Негізгі мамандығы актер болса да, ел оны алдымен айтыс сахнасынан көріп, ақын ретінде таныды. Ағалармен айтысса інілігін, інілермен айтысса ірілігін көрсететін, әпкелерін әдемі әзілімен әспеттеп отырса да әдептілігін сақтайтын сары ауыз балапанның сахнадағы алғашқы қадамы сәтті басталды. Жүрсін Ерманның өзі көптен жасырып жүрген «көжегіміз» деп алқалы жұрттың алдына шығарып, топқа қосып, томағасын сыпырды. Жағымды дауысы, жалынды сөзімен жарасым тапқан жас ақын көптің көңілінен шығып, көрерменнің көзайымына айналды. Ол кім дейсіз ғой? Ол – Төреғали Төреәлі.
Айтыстың ауылынан қанат қағып, эстраданың төрінен төбе көрсетіп жүрген Төреғалидің атағы аспандамаса, аласарған жоқ. Себебі, көмейінен төгілген әрбір ән көрерменнің көкейіне барып құйылып жатыр.
Төреғалидің өзі айтпақшы, «Ән болсын, басқа болсын жарқ етіп шыққан кез келген жақсы дүниенің артында жаны қазақ, қаны қазақ азаматтар жүреді. Көрермен, тыңдарман сенің өнеріңе қол соғып қошеметтеп отырса да, олар сахнаның сыртында қандай еңбектің атқарылып жатқанын, қаншама маңдай тердің төгілгенін сезіне бермейді. Сол сяқты, менің де өнер жолымда өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар бар. Қайнар Алагөзов, Аян Сейітов секілді ақын достарыммен Құрал Молжанов сынды сөзімізге ән жазатын талантты бауырларымның еңбегі ерекше».
Иә, «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас» дегендей, айналаңды таспен емес, доспен қалағанға не жетсін. Бұл ретте Төреғалидің бағы басым деуге болады.
«Еріндері кеседен
Басқа жерге тимеген.
Қадірімді білетін
Қазақ қызға үйленем», деп келетін әннің де сөзін Қайнар жазғанын біреу білсе, біреу білмес. Сазы мен сөзінен сатиралық сарынның самалы есетін бұл туындыны өткен жылдың олжасы деуге болады. Тілге жеңіл, жүрекке жылы ұшырасатын әнді бір тыңдағаннан-ақ жаттап аласыз. Сөз құрылымының оңайлығы соншалық, екінші естігенде еріксіз санаңызда сайрап тұрады. Тіркестері тіліңіздің ұшына өзінен-өзі оралады.
«Алло» деген әннің сөзін жазса да, телефонын «Алло» деп әрең көтерген Қайнарды «Іздеме» десе де, іздеп тауып алдық. Сөйтсек, ол «қазақ қызға үйленіп те» үлгеріпті. Оны іздеудегі мақсатымыз – «Қазақ қызға үйленем» әнінің шығу тарихын, жазылу идеясын оқырманмен бөлісу еді. «Бол жанымда» деген ақынның жанында бола алмасақ та, ұялы телефон арқылы сымсыз байланыс орнатып, әннің қалай шыққанын білдік.
«Бұл ән бүгінгі таңдағы қазақ қыздарының шетелдік жігіттерге тұрмысқа шығып жатқанына және қазақ жігіттерінің шетелдің аруларын жар қылып жатқанына іштей қарсылық білдіріп, өмірге келген дүние еді. Ел-халықтың арасында таралып, кішкентай бөбектеріміз жатқа айтып жүргенін көргенде, кішкене болса да арманымыз орындалғандай қуанып қаламыз. Бүлдіршіндердің барлығы «қазақ қызға үйленем» деп айтып жүреді. Сол арқылы олардың миларына ақпарат жетеді. Сөйтіп, олар өскенде қазақ қызына үйленеді деген сеніміміз бар. Негізінен әннің мәтіні дастарқан басында дүниеге келді. Бір отырыста бірнеше ұлттың қыздары болды, сол жиында мен әрқайсысына суырып салып өлең құрадым. Төреғали оны диктафонға басып алған екен. Ән қылып шығару идеясы содан туындады. Өзім айтыскер ақын болғандықтан осындай сәтті шумақтар суырып салып, аяқ астынан айтқанда келеді», дейді автор.
Д.Дәулетовтің «Еһ, жаным, Күлайна» әнінің мақамына салынып айтылған, астарында шындығы да бар әзіл ән жыл бойы жүректерге қуаныш сыйлағаны жасырын емес. Өнерпаз өрендерден келер жылы да өміршең туындылар күтеміз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»