• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Олжас СҮЛЕЙМЕН: Танымалдығыма есімім әсер еткен жоқ

598 рет
көрсетілді

Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, мамандығы – құрылысшы. Қытайда білім алған, төрт тілді жетік біледі. Діттеген мақсатына жету оңай болған жоқ. Талмай тер төкті. Сүрінді, қайта тұрды. Бүгінде 26 жастағы жігіт құрылыс компаниясының бас директоры. Қол астында 2 мың жұмысшы бар. БҰҰ сынды мәртебелі ұйымның бас мінберінен сөйлеген Олжас Сүлеймен хаттама ережесін бұзғанына еш өкінбейді. Себебі, соның арқасында ана тілінің әуезді үнін әлемге естіртті. – Олжас, бүгінде есіміңіз көпке танылып калды. Аты-жөніңіз қазақтың ақиық ақынымен ұқсастығы сіз­дің бүгінгі танымалдығыңызға қан­шалықты ықпал етті? – Атам Сүлеймен Олжас ақын­ның шығармаларын жақсы көретін. «Алла дарын берген мұндай ақындар 100 жылда бір-ақ рет туады ғой!» деп тамсанып отыратын. Менің есімімнің де ақын­ның құрметіне қойылғаны – атамның ұлы ақынға деген ықыласының белгісі. Ал та­нымалдылыққа есімім әсер етті дегенге келіспеймін. Менің өз жолым бар. Біздің буын аға буынның жолын ары қарай жалғастырады. – Олжас ақынмен жүздесе алды­ңыздар ма? – Мен 8 жылға жуық уақыт сырт жерде жүрдім. Реті келгенде Олжас ағамен кездесулердің бәріне баруға тыры­­сатынмын. Бірақ «Мен де Ол­жас Сүлей­ме­нов­пін» деп алдына баруға жү­рек­сіндім. Ішкі даусым «Бұл есімді саған берді. Ал өзің Олжас Сүлей­ме­нов болып даралана алдың ба?» деп қар­сылық біл­ді­ріп тұратын. Кейін Біріккен Ұлт­тар Ұйымында қазақ тілінде баян­дама жасағаннан кейін елге кел­генімде, кездесудің сәті түсті. Ақиық ақын мені бауырына басып тұрып, «Олжастар мықты болуы керек» деді. – БҰҰ мінберінен қа­зақ­ жаста­рының атынан сөз сөйлеу бақыты сізге бұй­ыр­ыпты. Экология та­қы­рыбын қозғадыңыз. Жал­пы, жаһандық тұр­ғыда алып қарайтын болсақ, Қазақ­станда экологиялық мәселе сон­ша­лық­ты күрделі емес сияқты... – Келісемін. БҰҰ-да Африка, Мек­сика сынды елдерден келген жастар баяндама жасап, күрделі экологиялық мәселелерді кө­тер­ді. Менің баяндамам Астанада «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Қазақ­станға маңызы туралы болды. Жалпы, елімізде жүр­гі­­зіліп отыр­ған дұрыс сая­са­т­­­тың арқасында Қазақ­с­тан­дағы экологиялық ахуал сон­ша­лық­ты күрделі емес. Деген­мен, Қы­тай­дағы ауаның лас­тану дең­гейі өте жоғары бол­ған­дық­тан, іргелес көршіміз ре­тін­­де бұл бізді де алаңдатпай қой­май­ды. Екі жылым Бейжіңде өтті. Аспаны қысы-жазы сұп-сұр. Тү­тіннен бұлт та, жұлдыз да көрі­нбейді. Ғалымдардың ай­туын­ша, Бейжіңде бір күн ауа жұт­қа­ның 21 тал темекі шеккенмен тең екен. Осыдан кейін-ақ денсаулыққа қаншалықты зиян келетінін елестете беріңіз. Қоршаған орта мəселесі бүгінде бүкіл əлем үшін өзекті. Біз­дің елде өткелі жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне көп мем­лекеттердің қызығушылық та­нытып отырғаны сондықтан. Қазір Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған біраз жұмыс жасалып жатыр. Өндіріс саласы қолға алынып, «Made in Kazakhstan» жобасы дамып келеді. Осындай кең көлемді жобаларды дамыта отырып, экологияны ластамау жағын да назарда ұстау керек. – Қытайда 10 мыңға тарта қазақ­стандық студент бар екен. Қазақ­стан­дық студенттерден құралған ұйым, қа­уым­­дастықтардың белсенділігі қалай? – Қазір шетелде оқып жат­қан қазақ­стандық студенттер қауымдастықтары Еуропа ел­де­рінде, АҚШ-та, Ресейде бар. Қытайдың Сиань қаласында – «Алтын орда», Бейжіңде – «Жас қыран», басқа да шаһарларда түрлі студенттік ұйымдар құ­рылған. Араға біраз уақыт салып, сол ұйымдарды бір логотип аясына бі­рік­тіріп, бір мақсатқа жұмылдырсақ деген ниетпен Сиань қаласында құ­рылтай ұйымдастырдық. Қытайдың əр аймағынан келген қазақ студенттері бір бағытта жұмыс істейтін ұйымды Шанхайда болған екінші құрылтай кезінде нақтыладық. Наурыз мейрамын, Тəуелсіздік тойын бүкіл қала көлемінде дүркіретіп тойлайтындай деңгейге жеттік. – Осыдан үш жылдай бұрын қазақ студенттерінің көмегімен Бейжіңде қазақ орталығы ашылғанынан хабардармыз. Ол ұйым қалай жұмыс істеп жатыр? – Ірі мемлекеттердің барлығы əлемнің əр түкпірінде өзінің ізін қалдырғысы келеді. Мəселен, Түркияның қаншама елде мектеп-лицейі бар?! Қытайлар да жан-жақта Конфуций институттарын ашып алған. Қате­леспесем, Қазақстанда да 4 Конфуций институты бар. Оның біреуі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде. Міне, ақылды ұлт осылай дамиды. Біздің де осы Бей­жің­­дегі орталықты ашудағы басты мақса­ты­мыз сол болған. Қазақ халқы озық ойлы ұлт ретінде әлемнің кез келген нүк­те­сінде өз қолтаңбасын қалдырса екен дей­мін. Соған өз үлесімді қосқым келеді. Қазір «Болашақ» бағ­дар­лам­а­сынан бөлек, ата-анасының қар­жысымен оқып жатқан қазақ­стандық студенттер жетерлік. Қолымызда нақты дерек бол­ма­ғасын, олардың қаншасы қа­лып қойғанын, қаншасы елге орал­ғанын білмейміз. Есепте еш­кімге есе жібермейтін, техни­каны тынысына балайтын қазақтың да дарынды жастары аз емес. Тек біздің қоғамда олардың есімдері атала бермейді. Әлемнің мате­матиктер қауымы Данияр Кәме­новті «Әлемнің үздік ма­те­ма­­тигі» деп мойындалғанда 16 жас­­та еді. Ол отыз жыл бойы ше­шімі табылмаған австриялық Вальтер Яноустың теңсіздігін дәлелдеп шыққан. Мәселен, АҚШ-тағы Массачусетс тех­но­логиялық университетінің ғы­­лыми қызметкері Қуат Есенов, Калифорниядағы Oracle компаниясында инже­нер әрі менеджер Нұржас Мәкішев, Оңтүстік Кореяның Сеул қала­сындағы генетикалық инс­ти­туттың ғылыми қызметкері Әсем Сапарханова, Ресейдің ең жас ректоры атанған, Алферов қо­ры­ның атқарушы директоры Ерлан Ысқақов, Мәскеудегі Физикалық-химиялық медицина ғы­лыми-зерттеу институтының ме­ди­циналық нанотехнология зертханасының жетекшісі Қуат Момынәлиев, поляк сту­денттеріне дәріс оқитын Гүлай­хан Ақтай, Жапониядағы хирург-онколог Айсұлу Жүсіповалар – ұлтымыздың мақтанышы. Бүгінде шетелде жүрген осы тектес «қазақтың миын» сақтауға мүм­кіндік бар. Оларды өз елі­мізге қызмет етуге тарту керек. Қазақстандық жастардың оқуы қашан бітеді деп күтіп отыр­май, оларды бүгіннен бастап өзара ұйымдастырып, Қазақстан­ға жаңа ой-идеяларды әкелуге жұмылдыру қажет. Осы­ны жастардың өздері сез­­ген болуы керек, осыдан екі жыл бұрын шетелде қазақ­стан­дық студенттердің сан алуан ұйымдарын құруға белсене кірісті. Әрине, шетелдегі қазақ­стандық жастардың ұйым­дарына мемлекеттің қолдауы да қажет. Себебі, онсыз өзге мем­лекеттердің саясатына төт­еп беру қиын. Ал қалғанына олар­дың жастық амбициясы же­туі тиіс. – Сенде қазақ студенттерін өз­ге­лер­мен салыстыру мүм­кін­дігі болды. Қазақ сту­дент­те­рінің деңгейі қандай? – Байқағаным, қазақ жастарында көш­басшылық қасиет аздау. Біздің тағы бір кемшілігіміз – өз-өзімізге онша сенбейміз. Мен бұл үшін жастарды кінәлаудан аулақпын. Жастарымыздың бойындағы сенімсіздік – уақыт таңбасы. Аға толқын мықты мемлекеттің ірге тасын қалады. Шекарасын шегендеп берді. Енді қазақты озық ойлы ұлт ретін­де әлемге таныту, қазақ брендін қалып­тас­тыру – біздің толқынның міндеті. – Әңгімеңізге рахмет!  Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА  АЛМАТЫ