• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Депутаттар – ел арасында

251 рет
көрсетілді

Сенатор Манап Көбенов Пав­ло­дар облысындағы Ақтоғай ауданында болды. Аудан әкімі Ағыбай Әміринмен кездесуде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму­ын­дағы басымдыққа ие мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Ақтоғай ауылындағы  әр үйді ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбыры құрылысының ІІ кезеңін іске асыру келешегі қаралды. 2017 жылы бұл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 930 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Депутат Ақтоғай ауылындағы балалардың өнер мектебінің жұмысымен танысып, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы Жасұлан Шорманов басқаратын «Ауылдастар» клубының ардагерлерімен әңгімелесті. Таяу күндері М.Көбенов Екібастұз және Ақсу қалаларына, сондай-ақ, Павлодар облысындағы бірқатар аудандарға баруды жоспарлап отыр. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы   * * * Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов аймақтарға сапарлары аясында Қызылорда облысында болды. Сенаторлар Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Жергілікті халықпен кездесулер барысында аудан орталығындағы инфрақұрылымды дамыту және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бөлінген 420 миллион теңгенің игерілуі туралы мәселелер көтерілді. Депутаттар осы аудандағы мия тамырын өңдеу зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Қазіргі кезде елу шақты адам жұмыс істейтін мия тамырын өңдеу зауыты өнімдерінің едәуір бөлігі шет елге экспортқа шығарылады. М.Бақтиярұлы мен Б.Еламанов Сырдария ауданында болған кездерінде Қалжан ахун ауылындағы күрішшілермен кездесті. Жүздесу барысында еңбек өнімділігін арттыру, тыңайтқыштар мен жанар-жағар май мәселелері туралы әңгіме қозғалды. Сырдария ауданындағы мектепте болған кездесуде Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру және үш тұғырлы тілді дамыту жайында әңгіме болды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы   *** Парламент Сенаты депутаттарының аймақтарға сапары одан әрі жалғасуда. Бұл күндері сенатор Марат Тағымов Ақтөбе облысында жұмыс бабындағы сапарда жүр. Депутат облыс орталығы мен Алға ауданында жергілікті мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесулер өткізді. М.Тағымов «Айбек» қалбырлау зауытында және Ақтөбедегі қалалық жылыжай шаруашылығында да болды. Алға ауданындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған ет өңдеу кешені мен «Алға жылу» КМК тазарту ғимаратының жұмысымен танысты, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының басшылығымен кездесті. Еңбек ұжымдарымен жүздесу барысында аймақтың экономикалық өркендеуі мен әлеуметтік мәселелерді шешу туралы әңгіме өрбіді. Сенатор алдағы уақытта Мәртөк және Әйтеке би аудандарына баруды жоспарлап отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы   * * * Сенат депутаттары аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысуда. Алматы облысында сапарда жүрген сенаторлар Нұрлан Қылышбаев пен Аңсар Мұсаханов Қапшағай қаласында, Шеңгелді және Заречный ауылдық округтерінде бірқатар кездесулер өткізді. Депутаттар «Агрипак» орама-қаптама өнімдерін өндіретін цехында, «Рауан» шаруа қожалығында, «Балық өндірісі», «Грин Лэнд Алатау», «Маревен Фуд Тянь-Шань» мекемелерінде болды. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Заречный ауылдық әкімдігінде салынған бу қазандығының жұмысымен танысты. Сенаторлар Балқаш ауданында «Dinara-Ranch» және «ӨтесБиоАзия» агрофирмаларының еңбек ұжымдарымен, сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңес пен жергілікті полиция басшылығымен кездесті. Жүздесулер барысында Н.Қылышбаев пен А.Мұсаханов сайлаушыларды бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға арналып Парламентте қабылданған заңдар туралы хабардар етті. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы   *** Ақмола өңіріне кезекті сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов, Жексенбай Дүйсебаев және Михаил Чирков  өз кездесулерін облыстық «Нұр Отан» партиясы активінен бастады. Бұқарамен кездесу барысында Елбасының саясатын жүзеге асырудағы негізгі атқарылған жұмыстарына есеп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Партия активімен өткен кездесуден соң, депутаттар «Синегорья» Көкшетау сүт зауытының жұмысымен танысты. Сүт өндірісі барысында қолданылатын заманауи  технологияларды көріп, сүт өнімдеріне жоғары баға берді. Бұдан әрі Мәжіліс депутаттары облыс орталығында орналасқан Ішкі істер министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының оқытушы-профессорлық құрамымен және курсанттармен кездесіп, олардың материалдық-техникалық базасымен танысты. Бүгінгі таңда жоғары оқу орны қабырғасында 600 курсант білім алып жатыр, олардың ішінде Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің азаматтары да бар. Болашақ өрт сөндіруші мамандар толығымен мемлекет қарамағында. Сонымен қатар, депутаттар Жексенбай Дүйсебаев пен Сапар Ахметов «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың сұрақтары мен мәселелерін қарады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы