Заң жобалары қалай әзірленуде?
Министрдің айтуынша, үстіміздегі жылы 26 заң жобасы қабылданады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, бірқатар елеп-екшеу мен өзгертулерден кейін 10-18 жобаны қарап, іске қосудың сәті түсті. Бүгінгі күнге дейін 3 заңға Мемлекет басшысы қол қойды. 4 заңды Парламент қабылдады. Енді 11 заң жобасы Парламент қарауында. Президент Әкімшілігінің келісімі негізінде бірқатар заң жобалары жетілдіру мен толықтыру қажеттіктен жоспардан шығарылды. Бұл заң жобалары жөнінде алдымен халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сондықтан өкілетті органдарға 7 заң жобасы жөніндегі жұмыстарды 2017 жылға ауыстыру ұсынылады, деді М.Бекетаев. Мұның сыртында жыл ішінде жоспарға қосымша заң жобаларын енгізуге қатысты өзгерістер жасалған. «Мұндай заң жобаларының қатарында «Дене тәрбиесі мен спорт мәселелеріне қатысты кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Дактилоскопиялық және гендік тіркеу туралы» заң жобалары бар. Оларды Парламент қарап қабылдады», деді М.Бекетаев. Әділет министрінің айтуына қарағанда, 2017 жылдың жоспарына 28 заң жобасы енгізілген. 10 заң жобасы жылдың бірінші жартысында, қалған 18 заң жобасы екінші жарты жылдықта қабылдануы тиіс. Министр бұл заң жобаларына да қысқаша тоқталып өтті.Теміртау түйткілдері
Үкімет қараған екінші мәселе жылыту маусымына дайындық жұмыстарына қатысты болды. Осы мәселе жөнінде бірқатар министрлердің және өңір басшыларының есептері тыңдалды. Алдыңғылар қатарында сөз алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жылыту маусымының негізгі мәселелеріне тоқталып өтті. «Аталған мәселеге арналып, Үкімет қорынан 1 миллиард 862 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы 1 528 миллион теңгеге 30 364 тонна мазут сатып алуға, 335 миллион теңгеге 92 мың тонна көмір сатып алуға бағытталды. Осының нәтижесінде электр стансаларында 3,3 миллион тонна көмір мен 121 мың тонна мазут қоры жасақталынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзіміндегімен сәйкес және қысқы жылыту маусымын сенімді түрде бастауға мүмкіндік береді. Дегенмен, соған қарамастан кейбір өңірлерде аталған маусымды қалыптағыдай өткізу бағытында шешімін күткен мәселелер бар», деп атап көрсетті Энергетика министрі. Оның айтуынша, Семей қаласында «Жылукоммуэнерго» кәсіпорнының алдында тұтынушылардың 354 миллион теңге қарызы қалыптасып отыр. Бұл жағдай жөндеу жұмыстарын жүргізуге едәуір бөгет жасауда. Осының салдарынан кәсіпорынға көмір сатып алу жұмыстары мерзімінен кешіктіріліп жүргізілген. Мазут сатып алу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Осы себепті оның қоры таусылуға жақын. Қ.Бозымбаев Теміртау қаласында қалыптасқан жағдайға тоқталып өтті. Мұнда материалдардың кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-қа қарасты ЖЭС-2-дегі №1 қазандық пен №1 трубинаға күрделі жұмыстарын жүргізу үстіміздегі жылдың қазан айының ортасына дейін жалғасса, №2 қазандықты жөндеу 30 қыркүйек пен 25 желтоқсан аралығына белгіленген. Осының салдарынан жылыту маусымы кезінде Теміртау қаласы негізгі құрал-жабдықтардың резервімен дұрыс қамтамасыз етілмеген. Теміртаудағы осы жағдай Үкімет отырысындағы әңгіменің негізгі өзегіне айналды десек те болады. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы жағдайға ерекше тоқталып, алаңдаушылық танытты. «Жылу маусымы басталғалы бері «Арселор Миттал» ЖЭС-2 қазандығында 17 апатты жағдай орын алған, бүгін таңертең №2 қазандық істен шықты. Мұның сыртында тағы екі қазандық жөндеу жұмыстарына қойылған. Осыдан Теміртаудағы тұрғын үйлердегі жылу 16 градустан аспай тұр. Ауа райы қатты суытқан кездері 12 градусқа дейін төмендеген», деп Үкімет басшысы қаладағы жалпы жағдайды мәлімдей келе, Қарағанды облысының әкімінен жағдайды мәлімдеуді сұрады. «Соңғы үш күнде Теміртауда сіз айтқан жайттардың орын алғаны рас. Бүгін кешке дейін №2 жылу қазандығы қайтадан іске қосылып, нормативтік жұмыс өлшеміне сай болады. Ал №5 қазандық ертең іске қосылады», деп мәлімдеді ол. Үкімет басшысы әкімнің бұл есебіне оншама қанағаттана қойған жоқ. Осыған орай Теміртауда қашаннан бастап жағдай түзетіліп, жылудың дұрыс берілетіндігін нақты сұрады. Нұрмұхамед Әбдібеков жылу берудің 30 желтоқсаннан бастап қалыпты жағдайға түсетіндігін айтып уәдесін берді. Жалпы, жылыту маусымы басталғаннан бері басқа да бірқатар өңірлерде апат деп айтпасақ та, жергілікті тұрғындарға қолайсыздық келтіргендей жағдайлардың орын алғандығы сөз болды. Сондай-ақ, кейбір өңірлерде дайындықтың сылбыр жүргендігі анықталды. Қанат Бозымбаев өз баяндамасында осы мәселелерге де тоқталып өтті. «Әлеуметтік мазуттың жеткізілуі туралы бірер сөз айта кеткім келеді. Әкімдіктерден берілген тапсырыстарға сәйкес, Энергетика министрлігі ағымдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жүргізу үшін әлеуметтік өндірістік жұмыстарға арнап 342 мың тонна мазут жеткізудің кестесін жасады. Өкінішке орай, қараша айында бұл жұмыс 59 пайызға, желтоқсан айында 26 пайызға ғана орындалды. Жоспардағы 83 мың тоннаның орнына 28 мың тонна мазутқа ғана ақша төленді. Оның 21 мың тоннасы жөнелтілді», дей келе бұл жұмыстардың Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында сылбыр жүріп жатқандығын атап өтті.Әкімдер дербес жауап береді
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жылу маусымының дұрыс жүруіне әкімдер дербес жауап беретіндігін қатаң ескертті. «Біз бұл мәселе жайында үнемі айтып келеміз. Сіздердің есептеріңізді тыңдап отырамыз. Дегенмен, жылу желілерінде әртүрлі апатты жағдайлар орын алып жатады. Енді, ең бастысы, Жаңа жыл мерекесі кезінде осындай оқиғалардың орын алмауын қатаң ескертеміз. Халықтың мерекелік көңіл-күйіне қаяу түсіріп жүрмейік», деді Үкімет басшысы. Осыған орай бірқатар министрліктерге тиісті тапсырмалар берілді. Мереке кезінде қоғамдық тыныштықтың дұрыс сақталуы, барлық қызметтердің дұрыс жүргізілуі, жол тазалығына жеткілікті мән берілуі, барлық мемлекеттік органдар кезекшілік жұмыстарын мүлтіксіз атқаруы қажеттігін атап көрсетті. Премьер-Министр үстіміздегі жылғы Үкімет жұмысына да қысқаша қорытынды жасап өтті. «Он бір айдың қорытындысын біз өткендегі отырыста жасаған болатынбыз. Жыл қорытындысын қаңтар айының басында Үкіметтің кезекті отырысында жасаймыз. Жалпы, жұмыс көрсеткіштері мен өлшемдері жайында айтылды. Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған тапсырмаларды толық орындауға қол жеткізе алдық. Осы үшін Үкімет мүшелері мен әкімдерге бірлесіп атқарған жұмысымыз үшін алғысымды білдіремін», деді Бақытжан Сағынтаев. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»