Таң қылаң бере сыртқа шыққан Сейілбек қарт майдалап қана жауып тұрған жаңбыр тамшыларынан ұйқысы шайдай ашылғандай болды. Жердің лайсаңынан селт етпеген қарт балықшы «е-е, жауса жауа берсін, жердің көгергені малға жақсы ғой», деп ойлады. Жұрт та қызық осы, жаңбыр жауса болды, жер тым жақсы құрғап қалғанда тағы да бәле болды ғой дейді. Бәрі де теңіздің қайта оралғанының арқасы ғой. Әйтпесе, сонау 90-жылдарды елестетіп көрші. Жерге бір тамшы да тамбай, құмды дауыл күндіз-түні бұрқырап жататын.
Таңғы ауада ықтасын жерден орын тапқан Сейілбек қарт өмір жолын бір елестетіп өткендей болды.
...Иә, өмір бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, балықшы ескегін қолдарына ұстаған теңіз жағасындағы елді мекен тұрғындары теңіз тартылған соң тоқырап қалғандай еді. Сыр бойындағы Қаратерең, Қарашалаң, Бөген және теңіз жағасындағы Жамбыл, Ақеспе елді мекендерінде жаппай көшу басталды. Сол кездері ғой, кішкентайынан бірге өсіп, теңіздің асау толқынымен бірге алысып балық аулаған досы Бисенбай марқұмның таң азанмен жетіп келіп, айтар сөзін айта алмай босағада кібіртіктеп тұрғаны.
– Сейілбек, – дейді дауысы қарлығыңқы шығып.
– Е, не болды, Асылкүл қуып жіберді ме азанмен.
– Көшетін болдым...
Селк ете қалды. Біреу үстіне мұздай су құйып жібергендей қалтыраған Сейілбек қолындағы кесесін дастарқанға дүрс еткізіп қоя салған.
– Не дейсің, жау шапты ма сонда. Бар, бар, көш. Жұмақтың төріне шығатын болсаң кете бер. Көресің әлі, Арал қайтып қалпына келсе, бәрің де қайта айналып келесіңдер. Қаңбаққа ұқсап домалап жүргендеріңді көрермін сонда.
– Енді қайт дейсің. Жалғыз балаға жұмыс жоқ. Олардан қалып мен қайда барамын.
– Жарайды, жолың болсын (ренішпен айтылды).
Ішіп отырған шайын үзіп тастаған Сейілбек қора түкпіріндегі шөпке орап тасталған қара қайықтың қасына келді. Талай қиыншылықта пана болып, қазанын қайнатқан қара қайыққа келгенде бар ашуы тарқап кеткендей. Менікі не, кімге өкпелеп жүрмін осы. Ертең теңіз келер, ал қара қайықтан айырылсам, немерелеріме не табыстап кетемін сонда.
Ой шырмауына түсіп кеткен Сейілбек «Ата, шай ішейік!» – деген келінінің даусын естігенде жаңбырлы ауада ұзақ отырып, жаураңқырап қалғанын сезді. Үйге кірісімен немерелерін іздеп еді, компьютер тұрған бөлмеге кетіпті. «Заманның жетілгені ғой», – деді. Сол жылдары мынадай түрлі-түсті теледидар тұрмақ, ақ-қара түсті телевизордың өзі дұрыс көрсетпейтін. Қазір не, кез келген үйде «Отау-ТВ», кез келген үйде компьютер. Ауыз су үйдің ішінде сарылдап тұр. Екінің бірінің астында машина. Аралға бұрын шаруаң болып шыға қалсаң, үш күн жүретінсің, бүгіндері әркім өз машинасымен бір күнде зыр ете қалады.
Балықшы болып жүргенінде облыстық мәслихатқа екі рет қатарынан депутат болды. Арал туралы шараларға талай қатысса да, іштей Аралдың қайтып оралатынына сенбейтін. Бәрі де – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы.
1989 жылы 1 ақпанда Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған республикалық кеңес өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезі. Айтпақшы, сол жиында Қазақстанның бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин де болды. Н.Ә.Назарбаев мінберде тұрып, Арал туралы шешіле сөйлеген.
Міне, сол бір қиын шақтан бастап Елбасымыз Аралды бір сәт есінен шығарған емес. Бүкіл әлем халқының назарын Аралға қарай бұрды. Орталық Азия елдерінің басшыларын Арал проблемасына байланысты Қызылорда қаласында кездесуге шақырды. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор құрылды.
Елбасымыздың өзі Орталық алаңда бұл мәслихаттың маңыздылығына тоқталып, біздің күшіміздің бірлікте екенін айтқан. Сейілбектің сол кездегі жаңалықтардан түсінгені, Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүние жүзінің қасіреті екенін, оны қазірден бастап қолға алмасақ, келешекте кеш болатынын Елбасымыздың баса айтқаны болды. Арал адамдар қолынан жасалған кемшілік болса, сол кемшіліктің орнын толтыратын күн жеткенін ұққан Сейілбек қарт сол күндерден бастап алдағы күндерге жақсылықпен қарайтын.
Қарт балықшы Сейілбек Боранбаев та сол кездердегі Арал үшін шарқ ұрған Елбасының талай бастамаларына куә болды. Аралдықтарға таза ауыз су келуінің ашылу салтанатында Елбасының қасында тұрып, қолын да алған. Ол да бір тарихта қалатын күн. Аралға келген бұлақтың суынан алғаш дәм татқан Президентіміз:
– Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ, – деген. Сол таза су қазір Арал мен Қазалының барлық елді мекендерінде әр үйге тартылып тұр. Иінағашпен Сырдариядан су таситын келіндер қазір еш жерде жоқ. Ғасыр құрылысына айналған теңізді екіге бөлу арқылы Арал қаласына апару жобасын өз көзімен көрген балықшы Сейілбек еліміздің ертеңін ойлайтын Елбасына шын жүректен риза.
Тарихы тәуелсіздіктен бастау алған Арал жобасы арқасында құрдымға кете жаздаған Арал теңізі бұл күнде қайта қалпына келгендей. Шағала шулаған, балығы тулаған Аралдың байлығы лезде-ақ республикамыздың түкпір-түкпіріне жетіп, бұл күндері жер-жерден келіп балық аулап жатқандар жетерлік. Теңіз жағасындағы көшкен елдер қайта оралып, үйлер саны бұрынғыдан да өсе түскен.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «100 аурухана, 100 мектеп» бастамасымен бүгінде кез келген ауылда екі қабатты типтік мектеп бар. «Осының бәрі түсім сияқты, – дейді Сейілбек қарт. – Мұндай болады деп кім ойлаған». Әттең, осыны Бисенбай досы көре алмады. Көкшетауға көшіп барғаннан кейін бір жылдан соң ауырып, дүниеден озды. Әне, теңізде туғандарға теңіздің ауасы болмаса жақпайды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы ішінде Арал адам танымастай өзгерді. Көшенің бәрі асфальтталған, орталық алаңдар гүл баққа айналғандай. Сонымен бірге, әр түрлі монументтік ескерткіштер қала көркін ашып тұр. Әрбір үйде газ. Қаланың да, даланың да түнгі көшелері самаладай жарқырайды.
Сейілбек қарт ауласына қарайды да, «тфә, тфә», дейді. Бір жүк машинасы мен бір жеңіл машина қосарланып тұр. Қазір ауылда бұрынғы мыжырайған үйлер көп кездеспейді. Кілең төбесі қаңылтырланған бояулы үйлер. Осының бәрі теңіздің арқасы.
Ал теңізді қалпына келтірген Елбасының идеясы. Сол кісінің дамыл таппай шарқ ұрғанының арқасы. Қарт балықшы солай ойлайды. Жалғыз ол емес, бүкіл Арал халқының Президентіміз Н.Ә.Назарбаевқа алғысы шексіз. Әйтпесе, анау ұлы теңізді ортасынан қақ бөліп бөгет салуға ешкімнің де жүрегі дауаламас еді. Енді, міне, сол бөгеттің үсті айнадай жол. Бұрын Ақеспе, Құланды жақтарға Аралды айналып баратын болса, қазір теңіздің ортасымен тікелей жетеді. Ал тәуелсіздік жылдары салынған Арал теңізін бөгеу құрылысын, Ақлақ тоспасын ғасыр құрылысы десе де болғандай.
Сейілбек ойлайды. Сонау жылдары көшкен халыққа, марқұм досы Бисенбайға ренжіп, ауласындағы қара қайығын балталап тастамағаны дұрыс болған. Енді, міне, теңіз келгелі жөнделіп, майланған қара қайығына тыным жоқ. Баласы Сәрсен сол қайықтың мықтылығын әкесіне күнде айтып келеді. Марқұм Әли ұстаның қолтаңбасы ғой. Бір баспағын беріп соқтырған.
– Ағаштарың мықты. Бұл қайықты әлі жүз жыл мінесің ғой, – деп еді. Рас екен. Бүгінде сол қара қайықтың рахатын баласы көріп жүр. Балықшы ауылдың қастерлеп ұстайтын бір дүниесі бар. Ол – қайық пен ескек. Көктемде тығындарын бітеп, қара маймен бір майлап алса, күзде мұз қатар кезде ауласына әкеліп, үстін жауып қояды.
Тәуелсіздік таңы атқалы жалғыз Арал емес, Қазақстанның барлық аймақтары да өсіп, гүлденуде. Мұны Сейілбек Боранбаев күнделікті жаңалықтардан көріп, газеттерден оқып отыр. Жақында облыс орталығы Қызылордаға барған. Таң қалды. Бұрынғы Қызылорда емес. Қаз-қатар тізілген зәулім үйлер қала көркін өте қатты әсемдеп жібергендей. Жүріп жатқан құрылыстың қарқыны мықты екен. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың іскерлігіне шын риза болды. Сырдарияға жаңа көпір салып жатыр. Келешек дарияның арғы бетіне Астанадағы сияқты үйлер салынады дейді. «Салсын», дейді Сейілбек қарт. Қазақ кімнен кем. Саясатымен, экономикасымен, өнері және спортымен бүкіл әлемге танылған Қазақстан кімнен кем.
Осының бәріне қол жеткізген біздің Президентіміз – мықты адам. Тынымсыз еңбек, тынымсыз сапар. Бәрі де елі үшін, елінің, жерінің бейбітшілігі, тыныштығы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр ғой. Қызылордада екі-үш күн болып үйіне оралған Сейілбек қарт кемпіріне шаршадым деп қабаттап көрпе салдырып қисая бергені сол еді, алдында тұрған теледидар Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жапонияда жүргенін хабарлап жатты.
«Нағыз шаршамайтын, елжанды адам екен», деп ойлады. Екі күн балаларының қасында болып, қыдырып қайтқан өзінің кемпіріне «шаршадым» дегеніне ыңғайсызданып қалды.
Ауыл емес, аудан, облыс емес, бүкіл Қазақстанның, Қазақ елінің мәңгілік болуын көздеп, үнемі ат үстінде жүретін Президентімізге құдай денсаулық берсін деп тіледі қарт балықшы. Осыншама қыруар шаруаның үстінде жүріп, Арал туралы ойлауы, оған ат басын бұрып бірнеше рет келуі де үлкен ерлік екен-ау?!
2005 жылғы сәуірде Сыр еліне келген сапарында Елбасы:
– Аралға көмек көрсетсем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын. Осыдан он жыл бұрын мұндай жобаны қиял түрінде ғана көз алдымызға елестетуге болатын еді, – деген-тін ішкі сезімін халықпен бөлісіп.
Қалай десек те, Тәуелсіздігіміз бізге үлкен жетістіктер сыйлады. Бұл біздің ата-бабаларымыздың талай жыл армандаған асыл арманы еді. Оны біздің тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев орындады. Ендігі мақсатымыз Елбасы салған сара жолдан шықпай, тек қана алға қарай өрлей беру болуы тиіс.
Жақсыбай МҰСАЕВ,
№81 орта мектептің мұғалімі
Қызылорда облысы,
Арал ауданы