• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Елбасы павлодарлық 11 жасар баланың тілегін орындады

193 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Аяз Атаға хат жаз» жобасын қолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде. Белгілі болғандай, 2014 жылдан бері «Қазпошта» АҚ жүзеге асырып жатқан аталмыш жоба аясында әрбір адам келіп, балалардың хатын таңдап алып, олардың тілектерін орындауға болады. Осымен екінші жыл қатарынан Мемлекет басшысы осы жобаға қолдау көрсетіп, жас қазақстандықтардың армандарын орындауда. Биыл Нұрсұлтан Назарбаев павлодарлық Ардақ Шалабаевтың Аяз Атаға жазған хатындағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне билет сұраған тілегін орындады. Келер жылдың басты оқиғаларының бірі халықаралық көрмені жоғары дәрежеде өткізу болып табылады. Осыған орай, Мемлекет басшысы 11 жасар Ардақты қуантқысы келіп, Астанадағы ЭКСПО-ға 4 билет сыйлады. Атырау облысы Махамбет ауданындағы арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісіне Елбасы өзі үйренуге арналған тігін машинасын, сондай-ақ доптар, ракеткалар мен басқа да спорттық заттарды сыйға тартты. Қызылорда қаласы Тасбөгент кентіндегі 6 жасар Нұрислам Серіковтің де хаты жауапсыз қалмады. Елбасы оған  балалар әдебиеті мен «Лего» конструкторын сыйлауды ұйғарды. Жалпы, «Аяз Атаға хат жаз» науқаны Жаңа жыл қарсаңындағы жас қазақстандықтардың тілектерін орындауға зор мүмкіндік тудыруда. Көптеген қазақстандықтар Мемлекет басшысынан үлгі алып, мыңдаған балақайдың армандарын орындайды деген үміттеміз. Айта кетейік, аталмыш жобаның әлеуметтік маңызы зор. Себебі,  біздің азаматтарға аз қамтылған отбасылардан шыққан, мүгедек және жетім балалардың тілектерін орындауларына болады.