Астанада жаңажыл күндері 40-қа жуық жол-көлік апаты болды, деп хабарлайды елордалық ІІД баспасөз қызметі.
Жаңа жыл тойлау мерзімінде ауыр қылмыс жасалмады. Елордада 1 500-ден астам полиция қызметкері, 200-ден астам қызметтік автокөлік қоғамдық тәртіпті күзетті. Көшелерде патрульдік қызмет күшейтіліп, полицияның учаскелік инспекторлары белгіленген әкімшілік аумақ бойынша өз қызметтерін атқарды.
Халық көп серуендейтін орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Полиция бөлімшелерінде оқиға орындарына уақытылы жету үшін қосымша тергеу-жедел топтары құрылды. Жаңа жыл күндері полицияға негізінен спирттік ішімдіктерді көп пайдаланғаннан және отбасылық түсініспеушіліктерден болған келіспеушіліктер туралы қоңыраулар келіп түскен. Ондай хабарламалар саны 180-ге жеткен. Айтылған орындарға қосымша құрылған топтар барып, әкімшілік және алдын алу шараларын қолданды.
40-қа жуық жол-көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 5 адам түрлі дене жарақатын алды. 31 желтоқсан және 4 қаңтар аралығында қалалық ішкі істер департаментінің жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет етеді.