• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Сәкен жолы

768 рет
көрсетілді

Белгілі зерттеуші қаламгер Амантай Кәкен қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы бас көтерген 1979 жылғы Цели­ноград оқиғасына байланысты «Поз­нание себя», «Шырғалаң», «Крем­левский колоброд» атты кітаптары арқылы тарихтағы ақтаң­­дақтарды зерттеудегі тың­ғылықты шебер­лігімен танылып, қазақ оқырмандарын елең еткіз­ген еді. Одан кейінгі жылдарда қаламгер сәкентану үрдісіне терең ден қойды. Сәкентану ілімін ілгерілеткен Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев сияқты заңғарлардан кейін бұл тақырыпқа жүрексінбей қалам тартып, қала берді тың деректер тауып, батыл тұжырымдар жасау мүмкін еместей еді. Алайда, Амантай Кәкеннің «Қазақтың Сәкені» атты алғашқы зерттеу-эссесі көзі­қарақты оқыр­мандарын бірден баурап алды. Кітаптың алғашқы тарауларынан-ақ сәкентану іліміне сүбелі ең­бек қосылғаны, сәкентанушы қалам­герлер қатары кең тынысты, терең зерделі зерттеушімен толық­қаны айқын танылды. Одан кейінгі кезеңде Амантай Кәкеннің «Непокоренный сын степи», «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен тағылымы» атты то­лымды ең­бектері жарық көрді. Енді міне, Астанадағы «Жасыл орда» баспасынан қаламгердің «Сәкен жолы» атты кезекті тың туындысы оқырмандарына жол тартты. Қазақтың біртуар пер­зенті Сәкен тағдыры ауыр да асқақ. Аумалы-төкпелі кезеңде саналы еңбек жолын бастаған Сәкеннің өмірі қандай шырғалаңға толы болса, жендеттер қолынан қапыда мерт болған ақиық ақынның қаза болғаннан кейінгі тағдыры да алыпқашпа әңгімелерге толы болды. Асыл ақынның еңбектеріне сын айтып, есіміне көлеңке түсіргісі келгендер де аз болған жоқ. Бірақ халық ақиық ақынын жазадан да, жаладан да ақтап алды. Бұл ретте зерттеуші қаламгер «Сәкен жолы» кітабының алғысөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­тың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин халық жадында мәң­гі сақталар жан, асылдардың асылы, аяулылардың аяулысы деп еске аламыз. Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ел, қайтпас қайсар күрескер», деген жүрекжарды лебізімен ашады. Қазір танымал сәкентанушылар қатарына қосылған зерттеуші қаламгер Амантай Кәкеннің «Сә­кен жолы» атты бұл еңбегі де ақиық ақынға қатысты тарихи ақтаңдақ шындықтарды ашуға арналған. Қаламгер осы бір толымды, деректі зерттеу еңбегі арқылы тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі қоғамдық өміріндегі Сәкен Сейфуллиннің ай­шықты орнын жарқырата көрсетуге тырысады. Автор бұл мақсатын жалаң сөзбен ғана емес, бұлтартпас тарихи шындық арқылы, мұрағат қойнауынан алынған деректер арқылы тұжырымдайды. Тілі жатық, ойы терең бұл шығармада дала дауылпазына қатысты тарихи шындықтың сан алуан қатпарлары ашылған. Сонымен бірге, кітапқа автордың Сәкен туралы ертеректегі кейбір сұхбаттары, ой-пікірлері мен тұжы­рымдары да енгізілген. «Сәкен жолы» атты осы еңбегі арқылы Аман­тай Кәкен дауылпаз ақын Сәкен тақырыбына адалдығын тағы да көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»