• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

«Дамудың» демеуімен отандық өндіріс қарқын алуда

278 рет
көрсетілді

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша аймақтық филиалы республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырды. Оның аясында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы қолдау алған кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. Солардың бірі - жеке кәсіпкер Жангүл Телбаеваның аяқ киім шығаратын кәсіпорны. Жеке кәсіпкер өзінің өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Даму» қорынан кеңес алып, мемелекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген. Несие алу барысында «Даму» қоры банкке кепілдік берген. Сөйтіп, басында аяқ киімді шетелден тасып жүрген жеке кәсіпкер 430 мың теңге субсидия алған. Сонымен қатар "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасымен «Сбербанктен» алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендетілген. Бүгінде Ж.Телбаева ерлер мен әйелдерге арналған аяқ киімдер шығарумен айналысады. Цех өнімдеріне қолданылып жатқан шикізат та отандық өнім. Ол былғарыны Алматы қаласынан, жүнді Көкшетаудан алдырады. Кәсіпкер енді Begim-Sulu Fashion Shoes аяқ киім брендін тіркеуді жоспарлап жүр. Ал, «Ювелирная компания Kazyna Gold» ЖШС әшекей бұйымдарын шығару цехы 1994 жылдан жұмыс істеп келеді. Әкеден балаға мұра болған әулеттік кәсіпорынның зергерлік заттарына сұраныс жоғары. Мұнда классикалық үлгідегі әшекей өнімдері зергерліктің қатаң қағидаларымен жасалады. 2014 жылдың сәуір айынан бастап, «KAZYNA GOLD» бренді бойынша жаңашылдықпен отбасылық дәстүрді сақтай отырып, заманауи этно-стильді бұйымдар шығаруда. Кәсіпорын өндірісте тек отандық шикізатты қолданып отыр. Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Цеснабанктен»  алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге қол жеткізді. Сол арқылы өндіріске қажетті материалдарды сатып алды. «Даму» қорының араласуымен аталған жобаға 698 мың теңге субсидия берілді. бір айта кетерлігі, 2010 жылдан бастап «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қаржы агенттігі ретінде, бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Алты жылда 7 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер субсидия алып, кепілдік ретінде мемлекеттік көмекке қол жеткізді. Оларға төленген субсидия мөлшері – 138 967 млн. теңге. Астана қаласында аталған мемлекеттік көмекті 500-ден астам кәсіпорын алып отыр. Жыл басынан бері Астана қаласында несиенің барлық сомасы 20 200 млн.теңгені құрайтын 71 субсидия келісімшартына қол қойылды. Кепілдік бойынша 62 жоба мақұлданды. Қол қойылған кепілдік келісімшарттарының құны 866 млн.теңгені құрайды. Кәсіпкерге 2 640 млн теңге субсидия төленді. Асылбек Досалы