• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

70 жастағы қария шаңғымен төрт күндік сапарға шыққан еді

243 рет
көрсетілді

Сапар бүгін аяқталуы тиіс Қостанай қаласының ірге­сін­дегі облыс аттас ауданның Садо­в­ый поселкесінде тұра­тын 70 жастағы Мұхамет­қа­ли Асқаров жел­тоқ­­санның 27-сі күні таңертең шаң­ғы­мен жолға шыққан еді. Ол 2017 жылды Қостанайдан 105 ша­қырым жерде жатқан Әу­лие­­көл ауданының орта­лы­ғы – Әулиекөл ауылын­да тұратын қызы мен күйеу ба­ла­сының үйінде қар­сы ал­­мақ. Балалары мен неме­ре­лері қонаққа ша­қыр­ғанда қария олар­ға жаңа жыл­дық «тосынсый» жа­са­ғысы кел­ді. Егер көлікпен барса, 31 желтоқсан күні құрдай қа­ты­нап жатқан автобуспен немесе такси­мен-ақ 2 сағатқа тол­майт­ын уақытта жетіп барар еді. Ол Әулие­көлдегі қызына қайта телефон шалды. – Қызым, мен сендердің ұсы­ныс­тарыңды қабыл алдым, Жаңа жылды бірге қар­сы алайық. Мен ертең шаң­ғы­мен шығамын, – деді де телефон тұтқасын қойып қой­ды. Күйеу баласы да, неме­релері де атасының «мінезін» біледі. Өзі спортшы, турист Мұхаметқали ағаның бұл жолғы «тосынсыйына» олар таңғалған жоқ. Бірақ егде тарт­қан кісіге 105 шақырымды шаң­ғымен жүріп өту оңай емес, оның үстіне, қыс мезгілі дегендей. – Мен бұл жолғы сапарымды Жаңа жылға, қызыма және саламат­ты өмір салтын жақ­тай­тын барлық жер­лес­тері­ме арнаймын. Осыдан екі ай бұрын ғана 70 жас­қа толдым. Өзімді сынағым әрі өз­ге­­лер­ге шаңғымен мұн­дай са­пар­дың салмағын қай жас­­та да шыныққан адам көтере ала­тынын дәлелдегім келді, – дейді Мұхаметқали Сейілұлы. Шаңғышы Әулиекөлге жеткенше 4-5 жерге тоқтайды. Алдымен облыс орталығынан 35 шақырым жерде жатқан Глазунов ауылына тоқтап қо­нып шықты. Онда мектеп оқушыларымен кездесіп, олар­ға спорт, туризм және сала­матты өмір салты жайлы әңгімеледі. Мұндай кездесу сапарға шыққан күннің ер­теңіне, яғни 28 желтоқсан кү­ні Семенов ауылындағы орта мектепте де өтті. Сол күні кештетіп Лаврентьев ауы­лы­на жетті. Мұнда да мек­теп оқу­шыларымен, жұрт­шы­­лықпен кездесті. Жұрттың сұ­ра­ғына жауап берді. – Лаврентьев ауылына шаршаң­қырап, өзімнің бол­ж­а­ға­нымнан кешігіп жет­тім. Семеновте жұрт анта­лап, сұ­рақ­тың астына алып, жібер­мей қойды. Лаврентьев­тің тұр­ғындары бір сағат күтіп қа­лып­ты, – дейді Мұхаметқали ағай. – Жолда қиындықтар болып жатыр ма? – дейміз біз. – Болғанда қандай. Алды­мен қыс мезгілінің қолай­сыз­ды­ғы ғой мазалайтын. Жел, аяз дегендей. Оның сыр­ты­н­да жолдың шетін техни­ка­мен тықырлап тазалап тас­­таған­дықтан, қиыршық тас­тар шаңғыны жүргізбейді. Ал жолдан төмен түссем, қарға омбығып жүре алмаймын. Шаңғы сынып қалған жағдайда қиналмау үшін қо­сымша шаңғы алып алдым, – дейді ол. Қарт ұстаздың бұл шешімі жолдың үстінде көр­ген жұрттың барлығын да таң­ғалдырып, сүйсінтсе керек. Кез­десуде бір жас жігіт: «Ата, ке­лесі бекетіңізге дейін көлік­пен жеткізіп тастайын», – деп әзі­л­депті. – «Бұл – өзімнің қалауым, аяз­ға да, желге де, жолдың қиын­дығына да шыдаймын, ал­ған бетімнен қайтпаймын. Егер бір жерде құ­лап қалсам, қи­нал­май тауып алар­сыңдар, жол­дың үстінде жатамын ғой», де­дім мен де әзілдеп, – дейді қарт ұстаз. Ол жолға ауыстырып киетін киімін, дәрі-дәрмек, же­ңіл тамақ қана алыпты. Мұхаметқали Асқаров мұ­ғалім болып қызмет етті. Ол ұс­таз­дықтан әлі де қол үзген жоқ. 1971 жылдан бері табиғат туризмімен айналысады. Әр жазда табиғат аясында шатыр құрып, мектеп оқушыларының демалысын және табиғат туризмін ұйымдастырады. Оның сыртында шаңғымен, тоғызқұмалақпен, дойбымен, спорттың өзге түрлерімен де айналысады. Мұхаметқали ағай кеше Қоста­най-Әулиекөл ба­ғы­тын­дағы тас жолдың ше­ті­мен жүріп отырып, Әулие­көл ауылына қонаға жетті. – Жолай Новонежин ауы­лына қондым. Аяз беттен сәл шымшып тұрды, шама­лап жел соқты. Кеше кеш­кісін әулиекөлдіктер күтіп алды. Моншаға түскен соң, шар­ша­ғанымның бәрі де кетті. 31 желтоқсан күні қы­­зым мен күйеу баламның үйінде демалып, олармен Жаңа жылды қарсы аламын. Бар­лық қазақстандықтарды, еге­мен­­дік­т­ерді де, Жаңа жыл­мен құтты­қтаймын! – деді ол. Мұхаметқали аға кідір­ме­сін деп, біз де сұрақты кө­бей­тпей, телефонды басып қой­дық. «Жолау­шыға жол кеспе» деген. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ Суретте М.Асқаров. Суретті түсірген Николай СОЛОВЬЕВ