Атырау облыстық мәслихатының депутаты Асқар Бопылдықов (Асқар Төребай) қайтыс болды.
Ол желтоқсанның 27-сінен 28-іне қараған түні сырқаттан қайтыс болды. Әлеуметтік желіде онымен жақын дос-жарандары, белгілі журналистер, облыс жастары көңіл айтып жатыр.
«Өмір біз ойлағаннан да тым қысқа, әрі қатал! Бүгін менің бауырым, әріптесім, ағам Асқар Төребай Бопылдықов дүниеден озды. Жас болсада, бас болып Тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүретін жан еді. Өзіне тән әзілдері де ерекше болатын. Атырау облысы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы, облыстық маслихат депутаты болатын. Бауырым жаның Жәннатта болсын! Сен үшін дұға қыламын!Амин!» – деп жазады Қызылорда облыстық «Жас Отан» жастар қанаты партиясының жауапты хатшысы Абылайхан Сабанбаев.
«Өткен шақ. Енді келмейтін шақ. Жігіттің төресі еді ғой... Қысқа ғана уақытта қалалық мәслихат депутаты қызметін абыроймен атқарып бітіріп, түйеде қом, атта жалсыз-ақ облыс мәслихатының депутаты болып еді. Сөзі мен ісі қатар жүретін. Көптен күткен ұлы той, шаңырақты болғанына да қуанғанбыз. Оның әрбір қуанышына шаттанып отыратынбыз... Иә, енді (менің демейін) біздің алтын бауырымыз Асхат Төребай туралы тек өткен шақта ғана сөз қозғайтын боламыз. Ажал қашан сұрап келсін, Алланың берген сызығынан бір сәт ерте де һәм кеш те емес келеді-дағы... Тек жүрегің сыздайды. «Қалайша? Қалайша? Ол әлі жас емес пе еді? Жалындап тұрған шағы еді ғой? Оның әлі алатын асуы алда еді ғой? Бала-шағасы ше? Қалайша?..» деген сұрақ өзегіңді өртегенде күйдіріп жібереді», – деді блогер Тимур Бектұр.
«Атырау өңірінің келешегінен үміт күттірген Асқардай ұлы бақилық болды. Іскер, һəм сөзшең Бопылдықов Асқар Төребай жас болса да, топ жарып, халық қалаулысына айналып үлгерген-ді. Асқар бауырымның жақындары мен атыраулық əріптестері һəм бүткіл қазақ елінде тұрып жатқан дос-жарандарына қайғырып, көңіл айтамыз. Алла марқұмға иман байлығын бергей!» – деді дінтанушы Қанат Жұмағұл.
«...тік мінезді, жағымпаздануды білмейтін, ұлтына деген сүйіспеншілігі ерек азаматты сұм ажал ортамыздан алып кетті. Маңдайға жазған аз ғана уақытын ел жастарына, қала берді, өңір жастарына арнаған Асекең еді. Орның ойсырап қалды-ау. Әрдайым, жарқыраған ақ жарқын жүзіңмен жадымызда сақталасын! Қош, Асқар!» – деп еске алды досы Роллан Құспан.
Айта кетейік, Асқар Төребай 1984 жылы дүниеге келген. Марқұм «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы қызметін атқарған.