• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

Атауға абай болған абзал

533 рет
көрсетілді

Журналист үшін айналаның бәрі тақырып. Жүресің, көресің, естисің. Тақырыпқа тамызық табасың. Қазақстанның елордасы – Аста­на күннен-күнге көркейіп, сәулетті болып келеді. Ғимараттары да, көше­лері де көп. Құрылыс өте қар­қынды. Тіпті қақаған қыс кезін­де де жұмысын тоқтатпай, еселі жұ­мыс істеп жатқан компаниялар жеткілікті. Құрылыс ауқымы ке­ңей­геннен кейін жаңа көшелер қо­сы­лады. Әңгіме – осы көшелердің атауы жөнінде. Атау бергенде абай болғанымыз абзал. Өйткені, Астанаға алғаш келген қонақтардың қала картасына көз жүгіртіп, одан өзіне керекті нысанды немесе көшені іздейтіні анық. Міне, осыған байланысты бас қату мен шатасу басталады. Негізі өркениетті елдердің үлкен қалаларында көшелерге адамдардың есімі берілмейді, «№1 көше», «107 көше», «209 көше» деп нөмірленеді. Астанада да бар, осындай сан бо­йынша белгіленген көшелер. Мәселен, №187, №188 көшелер... Бұл құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қойыл­ған болуы керек. Дәл осы үрдісті жал­ғас­тыра берсек несі айып, несі сөкет? Ке­рісінше, өте ыңғайлы. Басқа да кө­шелер осылай нөмірленсе дұрыс емес пе? Көпшіліктің ішінен «Хандарымыз мен атақты адамдарды есте қалдыру үшін олардың есімдерін көшелерге беру керек» деп дау айтатындардың шығатыны сөзсіз. Бірақ, оларды есте қалдырудың басқа да жолдары мен мүмкіндіктері бар ғой. Ал көшенің атауы күндердің күнінде өзгеріп кетуі мүмкін. Сонда не болады? Мәселен, оң жағалаудағы Мирзоян көшесі Қаныш Сәтбаев көшесі болды, №70 көше Күйші Дина көшесіне ауыстырылды. Орынбор көшесі қазір Мәңгілік Ел көшесі. Сонда көшенің атауын ауыстыра бергеннен ұтарымыз қайсы? Мұның бәрі қосымша шығын екені кез келген адамға түсінікті. Шығыннан бұрын көшеге уақытша атау бергеннен не пайда? Осыны тиісті орындардың ойластырғаны дұрыс-ау. Оның үстіне, жасырып керегі не, кейбіреулер өздерінің аталары мен бабаларының атына көше беру үшін жанталасып, алашапқын болатынын көз көріп жүр. Елге еңбегі сіңбесе де, лайықты із қалдырмаса да көшеде аты-жөні жазылып тұрса болды деп ойлайды-ау шамасы. Осы ойын жүзеге асыру үшін шенді-шекпенділер мен билік басындағы ағаларын жағалайды. Сөйтіп, белгісіз адамдардың атына көше беріліп кететіні де жасырын емес. Сондықтан, мұны тоқтатудың бірден-бір жолы – нөмірлеу. Жоғарыда айттық, Астанада Күйші Дина көшесі бар. Осы көшенің атауы соңғы жеті-сегіз жылда екі-үш рет өзгерді. Дәулескер күйшінің атында көше болғаны дұрыс-ақ дейік. Бірақ, «күйші» сөзіне байланысты шатасатындар көп. Әсіресе, қазақ тілін жете түсінбейтіндердің «Куюши» тегі ме, есімі ме?» дегенін де естідік. «Дина Нұрпейісова көшесі» деп түсінікті етіп жазуға болмай ма? Әлде «Нұрпейісова атақты күйшінің тегі емес» деген пікір айтылды ма екен? Өйт­кені, осындай дерек бар. Анық-қанығын білмек оймен белгілі ғалым, фи­лология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлына хабарластық. «Күйші Дина көшесі» деген атау­ды өткізген Ақселеу Сейдім­бек ағамыз болатын. Мәскеуде «Ака­де­мик Королев» көшесі бар, біз де неге осындай тәртіпке көшпеске?» деп уәж айтып еді», деді Дихан Қам­за­бекұлы. Ақселеу ағамыздың да айт­қаны қисынды шығар. Бірақ, мем­лекеттік тілді түсінбейтіндер, тілін бұрап сөйлейтіндер «Күйші» сө­зін келеке, мазақ қылмасына кім кепіл?. «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының қойылымында осы мәселе көрсетілді. «Куши Дина» көшесін іздеп, тілін бұрап сөйлеп, шатысып жүрген кейіпкерді көрдік. Сондықтан, көшеге атау бергенде осыны да ескергеніміз жөн-ау. «Ұшқыш Гагарин көшесі», «Ақын Абай көшесі», «Батыр Бауыржан көшесі» деп айтпаймыз ғой. Көше дегеннен шығады, Астанада атауы қайталанатын көшелер де аз емес. Абай даңғылы бар. Абай қысқа көшесі бар. Абайдың 150 жылдығына берілген көше бар. Ұлы Абайға қанша көше берсек те артық емес шығар, бәлкім. Бірақ, астаналықтар мен елорда қонақтарын шатастырғаннан басқа мұның қандай пайдасы бар?!. Александар Затаевич көшесі бар, Александр Затаевич қысқа көшесі бар. Атбасар көшесі бар, Атбасар қысқа көшесі бар. Мұндай мысалдар көп. Сондықтан, тиісті мекемелер мен комиссиялар осының бәрін реттеуге мән берсе дұрыс болар еді. Өйткені, бұл ұсақ-түйек емес, бәрімізге ортақ, өте маңызды мәселе.