• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Қазақты таныған қылқаламшы

503 рет
көрсетілді

(Николай Аштеманың нақыштары) Суретшінің алакөлеңке шеберханасында кеуіңкі кенеземе тұнық су тамғандай, алпыс екі тамырымды қуатты ағын аралағандай жан-дүнием жадырап, тұла бойым түлеп сала береді. Сана мен саусақ сиамы сыйлаған сиқырлы сезім сан тарапқа жетелейді. Парасатты өнердің пырағына мініп, сайын даланы да кезем, салқар суды да кешем, көк күмбезіне де көтерілем! Осы құдіреттің тізгінін қаққан өскемендік суретші Николай Аштеманың нақыштары туралы «Табанымыз тиіп тұрған тар қуысқа тамырлы тарихымыз түп қопарыла көшіп келгендей әсер» деп жазған екенбіз екі жыл бұрын. Рас, Николай Павловичтің шеберханасынан қазақтың келбетін көресіз. Баһадүр бабалар да, ардақты аналар да, дегдар даналар да, мәрт ерлер де, ай қабақ арулар да, қазақтың қуанышы да, қамырығы да осы от басындай ғана орында отау құрып отыр. Тілдессеңіз тарқатыла жөнеледі...   Ол – қазақты таныған қылқаламшы. Бір ұлтты білуге бір адамның ғұмыры жеткен бе, әлі зерделеп келеді. Ілкіде қылқаламынан "Аттила", "Аттиланың өлімі", "Тұмар патшайым", "Шыңғыс хан", "Қабанбай батыр" сияқты кесек тарихи тұлғалар галареясы туды, Алтайдың сай-саласын қуалай аққан Ертіс, Үлбі, Үбі өзендері, қазаншұңқырына тұнған Марқакөл, Бұқтырма айдындары, асқақтаған Мұзтау, Айыртау, қай жағына қарасаң да көз тоймайтын ғажайыптары жөніндегі шығармалары шынайы жазылды. Екі жыл бұрын шәкірттен шалқар дәрияға дейінгі Абайға бойлады. Ұлы ұстазды кейіптеу күрделі. Бірнеше портрет арналды. Аштеманың Абайларынан ақынды да, хәкімді де көруге болады. Иә, адымы аршынды шыққан еді. Одан бұрын Оралханды оралтқан. Мұзтаудан кербұғыдай маңғаз көтерілгенін көріп керемет күй кешкен ормандай оқырмандары. Көрем десеңіз, Алтай жыршысының ауылындағы музейінде тұр. Тағы бір ауқымды жұмыс былтыр аяқталды. Бұл циклда ғасырлар бәйгесі бар. Жорықтағы жиһангердің жанынан табылмаған Жамұқа баһадүрді жазаламақ әйгілі Шыңғыс хан, қаған ұрпағын алқалап ақ киізге хан көтерген бірлікті қазақтың елі, көкжиекті қызылға бояп атқан қайырсыз таң, қасап майданда жеңіске жеткен жауынгерлерге тағзым, тыңның тұңғыш тәтті наны, жердің апшысын қуырған жылқы дүбірі мен зымыран күркірінің тайталасы, көктемнің алғашқы лебі – наурызкөктей арайлы азаттық!... Өнер үлкен түсініктен тұрса, ол топырағымызда тамыр жайған, көктеген көркем өнер иесі. Сонысымен де Хлудов сияқты хайырсыз, халықты төмен қоятын зиянкес әріптестерімен бояуын найза етіп, картинасын қалқан ете күрес жүргізген жан. Оған керме мен көрме тең. Яғни "Суретшілік – күнкөрістен жоғары тұратын кәсіп" деп атақты қылқаламшы Ерболат Төлепбай айтқандай, нарық бәсінен өнерді арашалай білген, көрмеге жазатын туындыгер. Жуырда жеті бірдей жұмысы "Қазақстан кескіндемесі" атты антологияға енді. Алайда, Қазақстан суретшілер одағының бірді-екілі марапаты болмаса, өздері жырлап келе жатқан Төр Алтайда жұртта қалып кете беретіндердің бірі – осы суретшілер. Тегі, алғысқа сараң, жақсылыққа жалаңбыз ғой. Әйтпесе, бұл қауым қуанса баладай. Былтыр Алматыдағы көрмеге қатысып, алып шаһардың талғамына тәнті болып келді. Алдағы жылы 75 жасқа толатын Николай Павлович үлкен қалада туындыны көре білетін орта бар екенін айтады. Мерейтой биігіндегі көрмесін көркем қалада, көркем өнердің бағасы бар жерде өткізгісі келеді... Бар арманы сол ғана. Мәдениеті биік адамның арманы да қарапайым болады екен ғой! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»