Дэнниэл Джейкобстың жаттықтырушысы Андре Розье америкалықтың 18 наурыз күні Геннадий Головкинді жеңетініне еш күмән келтірмейді. Бұл туралы sports.kz хабарлады.
«GGG Джейкобстың күшінен қорқуы тиіс. Екеуінің де нокаут көрсеткіші бірдей. Ал егер мән беріп қарайтын болсақ, Дэнни жылдамырақ қозғалады әрі аяғымен де шапшаң қимылдайды. Қазақстандықтың соққыларынан жасқанбаймыз. Қайта біз қарсы шабуылдап, тез жауап қайтаратын боламыз», – деді Розье.
«Біз 12 раундтан кейін төрешілердің шешімімен жеңіске жетеміз деген ойдамын. Егер бәрін жоспарлы түрде жүзеге асырсақ, Геннадийдің алғашқы жеңілісіне себепші боламыз», – деді Джейкобстың бапкері.
Бұған дейін Дэнниэл Нью-Йоркте өтетін жекпе-жекте жеңіске жетіп, қарсыласының барлық белбеуін тартып алуға шамасы жететінін айтқан. Ал Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес өз кезегінде оның жеті раундтан ұзаққа шыдайтынына күмәнмен қарайтынын мәлімдеген болатын.