• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

«Қазфосфатта» екі жаңа цех ашылды

237 рет
көрсетілді

Отандық химия индустриясының көшбасшысы «Қазфосфат» ЖШС әлемнің 27 еліне сары фосфор жіберіп, еліміздің химиялық өнімдердің үштен бірін қамтамасыз етеді. Кәсіпорында ашылған екі жаңа цех өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, тұтынушылар санын арттыруға септігін тигізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, еңбек ері Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, қуаттылығы жылына 5 мың тонна болатын фосфор-калий тыңайтқыштарын өндіретін цех және қуаттылығы жылына 70 миллион текше метр азот болатын ауаны бөлу цехы пайдалануға берілді. «Жаңа цехтар өндіріс көлемін және тауар номенклатурасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз бұл цехтарға 1,5 млрд салдық және өнімнің өзіндік құны төмендеп, тұтынушылар саны артады деп болжап отырмыз», - деді Мұқаш Ескендіров. Фосфор-калий тыңайтқыштар цехы сары фосфор өндірісінің миллион тонна қалдығын кәдеге жарату мәселесін шеше алады. Бұл өңірдің экологиясына оң әсер етеді. Бұл технологияны жамбылдық фосфоршылардың өздері ойлап шығарған. Фосфор-калий тыңайтқыштар цехын тұрғызудан бұрын, зерттеу институтымен бірігіп, дәнді-дақылдар, бақшалық, зәйтүн, жоңышқа арқылы фосфор-калий тыңайтқыштарына сынақ жүргізілді. Жоңышқадан өзге дақылдардың барлығы егін шығымдылығын 15-20% арттырған. «Ауа бөлу цехын жаңартуға тоқталсақ, бұл цех толығымен автоматтандырылды, өткізу нәтижесінде сұйық азот пен оттегі шығады, бұл тыңайтқыш өндірісінде және техникалық қажеттілікте кәдеге жарайды», - деді Ескендіров. Ірі отандық химия өнеркәсібінің басшылығы хабарлағандай, компания негізін қалаған 16 жыл ішінде сары фосфор, натрий триполифосфаты, минералды тыңайтқыштар секілді 20-дан астам өнім түрлерін шығарып, Қазақстанда химия индустриясының көшбасшысы атанды. Өнімге 50 млрд теңге инвестицияланған. Экспорт жалпы сату көлемінің 94% құрайды.