Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 27 желтоқсанда «proof» сапасымен «Қазақстанның бейнелеу өнері» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік «Қазақ вальсі» ескерткіш күміс монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Ұлттық банк.
«Қазақ вальсі» монетасы ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасын танымал етуге арналған, «Қазақстанның бейнелеу өнері» атты жаңа монеталар сериясын ашады.
Монетаның аверсінде орталық бөлігінде ою-өрнек аясында мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тіліндегі «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы орналасқан.
Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба, соғылған жылын білдіретін «2016» деген сан және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 31,1 g» деген жазу бар.
Жоғары бөлігінде мемлекеттік тілде «Г. ЫСМАЙЫЛОВА», «ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ» деген жазба және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі орналасқан. Монетаның реверсінде қазақтың әйгілі бишісі, Қазақ КСР Халық әртісі Шара Жиенқұлованың билеп тұрған сәті көрсетілген суретші Гүлфайрус Ысмайылованың «Қазақ вальсі» картинасы (Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы) бейнеленген.
Түсі тампомөр технологиясы арқылы орындалған. Қыры (гурты) тегіс, бедері мен жазуы жоқ. Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, тік бұрышы 35х45 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
«Proof» сапасымен жасалған монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҚРҰБ-ның www.nationalbank.kz сайтының «Монеталардың Интернет-дүкені» интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады.