• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Батырханның әнін тыңдаған мәскеулік қыз қазақша үйрене бастады

401 рет
көрсетілді

18 жастағы мәскеулік Виктория Андреева әлеуметтік желіде өз қатарластарымен қазақша сөйлесіп, тіл үйреніп жүр. Ол Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" әнін естіген соң қазақ тілін үйренуді мақсат етті, деп жазады "Эврика" газеті. Викторияның көзі толық көрмейді. Зағиптарға арналған мектепте оқитын бойжеткен бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде Қазақстандағы қатарластарымен тілдесіп, олардан Қайрат Нұртастың өзіне ұнаған әндерін үйреніпті. "Ол кезде қатты әсер етпеді. Ал Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" әнін тыңдаған кезде ерекше сезімде болдым. Менің сол кезде не сезінгенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл адамның қазір өмірде жоқ екені өкінішті. "Отан Ана" әні ерекше сиқырға ие секілді. Меніңше, Батырхан Отанына деген махаббатын айтқан. Сол сезім маған де берілген секілді. Осы сәттен кейін қазақ тілін үйренуге деген құштарлығым артты. Сөйтіп, осы тілді үйренуге ден қоя бастадым", дейді Виктория. Мәскеулік қыздың айтуынша, ол  soyle.kz сайты арқылы тіл үйрене бастаған. Кейіннен графикалық элементтерге байланысты аталған сайт зағип жандарға қолжетімсіз болады. "Жаңа толқын" курсы да өзінің ыңғайына бейімделмегендіктен, Виктория әлеуметтік желі арқылы өзіне тіл үйренуге көмектесетін адам іздейді. Қазір оған тіл меңгеру үшін ақтөбелік қатарласы көмектесіп жүр екен. Бүгінде Виктория қазақ тілінде өзі туралы әңгімелеп бере алады. Бірақ оның арманы - еркін сөйлеу, фильмдер көріп, әндерді аудару. "Мен Алдар Көсе ертегісінің кейіпкерлерін білемін. "Қыз Жібек" фильмін көрдім. Заманауи эстрададан бөлек Әміре Қашаубаев, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тыңдадым. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыдым. Маған ұнады. Сөзін қатты түсінбесем де, тілдің дыбысталуының өзін ерекше жақсы көремін. Бұл Шығыс екені сезіледі. Мен үшін бұл таңсық", дейді Виктория Андреевна. Сонымен қатар Виктория қазақша ән тыңдағанды ерекше жақсы көреді екен. "Қазақ тілі арқылы менің ән айтуға құштарлығым оянды. Басында тек тыңдап жүретінмін. Кейін ойлана келе, неге өзіме де ән салмасқа деген ой келді. Әнді ұзақ іздеп, біреуін таңдап, оның сөздерін жазып алдым. Түбінде бір нәтиже шығар", дейді бойжеткен. Басылымның айтуынша, мәскеулік қыз қазақ эстрада әншілерінің көпшілігін біледі. Ол Ақбота Керімбекова, Ерке Есмахан, Қарақат Әбілдина, Батырхан Шүкенов, Димаш Құдайбергенов, "Melo Men", "Арнау" тобын, "Жігіттер" квартетінің әндерін тыңдайды. Бойжеткен өзіне виртуалды әлемде Қазақстаннан тек ашық, ақкөңіл, мейірімді жандардың жолыққанын айтады. Викторияның айтуынша, егер де мүмкіндік болса, ол Қазақстанға қуана-қуана келер еді. Себебі сүйікті тілінде адамдармен бетпе-бет тілдесіп, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татқысы келеді.