Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның ағымдағы жылғы соңғы жалпы отырысында халық қалаулылары «Коллекторлық қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
2012 жылы Елбасы тәуекелдер контракциясын тәуелсіз бағалау институттарын және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасын бекітті. Онда азаматтардың құқықтарын қорғау үшін коллекторлық қызметті мемлекет тарапынан реттеу белгіленген. Алайда, баяндамашы ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, ол осы уақытқа дейін әлі жасалған жоқ. Коллекторлық компаниялар біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жатса да, олардың қызметі заңмен реттелмейді және мемлекет тарапынан бақыланбайды.
Қазіргі кездің өзінде шамамен 60 компания банктермен жасасқан шарттар негізінде берешекті өндіріп жатыр. Банктердің 928 мың борышкері коллекторлық агенттіктердің өндіріп алу процесінде. Халықтың несиелік борышы өте жоғары. Сондықтан, ұсынылып отырған заң жобасы коллекторлық қызметтер нарығын дамыту, борышкерлер мен кредиторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, коллекторлық агенттіктер қызметінің ашықтығын күшейту, берешегін өндіріп алу бойынша жұмыста тиімділікті және қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз етеді. Осы бағытта Ұлттық Банк заң жобасының нормаларын жүзеге асыруға және заң жобасы қабылданған сәттен бастап Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қолдауды және коллекторлық агенттіктерді бақылауды жедел қолға алуға дайын.
Осы күні экологиялық мәселелерге түзетулерге байланысты заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды. Ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы экологиялық заңнамасын жетілдіру және құқық қолдану практикасы процесінде анықталған құқықтық коллизияларды жою мақсатында әзірленген. Сондай-ақ заң жобасында экологиялық кодекстің кейбір нормаларын қолданысқа енгізудің бірыңғай мерзімін белгілеу ұсынылады.