Сыр өңірінің өндірісінде де оң өзгерістер баршылық. Мәселен, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын өңдеу жобасы қолға алынуда. Алдағы уақытта бұл жерде «Самұрық-Қазына» АҚ жобаларының бірі – кен байыту комбинаты бой көтермек. Аталған қоғам 2014 жылдан бері «ШалқияЦинк LTD» компаниясының үлескері болып табылады.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орналасқан «Шалқия» кен орны 1959 жылы ашылған. Игеру жұмыстары 1982 жылы бастау алып, үзілістермен жұмыс жасапты. BrookHunt зерттеу компаниясының мәліметіне сәйкес, мұндағы кен қоры қазақстандық қордың 30 пайызын құрайды. Бүгінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін компания қызметкерлері талмай еңбек етуде. Қазір кәсіпорында 500 адам жұмыс жасайды, олардың 80 пайызы – жергілікті тұрғындар. Өңір халқын жұмыспен қамту үшін әлі де мыңға жуық жұмыс орны ұсынылмақ. Ал мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында білім беру жұмыстары да қолға алынатын болады.
Жұмыскерлер үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Жоғары деңгейлі инфрақұрылым, спорт кешендерімен жабдықталған жатақханалар қолданысқа беріледі. Қазіргі уақытта Еуропалық банкпен қаржыландыру жайлы келіссөздер жүргізіліп, мердігерді анықтау жұмыстары өтіп жатыр.
«Кен байыту фабрикасы іске қосылған соң толыққанды өндірістік қуатқа шығатын боламыз, 120 мың тонна мырыш пен 25 мың тонна қорғасын шығару көзделіп отыр. Ұсақтау мен үгу жұмыстары қымбатқа түседі деп күтіледі. Кен майда секпілді болғандықтан, заманауи технологияларды қолдану қажеттігі туындайды. Жоғары қысым беру арқылы ультраұсақтау жасалады. Бұл кеннен металды оңай алып шығуға мүмкіндік жасайды», дейді компанияның бас байытушысы Манас Жақсылықов.
2018 жылы бой көтеретін кәсіпорынның өнім қуаттылығы 500 мың тоннаны құрамақ, ал келесі жылдары кенді игеру жұмыстарының көлемі 4 млн тоннаға дейін артады деп болжануда. Жоспар осындай, дегенмен оны еселетіп орындауға да мүмкіндік те, қабілет те бар.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолға алған аталған жобаның еліміз үшін маңызы зор. Бұл әлемдік нарықта көш бастауға кезекті қадам.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
ҚЫЗЫЛОРДА