• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

«Ахиллестің өкшесі»

1009 рет
көрсетілді

Бұл сөз көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым үшін түсінікті болар.

Білмейтіндер болса, тағы бір еске салып өтейік, ертедегі грек аңыздарында теңіз құдайы Фетид пен жұмыр басты  Пелеяның ортасынан туған Ахиллеске де, анасы адамзат болғандықтан, оған тән осалдықтар мен қауіп-қатерлер жұғысты болады. Баласының болашақ тағдырына алаңдаған анасы оны адамға тән осалдықтардан арылту үшін қасиетті Стикс өзенінің суына малып алады. Сөйтіп ол, аңыздарда айтылатындай, атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін нағыз батыр болып шығады. Бірақ, бір өкініштісі, анасы өзенге малған кезде оны өкшесінен ұстап тұрады да өкшесіне қасиетті су тимей қалған екен. Ахиллестің осы осал тұсын білетін троялық батыр Парис оны аңдып жүріп, ақыры өкшесінен атып өлтіреді. Бұл аңыз кез келген құбылыс пен жан иесінің бір осал тұсы болады, егер сол осал тұсына абай болмаса, түбі соның себебінен қатерге тап болады деген мағынада әлем халықтарының арасында кеңінен тараған. Сол секілді қазіргі адамзат қа­у­ымының осал тұстары аз емес. Соның ең қатерлілерінің бірі ретінде су тапшылығының проблемасы жылдан-жылға алдыңғы қатарға қарай шығып келеді. Су Жер шарының 70 пайыздан астамын алып жатса, соның 3 пайызы ғана ішуге жарамды таза су деп есептеледі. Бұл таза судың басым көпшілігі мұз күйінде Антарктида секілді халық қолы жете бермейтін жерлерде сақталған және негізінен жауын-шашын күйінде мұхиттарға жауады. Тек 1 пайызына ғана адам қолы жетімді. Бүкіл әлемде 1,4 миллиардтан астам адам таза суға зар болып, қолына түскен суды ішуде. 2025 жылға таман мұндай адамдардың үлесі әлем халқының 40 пайызын құрайды деген болжам бар. Ал енді бір сарапшылар 2025 жылы қолжетімді таза су таусылады деп байбалам салуда. Сөйтіп, жылдан-жылға асқына түскен су проб­лемасын «Ахиллестің өкшесіне» баласақ мұның түк артықшылығы жоқ. Адамзатқа ортақ осы проблемадан біздің Қазақстан да тыс тұрған жоқ. Біз құрлықтың ортасында орналасқан елміз. Ылғал, жауын-шашын тудырушы әлемдік мұхиттардан тым жырақта жатырмыз. Сондықтан да бізде атам замандардан бері құрғақшылық жиі орын алып келеді. Міне, осы бір жағдай біздің тағдырымызды, халықтық болмысымызды, тұрмыс-салтымыз бен кәсібімізді айқындауға үлкен ықпал етті. Мәселен, ата-бабаларымыз неліктен мал шаруашылығын таңдап алған? Себебі, даламыз кең болғанымен бізде су көздері тапшы. Көл мен өзенді былай қой­ғанда, көлшіктер мен баяу аққан бұ­лақтардың өзі ондаған, жүздеген ш­а­қырымдарды кесіп өткенде барып бір кездеседі. Жаздың аптап ыстықтарында бұлардың кейбіреуі сарқылып қалады. Сондықтан, малына су іздеген қазақ жаз шыға тау саясындағы салқын жайлауға көшеді. Онда бір бұлақтың басында бірнеше үй отырады. Жан-жақпен хабар алысу үшін басты көлігі ретінде жылқыны таңдаған. Келген қонақты ақпарат көзіне балап, аса құрметтеген. Жалпы судың тапшылығынан біздің жер атауларымыздың өзі жақсы хабар береді. Кең-байтақ даламыздың үштен екісін алып жатқан шетсіз-шексіз үлкен кеңістік Сарыарқа деп аталады. Малға жайлы құт мекеннің өзін ата-бабаларымыз Бетпақдала деп атаса, оның үлкен бір бөлігін Мойынқұм деп белгілеген. Әзірге климаттың жаһандық жылынуы біздің оң жамбасымызға дөп келіп тұр. Күннің қызуымен мұхиттар, те­ңіздер бетінен көтерілген ылғалды құтырынған боран мен жел бізге қар, жауын-шашын күйінде жеткізуде. Асан қайғы бабамыз «Ерейменнің жері емес, желі құт екен» деп тегін айтпаған. Біздің байтақ даламыз үшін жел пайдасы үлкен. Жазық далаларда орналасқан қалалардың экологиялық жағдайын сауықтыруға жел өлшеусіз қызмет етуде. Су тапшылығының алдын алу мә­се­лесінде Қазақстан қимылсыз емес. Халықты ауыз сумен қамтуға ерте бастан кірісті. Жер асты суларына жүйелі зерттеулер жүргізілуде. Ауыл шаруашылығына ылғал үнемдегіш технологиялар енгізілуде. Бірақ су қоймаларын реттеу мәселесіне асығар емеспіз. Қазақстан үшін «Ахиллестің өкшесі» су қоймаларының проблемасынан басталуы мүмкін. Осыны Су ресурстары комитетінің қаперіне саламыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»