Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының Шахан кентінде болған төтенше жағдайға байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Қарағанды облысы Шахан кентінде көп пәтерлі үйдің кіреберісі құлап, адам шығынына әкеп соқтырғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Қазақстан Президенті қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Елбасы Қарағанды облысының әкіміне, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға зардап шеккен тұрғындардың бәріне жан-жақты көмек көрсету үшін тиісті шаралар қабылдап, төтенше оқиғаның себебін анықтау жөнінде тапсырма берді. Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні сағат 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласына қарасты Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Әуелі 1 адамның мәйіті үйінді астынан шығарылған болатын. Кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды. Қазіргі уақытқа дейін үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды. Оның үшеуі ер адам, үшеуі әйел, үшеуі бала. Баланың біреуі 2016 жылғы,екіншісі 2010 жылғы.