Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда елді демократияландыруды дамыту бағытына арналған Үндеу жолдады. Онда мәлім болғандай, алдағы уақытта еліміздегі бүгінге дейін Президенттің құзырында болып келген көптеген міндеттер Парламент пен Үкіметке, облыс әкімдіктеріне жүктелмек. Бұл заңды құзырет тараптарға бөлініп, билік тармақтарының жауапкершілігі артады деген сөз. Осының өзі еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғаннан кейінгі жиырма бес жылда жаңа сапалық биікке көтерілгенін көрсетеді. Енді, міне, Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауын жариялап отыр. Жолдауда еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани тұрғыда дамуын жалғастыруды қамтамасыз ететін бірнеше бағыт белгіленген. Соның ішінде, Қазақстанның жаһандық бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға жол ашатын бес негізгі басымдық көрсетілген. Солардың ішінде мен төртінші басымдық туралы ой бөліссем деймін. Адами капитал сапасын жақсарту маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Ел Конституциясында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деп жазылған мемлекет үшін адам капиталын жақсарту үлкен мақсат-міндеттердің біріне саналуы – заңды. Иә, адам факторы, адами капиталдың дамуы – Қазақстан үшін стратегиялық міндет. Сол үшін де Президент осы бағытқа инвестиция салуды, атап айтқанда, жалпы азаматтардың білім алуы мен денсаулығын жақсартуы үшін тиісті қаражат бөліп, екі саланы үздіксіз дамытып отыруды ұдайы назарда ұстап келеді. Республикалық бюджеттің 40 пайыздан астамы денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым салаларына бөлінетіні осы сөзіміздің айғағы. Азаматтардың білім сапасын арттырып, еңбекке жарамды тұлғалардың бәсекеге қабілетті сапалы маман болып қалыптасуына жол ашу үшін Елбасы, ең алдымен, білім беру жүйесінің өзгеруі керектігін айтты. Жолдауда бұл тұрғыда «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керек», делінген. Сонымен қатар, ІТ білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастырып, ұлтжандылықты дамытуға да зер салу қажеттігі ескерілген. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығына назар аударған Елбасы Жолдауда білім беруді жақсарту бағытында жұмыс жүргізгенде ауылдық мектептерге жете көңіл бөлінбей, тысқарылау қалып қоймауы қажеттігін атап көрсетеді. Ол үшін, әрине, еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын оқулықтар мен оқу бағдарламалары оңтайландырылып, қаладағы білім беру мекемелерімен қатар, ауыл мектептеріне де білімді, білікті мұғалімдер тартылуы қажет. Алдағы 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастамақ. Осыған байланысты Президент Үкіметке үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған. Бұдан шығатын қорытынды, балаларымызға шет тілдерін, соның ішінде ағылшын тілін қосымша оқытудың маңызы арта бермек. Бұл орайда, «бір тіл білу – бір адам болу, екі тіл білу – екі адам болу» деген қағиданы сапалы ұрпақ қалыптастыруда берік ұстанғанымыз артық болмасы аян. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», дейді Президент. Бұл Елбасының болашақта әрбір Қазақстан азаматы мемлекетті құраушы ұлт – қазақ халқының тілін біліп, өз елінің адал азаматы, ұлтжанды тұлғасы бола отырып, ағылшын тілімен, ғылым-біліммен қаруланып, халық сапасының жоғарылауына үлес қосса деген ниетін аңғартады. Сонымен қатар, орта кәсіптік және жоғары білім беретін оқу орындарының қызмет сапасын арттырып, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын одан әрі жетілдіру мәселесі қамтылған. Осы жұмыс барысында жұмыссыз немесе табысы аз, өзіне тиімсіз жұмыспен жан бағып жүрген азаматтарды жаңа кәсіптерге үйрету және экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындау мәселелерінің қатар шешілетіні қуантады. Қорыта айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы жаңғыруымыздың үшінші кезеңіне аяқ басқан елімізді дамытуға жарқын жол ашатын болады.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты