Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті ұйымдастырған «Түбіртек талап ет – сыйлық ұтып ал!» акциясы шеңберінде бас жүлдеге тігілген «Chevrolet» автокөлігін Равиль Хайруллин есімді Петропавл тұрғыны ұтып алды.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 46345 чек жинап, алты жеңімпаздың әрқайсысына 30 мың теңгенің бағалы сыйлықтарын табыс еткен. Бұл шараға 789 адам атсалысып, ең көп түбіртек жолдаған екі қатысушыға ынталандыру сыйлықтары берілген.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұсынған республикалық автокөлік ұтысына 27 мың қазақстандық қатысты. Ойынға беделді комиссия төрелік етіп, ашық жағдайда өткізілді. «Бақытты түбіртек» компьютерлік бағдарлама арқылы таңдалды. Акцияның бас жүлдесі «Chevrolet» автокөлігін «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының қызметкері Равиль Хайруллин ұтып алды. 100 мың және 300 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сертификаттар ұтыстары алматылық және оңтүстікқазақстандық тұрғындарға бұйырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ