Мерейіміз асқақтай берсін!
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін мұқият тыңдай отырып, спорт саласының қайраткері ретінде өзімнің ой-пікіріммен бөлісуді жөн санадым. «Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан – табысты, гүлденген мемлекет және бізді бүкіл әлем таниды», деді Елбасы. Осы жерде мен біздің еліміздің төрткүл дүниеге танымал болуына спортымыздың да сүбелі үлес қосып келе жатқанын айтқым келеді. Рас, бүгінгі күнде егемен еліміз түрлі жарыстарда туы желбіреген спорттық державаға айналды. Біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда әлемнің мықты деген спортшыларымен тайталасқа түсіп, ел намысын лайықты түрде қорғап жүр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Қазақстан әлемдік спорт қауымдастығының зор сеніміне ие болып, дүниежүзілік деңгейдегі аса ірі жарыстарды өз жерінде өткізіп жүрген ел. Басқаны былай қойғанда, бір айдан кейін Алматыда алауы жағылатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиада сыны осы сөзімнің жарқын дәлелі бола алады. Мұнымен қатар, біздің ел өзінің төл спорты – қазақ күресін жан-жақты дамытып, әлемге танымал ету жолында ірі жобаларды, атап айтқанда, «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» турнирлерін өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Осының бәрі, айналып келгенде, Елбасының спортқа деген қамқорлығының арқасында мүмкін болып отыр. Егер де, елімізде спорт сарайлары мен нысандары көптеп салынбаса, спорт саласының дамуына орасан зор қаржы құйылмаса, бүгінгі жеткен биігіміз жай әшейін қиял болып қалар еді-ау. Әлбетте, спорт саласында да ірілі-ұсақты кемшіліктер бар. Мәселен, алыстағы ауылдар мен шалғайдағы аудандардың біразы спорттық қарапайым инфрақұрылымға зәру. Бірақ, бұлар уақытша ғана қиыншылықтар деп ойлаймын. Ел спортының ширек ғасырдағы шыққан биігі, қол жеткізген табысы бұл олқылықтардың да күні ертең оң шешімін табады деген сенімге берік негіз береді. Президентіміз сөзінің соңында «Көк байрағымыз ашық аспанымызда мәңгі желбірей берсін!», деді. Иә, Қазақтың Көк туы әлемнің әйдік ареналарындағы спорттық тамаша жеңістеріміздің құрметіне жиі көтеріліп, мерейімізді асқақтата берсін! Диқанбай БИТКӨЗОВ, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ҚАРАҒАНДЫЭкономика ғылымға негізделгенде ұтымды
Астанада тарихи оқиғаның тәлімді жиналысы өткізілді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысты біздің ғалымдар теледидар арқылы ұжымдасып тамашалады және одан алған әсерлері бойынша пікір алмасу отырысын жасады. Мінберге көтерілген әріптестерімнің сөздерінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Қазақстан қоғамының қалыптасуы мен дамуына қатысты талдаулары мен алға қойылған тапсырмалары қызу қолдау тапты. Мемлекет басшысының: «Біз дамудың инновациялық моделіне көшуді қамтамасыз етеміз. Индустрияландырудың ағымдағы екінші бесжылдығы шеңберінде 300-ден астам жаңа өндірістер ашылатын болады. 2050 жылға дейін 2 миллиондай тұрақты жұмыс орындары құрылмақ... Ғылыми-зерттеу талдамаларына шығындар ұлғайтылып, оның көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жетпек. Ол Қазақстанды ғылымды қажет ететін экономикалы елдер деңгейіне жақындата түспек», деген сөздері институт ғалымдарының да басты ұстанымы болады. Шын мәнінде, жаңа дәуір экономикасы әлеуеттілігімен сынға түсіп, қуаттанбақ. Осынау өмір мен тіршілік тұтқасы үнемі қозғалыста, озық технологиялар үстемдігі дәрежесінде дамыған жағдайда жүйелі жоспарлардың орындалуына жол ашылады. Елбасы болашақтың экономикасы мен экологиясын тығыз байланыста қарастыратыны маңызды. Бұл орайда Бурабайдағы ҒЗИ ғалымдары атқаратын міндеттер ауқымды. Оны жүзеге асыруда біраз жұмыс атқарылды. Астананың «Жасыл белдеуін» қалыптастыруға қатысты тапсырмалар абыроймен орындалуда. Қазіргі күні оның аумағы 100 мың гектарды құрайды. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскіндер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыттағы ізденіс әлі де жалғаса беретіні анық. Ғалымдарымыз табиғатпен неғұрлым үйлесімді байланысты қамтамасыз ететін шаралар кешенін тәжірибеге қосты. Институтымызда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып отыр. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен халықаралық интеграциялық қадамдар ғылыми ордамыздың әлеуетін арттыра түсуде. Болат МҰҚАНОВ, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақмола облысыМақтаныш етуге тиістіміз
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында Елбасы ағынан жарылып, жүрекжарды сөзін айтты. «Сіздердің әрқайсыларыңыз, еңбектеріңіз тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында маған ересен күш-қуат берді. Риясыз сенімдеріңіз бен шексіз қолдауларыңыз елім үшін түн қатып, түс қашқан қиын күндерде маған үлкен тірек болды. Мен 25 жыл бұрын 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте айтқан сөзім бар еді. «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп, бас тігуге дайынмын», дегенмін. 25 жыл өткеннен кейінгі Тәуелсіздіктің ұлы тойында осы сөзімді сол күйінде қайталағым келіп отыр», деді Президент. Түсінген адамға бұл сөздің астарында халқымыздың ширек ғасырда жүріп өткен жолы сайрап жатыр. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ жұртының көзі жастан құрғаған жоқ. Орталық Азияда саны жағынан ең үлкен халықтың Кеңес өкіметінің алғашқы жиырма жылдығында жартысынан көбі қырылып, ұлт қаймақтарының репрессияға ұшырап, халық бассыз қала жаздағанын ешқайсымыз ұмыта қойған жоқпыз. Кеңес өкіметінің зорлықшыл саясаты талай ұлттарды тозғындатып, тілінен, ділінен айырды. Сібір халықтары «отты суды» ішіп жүріп, ата-тегінен айырылып қалды. Осындай нәубеттің сол кездері қазақты да күтіп тұрғанын жоқ дей алмаймыз. Ел астанасы – Алматыда қойшы балаларына арналған екі мектеп-интернаттан өзгесі орыс тілінде білім бергеннен кейін, қазаққа қарсы қандай саясат жүргізілгенін түсінуге болады. Тәуелсіздік осының бәрінен құтқарды бізді. Өз елі, өз жерінде босағасынан ұзамаған қазақ тілі егемендік алғаннан кейін БҰҰ-ның мінбесіне шығып сөз алды. Өркениетті елдер көшіне кірдік. Ширек ғасырда бұл аз жетістік емес. Біз осындай белеске Елбасымыздың сындарлы саясаты арқылы жеткенімізді мақтаныш етуге тиістіміз. Жарылғасын ОҢАЛБЕКОВ, Академиялық-инновациялық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңтүстік Қазақстан облысыЖарқын істердің жылнамасы
25 жыл тарих үшін ұзақ уақыт емес. Алайда, осы кезеңде атқарылған жұмыстардың ауқымымен өлшесек, бұлай дей алмас едік. Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзіне ден қойып, тыңдап, баспасөзден оқығанда осыны аңғардық. Елімізде осы жылдарда атқарылған шаруалардың қайсыбірін алсаң да тарихи маңызы жоғары, тағылымдық тынысы кең болып келетінін біз емес, азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі әлдеқашан мойындады. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде жасалған әр істің тарихнама беттерінде ізі сайрап жатыр, ол біздің күнделікті өмірімізді айшықтай түсуімен де бағалы. Елбасының салмақты саясатының арқасында қазақстандық даму жолы табысты болғанына көзіміз жетіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының баяндамасында еліміздің щирек ғасырда өткен күрделі де қызықты, соқтықпалы да соқпақты жолы айқын көрініс тапқан екен. Осыншама ғасырда атқарылатын шаруаларды айналдырған 25 жылда жүзеге асырған Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен ұлттық ұстанымына қайран қалмауың мүмкін емес. Елбасы Қазақстанды әлемдік саясаттың аренасына алып шықты. Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту бастамасының өзі неге тұрады!? Одан кейінгі еліміздің беделді әлемдік және халықаралық ұйымдарға мүше болуға қол жеткізуі де Мемлекет басшысының сарабдал саясаткерлігінің нәтижесі еді. Небәрі ширек ғасырды артқа тастаған жас мемлекеттің экономикасы дамыған өркениетті елу елдің қатарына енуінде Елбасының сыртқы және ішкі саясаттың тізгінін тең ұстаған, экономикалық дамудың сара жолын дәл таңдаған көрегендігі жатқаны шындық. Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Тәуелсіздіктің жеті теңдессіз табысына толығырақ тоқталды. Және осындай табыстардың негізі болған «Тұғыры мығым, мәртебесі биік тәуелсіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жасадық», деп айрықша атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты осы сөзімізге дәлел болып табылады. Еліміз қол жеткізген бүгінгі биіктеріміз бен ертеңгі күнге бағытталған баянды бағдарламаларымыз бізді «Мәңгілік Ел» болуға жұмылдыра түседі. Берік БИСЕКЕНОВ, Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Ақтөбе облысы