Спорттың барлық түрі де пайдалы екені дәлелденген. Алайда, Атырауда кенжелеп қалған спорттың қатарына үлкен теннисті де жатқызуға болады. Енді сол олқылықтың орнын толтырады деген үмітпен арнайы салынған орталықтың аумағы 4,9 мың шаршы метрді, ал жер телімі 2,1 гектарды құрайды. Бас мердігерлікке таңдалған «БатысАлянсСтрой» ЖШС жүргізген спорт нысанының жобасын «Полимер» серіктестігі дайындаған. Үлкен теннис федерациясы Атырау облыстық филиалының директоры Вера Тихомированың айтуынша, теннис кортына «Green Set» маркалы жоғары сапалы жабындысы пайдаланылған. Өйткені, шетелдік маман-сарапшылар теннис кортына дәл халықаралық талаптарға сәйкес келетін дәл осы материалдың төселгенін қалайды. Сол себептен, Атыраудағы теннис корты шетелдік сарапшылар тарапынан бірнеше рет тексерілген.
Теннис орталығында 8 корт бар. Оның төртеуі жабық кешеннің ішінде, тағы төртеуі жазғы алаңда орналасқан. Үлкен теннис сайыстарын бір мезгілде 300 адамның тамашалауына мүмкіндік жасалып отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ