• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Brexit, Трамп, ОПЕК. 2016 жылы әлемде қандай ірі оқиғалар болды

248 рет
көрсетілді

2016 жылы әлемде айтарлықтай ірі оқиғалар көп болды. Egemen.kz солардың ішінен ең маңызды дегендерін еске салады.

Brexit: Ұлыбритания Еуроодақтан шығатын болды

Биыл маусым айында Ұлыбритания халқының 51,9 %-ы мемлекеттің Еуроодақтан шығуын қолдап дауыс берді, премьер-министр Дэвид Кэмерон отставкаға кетті.

28 маусым күні Брюссельде Еуроодақ саммиті аясында Еурокомиссия ғимаратының алдындағы Ұлыбритания туы төмен түсірілді. Бұл шешімнен соң мемлекет жаз айларында шетелдік инвестициялардың 45 пайызын жоғалтты. Дәл осы сәтте фунттың долларға шаққандағы бағамы 1985 жылғы көрсеткішке жетті. Ал мұндағы ірі банктер 2017 жылдың басында мемлекеттен кету мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Осы кезден бастап көптеген институттар Ұлыбриятанияның Еуроодақтан шығуының салдары туралы зерттеулер жүргізе бастады. Олардың айтуынша, әр ағылшын отбасы Одақтан шыққан соң жыл сайын 1474 еуро жоғалтатын болады. Сонымен қатар аталған зерттеу орындары Brexit-тен кейінгі он жылдан соң халықтың кірісі күрт төмендейді деп болжап отыр. Бір айта кетерлігі, Ұлыбритания Еуроодақ құрамында 43 жыл болды және Одақтан шығуға дауыс берген алғашқы мемлекет саналады.  

ОПЕК тарихи келісім жасады

Аустрия астанасы Венада қараша айында өткен мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымының кезекті отырысында ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндірісі көлемін тәулігіне қазіргі 33,6 млн баррельден 32,5 млн баррельге дейін азайту туралы шешім қабылдады. Яғни, ОПЕК ұйымы 2008 жылдан бері алғаш рет мұнай өндірісін тежеп, нарықта жасанды тапшылық жасайтын болып шешті.

Ал 10 желтоқсанда ОПЕК елдері мен оған кірмейтін мемлекеттер бірігіп тәулігіне 1,8 млн баррель қара алтын өндірісін азайту туралы ортақ келісімге қол жеткізді. Соның 1.2 млн баррелі ОПЕК елдеріне тиесілі болса, қалған 600 мың баррелі ұйымға кірмейтін мемлекеттер мойнына жүктелді. Сонымен қатар осы жиналыста мұнай өндірісі көлемін бақылайтын комитет құрылды. Венесуэла министрінің айтуынша, комитет құрамында бес елдің министрлігі болады. Оның үшеуі ОПЕК елдерінен болса, екеуі ұйымға кірмейтін мемлекеттерден алынады.

Бірқатар мемлекеттерде президент сайлауы өтті

Бұл тізімде, әрине, АҚШ көш бастап тұр. Биыл 8 қарашада америкалықтар мемлекеттің 45-ші басшысын сайлады. Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп өз қызметіне 2017 жылдың 20 қаңтарында кіріседі. Ол 8 жылға сайланды. Өзбекстан халқы 4 желтоқсанда президент сайлауын өткізді. Оның нәтижесінде Шавкат Мирзиеев жеңіске жетті. Австрия халқы да 4 желтоқсанда қайтадан сайлауға қатысты. 23 мамыр күні Александр Ван дер Беллен 50,35 пайыздық дауысқа ие болса да, дауыс санау барысында ереже бұзылды деген күдікпен қайтадан президент сайлаған болатын. Бұл ел президентін 6 жылға сайлады. Перудегі президенттік сайлауда Пабло Кучинский, Молдавияда Игорь Додон жеңіске жетті. Болгарияда Румен Радев президент болса, Филиппинде Родриго Дутерте, Тайваньда Цай Инвэнь (алғашқы әйел президедент), Португалияда Марсело Ребело ди Соза билікке келді. Сонымен қатар биыл БҰҰ Бас хатшысы қызметіне Португалияның бұрынғы премьер-министрі Антониу Гутерриш отырды.

Панама дауы

Биыл сәуір айында әлемде "Панама құжаттары" деген термин пайда болып, ол ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналған еді. Ол кезде Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) Mossack Fonseca офшорлық регистратор клиенттері туралы мәліметтер базасын жариялаған болатын.

 11 миллион құжаттың арасында іс басында жүрген және бұрын мемлекет басқарған 12 саясаткердің есімі бар болып шықты. Құпия ақпараттың ішінде әлемге әйгілі Лионель Месси, Джеки Чан сынды жұлдыздар туралы мәліметтер де келтіріледі. Тіпті, үлкен даудан кейін Исландия премьер-министрі отставкаға кетуге мәжбүр болған еді. Олар ірі көлемдегі ақшаларын мемлекеттен тыс офшорлық компанияларда жасырғаны айтылды.

Әлем биыл кімдермен қоштасты? 

Биыл Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Куба революциясының көшбасшысы Фидель Кастро, Тайланд королі Пхумипон Адульядет, Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перес, Грекияның бұрынғы президенті Константинос Стефанопулос, Сальвадордың бұрынғы президенті Франсиско Флорес қайтыс болды.

Сонымен қатар әлем 2016 жылы боксшы Мұхаммед Әлимен де қоштасты. Танымал музыканттар Леонард Коэн, Дэвид Боуи, Принс, Джордж Майкл, Италияның опера әншісі Даниэла Десси, Венада әлемге танымал дирижер Николаус Арнонкур,  актер Алан Рикман да биыл көз жұмды.

Әлемге әйгілі мүсінші Эрнст Неизвестный; Италияның Рим қаласында әйгілі комедия актері, продюсер, сценарист, Бад Спенсер; канадалық атақты хоккейші, Стэнли Кубогының төрт дүркін иегері Горди Хоу; Ұлыбританияда әйгілі драматург Питер Шеффер; белгілі халықаралық журналист, шығыстанушы-арабист Фарид Сейфуль-Мулюков; танымал архитектор әрі дизайнер Заха Хадид; венгр жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Имре Кертес; «Ну, погоди!» мультсериалының режиссері, мультипликатор суретші Юрий Бутырин өмірден өтті.

Америкалық жазушы Пэт Конрой, АҚШ-тың белгілі жазушысы, «Сайқымазақтың көзін жою» (To kill a mockingbird), «Күзетшіні тағайында» (Go set a watchman) сынды кітаптардың авторы Харпер Ли, Беларусьтің халық ақыны Нил Гилевич, жазушы Фазиль Искандер көз жұмды. Режиссура саласы Францияның белгілі режиссерлерінің бірі Жак Риветт пен Британиялық танымал режиссері Гай Хэмилтонмен қоштасты.

Нобель сыйлығын кімдер алды?

Биыл Швед академиясы әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері деп америкалық әнші, композитор, жазушы, киноактер Боб Диланды атады. 2016 жылы физиология мен  медицина саласында  бұл сыйлықты жапон ғалымы Есинори Осуми алса, физикадан АҚШ, Шотландия және Британия ғалымдары иеленді. Олар: Дэвид Таулес, Данкан Халдейн және Джон Костерлиц. Ал,  химия бойынша Жан-Пьер Соваж, Фрэйзер Стоддарт пен  Бернард Феринга сыйлықты бөлісті. Олар Францияның, Шотландия мен Нидерландының ғалымдары еді. Сонымен бірге өз еліндегі жарты ғасырға созылған қақтығысты тоқтатқаны үшін Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантосқа бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген болатын.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"