• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2017

Аталы сөз

414 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаевтың биыл­ғы Жолдауы елімізді үлкен өзгерістерге, түбегейлі жаң­ғыр­туға бастайтын, тілімізді тұғыр­лы, елдігімізді ғұмырлы ету­ге жол ашатын ерекше Жолдау болып табылады. Бүгінгі өзгерістерден аға буын өкілдері де сырт қалып отыр­ған жоқ. Осы орайда, тоқ­сан­ның төріндегі ел абыздары – академик ұстаздар Әбдуәлі ҚАЙДАР, Рәбиға СЫЗДЫҚ, Шора САРЫБАЙ және Серік ҚИРАБАЕВТЫҢ Жол­дау­­ға қатысты пікірлері жарияланып отыр. Әбдуәлі ҚАЙДАР, ҚР ҰҒА академигі: Біз – сонау ашар­шы­лықты, қуғын-сүр­гінді бастан өткер­ген, соғыс көр­ген ұр­пақ­­пыз. Бертін келе қоғам­­ның бір фор­ма­ция­­дан екін­ші форма­ция­ға ауыс­қаны­ның, бір ғасыр­дан атом­дық жаңа ғасырға көш­кенінің де куәгері болдық. Дүние адам танымастай өзгеріп, ұрпақ жаңару­да. Ширек ғасыр бұрын ежелден баба­лары­­мыз аңсаған тәуелсіздігімізге де қол жеткіз­дік. Азияда түркілердің қара шаңырағы – мемле­кеті­міздің іргесі қаланып, Көк туымыз желбіреді. Тыныштығымыз сақталып, еңсеміз көтеріліп келеді. Бұған, міне, тәубе дейміз! Бірақ, дүние дүрбелеңге толы. Әр жердегі мемлекеттік дүмпулермен қатар, бір елдің екінші мемлекетке озбырлықтарын да естіп, біліп жатырмыз. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің айрандай ұйып, тілін, мәдениетін сақтау арқылы бір адам­ның маңына топтасу, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығара отырып, ұлттығымызды сақтап қалу ең басты да мәнді мәселе екенін естен шы­ғармағанымыз жөн. Сондықтан да, Елбасы­ның Қазақстан халқына Жолдауы осы бірқа­лып­ты дамып келе жатқан Қазақстан мемле­кеті­нің одан әрі де өркендеп, көркейе түсуі үшін жасалып жатқан бағыт-бағдар – негізгі жоспардың бірі. Бұл Жолдаудың үлкен мәні де бар. Өйткені, Елбасы Н.Ә.Назарбаев президенттік биліктің біраз бөлігін Парламентке беру туралы өзінің ұсынысынан кейін өз Жолдауын жариялады. Еліміздің өркениетті елдермен тең дәрежеде болуы үшін демократиялық принциптерге бірден көшпей, бірте-бірте уақыт өте келе жалпы халықтық сипатқа ауысуы, халық арқылы елді басқару мүддесін көздеу, әрине, өте құптарлық іс. Міне, осы пікірлерді дәйектеп, оны баянды қылуда соңғы Жолдаудың маңызы зор. Елбасы­ның қазақ тіліне үстемдік беру туралы ой-пікірі де осы ойды нақтылай түскендей. Тіліміз аман болып, мәдениетіміз сақталса, біздің әлі талай белестерді бағындырарымыз сөзсіз. Рәбиға Сыздық, ҚР ҰҒА академигі: Елбасы Н.Ә.Назар­бае­в­­тың «Қазақ­стан­ның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсе­ке­ге қабілет­тілік» атты Қазақстан халқына Жол­дауында сөз болғандай, қазақ тілін сақтап, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлу туралы ойын толық құптаймыз. Президентіміз бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деп айтқандай, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тіл­мен бірге аталып келген халық та құриды. А.Бай­тұр­сынұлы айтқандай, сөзі жоғалған халық­тың өзі де жоғалады. Сол халықтың аты жойылады. Осы тұрғыдан келгенде, Н.Ә.Назарбаевтың «үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу, бұл мәселені тиянақты ойлап, ақылмен шешу керек» деген салиқалы тұжырымдары өте орынды деп білемін. Үш тілді меңгеру идеясы өте дұрыс. Бірақ үш тілдің біреуі ана тіл болуы керек. Ана тілі дүниені, әлемді тану үшін қызмет етуі керек. Алдымен ана тілін меңгеріп алған соң ғана кезең-кезеңмен басқа тілдерді үйрету керек. Бала бастауыш мектепте ана тілін меңгеріп, айналасын ана тілінде таныған соң, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай болады. Сондықтан, Елбасымыздың қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу керектігі туралы ойын елдің тағдыры, елдің ертеңі үшін алаңдаған, халқының қамын жеген Мемлекет басшысының көрегендігі деп білемін. Шора Сарыбай, ҚР ҰҒА академигі: Ел тұтқасын ұста­ған Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасын­да Әлихан Бөкей­хановтың 150 жылды­ғы ЮНЕСКО көлемін­де атап өтіліп, Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жыл­дығын, оның алдында Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығын, Алматы қаласының 1000 жылдығын бүкіл халық болып тойладық. Үстіміздегі жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығын да атап өтпек­піз. Қазақ үшін тер төгіп, еңбек еткен Алаш арыс­тарының аты-жөнінің алғашқы әріптерін көрсет­кенім үшін кезінде библиографиялық көр­сеткішімнің алғашқы томы «туралып» кет­ке­нін қалың көпшілік біледі. Бүгінде тәуел­сіздігіміздің арқасында Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Омаров, М.Жол­ды­баев, Б.Құлманов, Н.Құл­­жанова, Қ.Ба­сым­ұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шо­нанов, М.Мыр­за­ұлы, Б.Байтоғаев, т.б. көптеген Алаш зиялы­лары­ның еңбектерін кеңінен насихаттап, ғылы­ми айналымға енгізуге толық мүмкіндік алдық. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын­да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оқыту бағдарламаларын балалардың сыни ойлау қабілетін, өз бетімен іздену дағдыларын дамыту­ға бағыттау қажеттігін ескерте келіп, ұлт­жан­дылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін атап өтуі Президентіміздің елінің қамын жеп, халқын өрге сүйреуге ұмтылған сарабдал саясат иесі екенін тағы бір танытты. Президентіміздің білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айнал­дыру қажеттігі туралы ойы Ахмет Байтұр­сынұлының «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек! Бай болуға кәсіп керек! Күшті болуға бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген сөздерімен сабақтасып, орайласып жатқанын байқаймыз. Елбасының «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі бүгінде әр қазақтың жүрегіне ұялап, ұлттың ұранына айналды. Тәуелсіздігімізге тірек болар басты тұғырларды айқындаудағы Елбасы ұстаным­дарын әр кез назарда ұстайық!