігіне отарды ит-құсқа жем қылмау да жатады. Өйткені, күні-түні азық іздеп, даланы жортатын түз тағысының қайдан, қашан тап болары белгісіз. Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің аға шопаны Әнуар Құбаев бағымындағы отарын шашау шығармайтын қырағылық танытса да, түз тағысымен бетпе-бет кездесерін еш ойламапты. – Шопандар құс ұйқылы болады ғой. Түн ортасында да иттің үргенін естісем, ауладағы отарды бір шолып келемін. Сол түн тыныш өтті. Бірақ, таңғы 6-да иттің үруі өзгешелеу естілді. Әйелім мен ұлымды оятып, дереу далаға шықтым. Айнала әлі қараңғы еді, – дейді Әнуар Құбаев. – Жақындағанда түз тағысының аулаға секіріп түскенін анық байқадым. Ауланың жанындағы айырды қолыма алып, жүгіре жөнелдім. Бұл кезде тосын «қонақтан» үріккен отар үйіріліп тұрған еді. Сан айлалы түз тағысы шопанға қарай секірген. Өзіне қарай ұм­тылған түз тағысының шалт әре­кетінен қорғану үшін Әнуар бір қолымен басын қалқалайды. Сол сәтте қасқырдың азу тісі жалаң қолына батқан шопан оны кері итеріп үлгереді. Екінші қолындағы айырды қасқырдың кеудесіне түйрейді. Көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәтке созылған бұл айқас адамның жеңісімен аяқталды. Ең бастысы, Әнуар Құбаевтың өміріне қауіп төнген жоқ. Сөйтіп, өзі еңбек ететін «Сардар баба» фермасының 715 саулық қойын түз тағысынан қорғап қалды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы