• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Ұлттық ұлан – ел қауіпсіздігінің қалқаны

751 рет
көрсетілді

Батыр бабаларымыз талай ғасыр армандаған Тәуелсіздік таңының атқанына 25 жыл толды. Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда бұл аса ұзақ уақыт болмағанымен, осы кезең ішінде еліміз әлем танырлық әрі таңқаларлық істер атқара білді. Қазақстанның геосаяси жағдайын, алып империя құлағаннан кейінгі елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды еске түсірсек, тәуелсіз азат елді қалыптастыру, оны тұрақты даму даңғыл жолына салу – ерлікке пара-пар іс еді. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты мен көрегендігін атап өтпеске болмайды. Елбасымыздың салиқалы стратегиялары негізінде мемлекетімізде демократия орнады. Соның арқасында экономикамыздың дамуы жаңа формацияға көшті. Өзіміздің ұлттық төл теңгеміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз және Ата Заңымыз – Конституция қабылданды. Есіл бойындағы еңселі қала – көркіне көз тоймас Астанамыз бой көтерді. Қазақстан тұтастай әлемдегі экономикалық, сая­си үдерістерге белсене қатысты, сол арқылы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ сынды іргелі халықаралық құрылымдардың мүшесіне айналды. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету, түзеу мекемелері мен аса маңызды нысандарды қорғау мақсаты мемлекетіміздің алдындағы маңызды мақсаттардың бірі болып тұрды. Осы мақсатта 1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасында Қарулы Күштерден алғаш болып Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. Өйткені, еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді ел Президенті әрдайым басты назарда ұстады. Тіпті, еліміздің осы күнгі жемісті жолының бастауы болып саналатын «Қазақстан-2030» Стратегиясында Мемлекет басшысы: «Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Егер біз өз мемлекеттілігімізден айы­ры­лып, егемендігіміздің негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолы­мыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ», деп атап өткен болатын. Осы орайда айрықша назар аударарлығы, Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, Егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрғаны біз үшін мақтаныш және мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенім. Сол 1992 жылғы 10 қаңтардан бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметін тек құқықтық шеңберде іске асырып келеді. Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Сол арқылы тыныштықтың тұғырында тұрған күш-қуат құрылымына заң аясында жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды. Өздерінің даярлығын, кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін  арттыру арқылы ұландықтар күш-құрылым органдары арасында лайықты орнын алды. Ел тәуелсіздігімен қатар, тыныштық пен тәртіп тірегі – Ұлттық ұланның құрылғанына да алдағы жылдың 10 қаңтарында 25 жыл толғалы отыр. Бүгінгі таңда ұландықтар халқымыздың сенімді қорғанына айналды. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай Қазақстан Республикасының аумағында ішкі тұрақтылықтың берік сақталуын Отанын анасындай сүйген әрбір ұландық жауынгердің антына адал болып атқарған қызметінің нәтижесі деп білемін. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Осынау 25 жыл бойы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, еліміздің тұрақтылығы мен жеріміздің тұтастығын және еліміздің басты құндылығы – тәуелсіздікті Ұлттық ұлан әскері, Елбасымыз айтқандай, «көздің қарашығындай сақтауға» қашан да әзір. Жақыны тұрмақ жатқа бейбітсүйгіш, меймандос ниетімен танылған асыл халқымыздың асқақ мұраты – ел тәуелсіздігі мәңгілік те баянды болғай! Әлібек СЕРӘЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор АЛМАТЫ