Атыраулық еріктілер өмірде түрлі қиындықтарға кездескендерге қол ұшын созады. Олар өздерінің әрекеттерін жарнамалай бермейді. Дегенмен, жақында Атырау тұрғындарының бірі Аяз Атаның рөлін ойнап, еріктілермен бірге бірнеше отбасына қолдау көрсету шарасына қатысты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бұл менің өмірімдегі болып жатқан ерекше Жаңа жыл. Қайрымдылыққа өз қалтамыздан қаржы жинаймыз. Оған азық-түлік, киімдер мен тәтті тағамдар алып, көмекті қажет ететін зейнеткерлердің, жалғызбасты аналардың, көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, сыйлық жасаймыз. Сөйтіп, 31 желтоқсан күні сағат таңғы 10-да басталған марафон 1 қаңтар күні түнгі 2-лерге таман аяқталды»,-деп жазды Серік Ерментаев.
Оның сөзінше, Жаңа жыл түнінде ертегілердің кейпіне еніп киінген еріктілердің 9 командасы тиісті мекенжайларға барып қайтты.
«Біз 25 отбасына кіріп шықтық. Оған барлығы 30 адам қатысты. Әр командада міндетті түрде Аяз Ата мен Ақшақар болуы керек. Олар мықты команда және маған осындай кереметтің куәсі болуға мүмкіндік жасағандарыңыз үшін зор алғыс»,-деді ол.